Карантин кезінде отбасылық жанжалдар көбейген

0 77

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жалпы отбасылық кикілжіңдерді болдырмау мақсатында арнайы құрылым құру ұсынылды. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында бұл ұсынысты «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Ғалихан Куканбеков жеткізді. Шаһарда отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға арналған аталмыш отырыс­та бұл ұсынысты қала әкімінің бас инспекторы – әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Мөлдір Бөлебаева қоштады.

– Қалада отбасылық саясат мәселелерімен айналысатын жеке құрылым жоқ. Әкімдікте тиісті міндеттер Білім, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Ішкі саясат басқармалары арасында бөлінген. Осындай шашыраңқылық мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыруда белгілі бір қиындықтарды тудырып отыр, – дейді М.Бөлебаева.
Қазіргі кезде отбасылық жанжалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен реттеледі. Ғ.Куканбековтің пікірінше, онда тым жеңіл жаза қарастырылған. «Бұл құжатқа сәйкес отбасы мүшелерін ұрып-соққан адам 10 тәулікке қамалады немесе айыппұлмен құтылады. Меніңше, жазаны қатаңдату керек. Осындай жағдайлар Қылмыстық кодекспен қаралса, сонда жауапкершілік артады деп ойлаймын. Әйтпесе, көшеде немесе басқа жерде азаматтарға күш көрсетілсе, бұл іс Қылмыстық кодекске сәйкес қаралады да, отбасындағы тура осындай жағдай әкімшілік іс болып саналады» дейді ол.
Төтенше жағдай уақытында елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары 50 пайызға артқан. Бұл туралы айтқан Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова осы бағытта жасап жатқан жұмыстары туралы баяндады.
– Карантин кезінде отбасылық мәселелерді шешуде әжептәуір қиналдық. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді «Үміт» дағдарыс орталығына орналастыратын едік, мекеме карантинге жабылған соң, шарқ ұрдық та қалдық. «Қорғау Астана» қоры көмекке келіп, 13 әйелді бала-шағаларымен сонда орналастырдық. Бүгінгі таңда шаһарда отбасылық жанжалдарды шешумен тікелей айналысатын бірде-бір үкіметтік емес ұйым жоқ. Осындай ұйым қалаға өте қажет. Ол жерде психологтар, заңгер мамандар болуы керек. Қазір тұрмыстық жанжалдардың 90 пайызы алкогольді ішімдіктердің кесірінен орын алып жатыр. Қалған 10 пайызының себебі – қызғаныш, – дейді Г.Шрахметова.
Оның айтуынша, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер сенім телефонына хабарласқанда, күйеулерінің жұмысының жоқтығын, әлеуметтік жағдайдың төмендігін алға тартады. Бірақ барлық отбасылық жанжалдарға тұрмыстың төмендігі себеп болмай жатады. «Агрессорлар әлеуметтік жікке бөлінбейді» дейді ол.
– 2010 жылы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы-панасын аштық. Карантин кезінде 21 әйел мен 41 баланы қабылдадық. Соның ішінде 4 баланың қасында ересектер болған жоқ. Себебі ата-аналары ішіп кеткен немесе перзенттерін ұрып-соққан. Осы кезеңде бізге көп-көрім, әлеу­меттік жағдайы жақсы, ері мен әйелі жұмыс істейтін отбасылардағы әйелдер келіп түсті. Мысал үшін айтсам, ұлттық компания қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, әртүрлі мекемелердің мамандары. Жанжал себептерінің бірі – карантин уақытында жұбайлардың басы бір шаңырақта сы­йыспаған. Өзімнің ойымша, осындай отбасыларда бұрын да кикілжіңдер болған. Алайда карантин кезінде жағдай ушығып кеткен, – дейді «Қорғау Астана» қорының директоры Анна Рыль.
Мәслихат депутаты Мирас Шекеновтің пікірінше, отбасылық өмірге қатыс­ты барлық проблемалар гендерлік бюджеттеудің болмағандығынан шығып отыр. «Нұр-Сұлтан қаласында осыны енгізу бо­йынша қанатқақты жобаны бастау керек деп есептеймін. Мұны білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында немесе қала аудандарының бірінде бастасақ болады. Бұл механизм ер-азаматтардың да, әйелдердің де мүддесіне жұмыс істейді» дейді ол.
Оның әріптесі Қарақат Абден елорда әкімдігі жанынан Түркістан облысының үлгісімен отбасылық және гендерлік саясатпен айналысатын басқарма құру керектігін айтты. Тағы бір депутат Сергей Солодовников басқарманың орнына әкімдікке қарайтын гендерлік орталық ашуды ұсынды.
Қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Сәбиттің мәлімдеуінше, шаһарда отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге атсалысып жатқан белсенді ұйымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда үш есе артып, 44-ке жетті.
– Басқарма өз құзыретіне сәйкес азаматтық қоғамды дамытуға, соның ішінде үкіметтік емес ұйым­дар тиімділігін арттыру және рухани адамгершілік құндылықтарды іске асыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар қалыптастырып келеді. Осы ретте бізде үш жоба жұмыс жасап жатыр. Бұл – отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және гендерлік теңдік идея­сын дәріптеуге арналған жобалар. Мәселен, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы аясында «Сенім» татуластыру-медиация орталығы құрылды. Онда заңгерлер, тәжірибесі бар психологтар және медиаторлар жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы «Сенім» жобасы 10 отбасын татуластырып, арнайы бақылау алты ай мерзімі бойы жүргізілді, – деді А.Сәбит.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =