Карантин кезінде көмек көрсетіледі

0 35

Кешеден бері Нұр-Сұлтан қаласында барлық қоғамдық көліктерге тиісті шектеулер қойылды. Шаһар ішінде қатынайтын автобустардың, кәсіпорын мен мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.– Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының бұл шешімі қала тұрғындарының денсаулығын сақтау мен коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін қабылданды, – деген Б.Мәкен бұл жағдайда елорда әкімдігі қолға алып отырған шараларға тоқталды.
Біріншіден, қаланың медицина қызметкерлеріне барынша жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, қала стационарларында індетті жұқтыр­ған немесе олармен тікелей байланыста болған дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қонақ үйлер бөлінді. Қалалық штаб ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, «Сити транспортейшн системс» (CTS) компаниясы 50-ден астам көлік бөлді. Қаланың емханалары мен ауруханаларында жұмыс істейтін қызметкерлерге де тиісті арнайы көлік ұйымдастырылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес санитарлық-эпидемио­логиялық салаларда қазіргі күрделі жағдайда жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау пакеті бекітілді.
– № 2 қалалық емхана карантин уақытында тәулік бойғы жұмыс кестесіне көшті. Мұның базасында жедел респираторлық вирустық инфекциясы белгілері бар пациенттерге обсерваториялық емхана ұйым­дастырылды. ОРВИ белгілері бар пациенттерді тек қана №2 қалалық емхана қабылдайды. Емханада емделушілерге коронавирустық жұқпасына зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіледі, – деді қала басшысының орынбасары.
Қазіргі кезде қалада дезинфекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
– Тегін кепілді медициналық көмек көлемі аясында диспансерлік есепке алынған онкологиялық ауруларға шалдыққандар, жүкті әйелдер, жасы 65-тен асқан азаматтар беттұмшамен толығымен қамтылуда. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерде тіркелген тұрғындарды беттұмшамен қамту мақсатында «СК формация­мен» бірлесіп жұмыс істеп жатыр. 22 наурыздан бастап, 29 наурызға дейін қалада миллионнан астам беттұмша дәріханаларда сатылды. Бүгін тағы беттұмшалар келіп түсті. Олар «Евроаптека» дәріханалар желісі арқылы сатылады, – деді Б.Мәкен.
«Нұр Отан» партиясы Елбасының тапсырмасына сәйкес қалалық еріктілер штабымен бірлесіп, «Біргеміз» шарасы аясында 5 мыңнан астам отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Соның ішінде 3500-ден астам отбасыға, жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әлеу­меттік осал топтарға атаулы көмек көрсетуде.
– 25 наурыздан бастап елорда волонтерлері медицина қызметкерлерімен бірлесіп, диспансерлік есепте тұрған егде жастағы азаматтарға дәрі-дәрмекті үйлеріне жеткізуде. Карантин кезінде еріктілер «ҚазПоштамен» бірге зейнетақы алатын адамдарға ақшаларын үйлеріне жеткізеді. Мемлекет басшысы жұмыссыздықты болдырмау мақсатында тиісті тапсырмаларды берді. Бүгін қаламызда бұл жұмыс басталды. Жұмыссыз қалған азаматтардан жұмыспен қамту орталығына онлайн арқылы 300-ден астам өтініш түсті. Жұмыссыз қалғандарға төленетін өтемақы көлемі – 42 мың теңге. Ол бүгіннен бастап беріледі. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек уақытылы жеткізіліп жатыр. Қазір бір-бірімізді сынайтын емес, бірлігіміз сыналатын кезеңде тұрмыз. Күндіз-түні тыным таппай жүрген медицина қыз­меткерлеріне үйде отырып, көмектесейік, – деп түйіндеді сөзін Б.Мәкен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =