Карантин кезінде де жұмыс табылады

0 38

Тіпті карантин жағдайында да Нұр-Сұлтанда жұмыс табуға мүмкіндік бар. Оған елорданың Кәсіпкерлер палатасының мобильді жұмыспен қамту орталықтарының бос жұмыс орындары дәлел. Олардың карантин кезіндегі қызметі туралы біз Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат ЖҮНІСОВТЕН сұрап білдік. – Қазіргі таңда елордалық Кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» мобильді жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істей ме? Қашықтан қызмет көрсету форматына көшті ме?
– 2019 жылы шілде ­айында Нұр-Сұлтан қаласында жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың санын азайту мақсатында «Атамекен» мобильді жұмыспен қамту орталықтары ашылған болатын. Қала бойынша барлығы 8 мобильді орталық орналасқан: «Эталон» құрылыс базары, Теміржол вокзалы, «Ұлжан», «Сапар» базарлары, «Тұлпар», «Встреча», «Азия Парк» сауда орталықтарының жанында және Промышленный кентінде орналасқан.
Елімізде жарияланған ТЖ режиміне байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» мобильді жұмыспен қамту орталықтары қашықтан қызмет көрсету режиміне көшті. Шұғыл түрде өтініштер қабылдайтын «жедел желі» ашылды, сонымен қатар менеджерлердің байланыс телефондары @rabota.atameken Instagram парақшасында, Facebook әлеуметтік желілерінде және басқа да ақпараттық алаңдарда жарияланды.
– Елорда тұрғындары қазіргі уақытта – карантин кезінде жұмыс іздеп жүгіне ме?
– Иә, жүгінеді. Егер алғашқы кезде адамдар карантин режимінде қалай әрекет етуді білмесе, қазір олар біздің интернет-ресурстарымыз арқылы да, сондай-ақ мобильді орталықтардың менеджерлеріне тікелей хабарласып, белсенді түрде жұмыс іздеуде. Менеджерлердің байланыс телефондары қолжетімді, олар үнемі байланыста. Жұмысқа орналасу процесі қалай өтеді? Алдымен біз ізденушімен телефон арқылы алдын ала әңгімелесу өткіземіз, оның білім деңгейін, мамандығын және күтілетін ұстанымдарын анықтаймыз. Содан ке­йін бос жұмыс орындар базасында лайықты бос жұмыс орнын таңдаймыз, жұмыс берушімен байланысамыз, егер бос жұмыс орны әлі өзекті болса, онда ізденушіні жұмыс берушімен алғашқы байланысқа дейін бағыттаймыз, содан кейін соңғы нәтиже туралы кері байланыс күтеміз.
– Астаналықтарға бүгінде жұмысқа шығуға мүмкіндік беретін бос орындар көп пе?
– ТЖ кезінде Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы тұрақты негізде өзекті бос жұмыс орындарын жинау жұмыстарын жүргізеді. Бос жұмыс орындар базасы күн са­йын толықтырылады. Бүгінгі таңда «Атамекен» қолдау орталығының менеджерлері 498-ден астам бос жұмыс орнын анықтады. Аталған бос жұмыс орындары туралы ақпарат ашық түрде Instagram, Facebook және Telegram әлеуметтік желілерінде және басқа да онлайн-­алаңдарда ашық түрде жарияланды.
– Қазір қандай жұмыс берушілер шұғыл жұмыс іздеуде? Нұр-Сұлтан қаласында карантин кезінде қандай бос орындарға қажеттілік бар?
– Карантин кезеңінде құрылыс нысандарында, қаланың коммуналдық қызметтеріне жұмысшы мамандықтарына аса қажеттілік бар, сондай-ақ сауда саласында азық-түлік өнімдерін сатушы және медицина қызметкерлері қажет.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы @rabota.atameken Instagram парақшасында ірі кәсіп­орындары жұмыс берушілерімен өзекті бос жұмыс орындарын анықтау мақсатында онлайн-кездесулер ұйым­дастырады. 14 сәуірде біз «Астана-Зеленстрой» ЖШС-пен онлайн-әңгімелесу өткіздік. Аталған кәсіпорында қазіргі уақытта абаттандыру қызметіне және «жасыл» құрылыс қызметіне жұмыс мамандықтары бо­йынша 150-ден астам бос жұмыс орындары бар.
Сондай-ақ қалада күзетшілер, сатушы-кассирлер, техникалық қызметкерлер, жеткізу қызметіне курьерлер, тас қалаушы, медицина қызметкерлері, тігінші және т. б. мамандар қажет.
– Елорда Кәсіпкерлер палатасы мобильді жұмыспен қамту орталықтарының мамандары карантин кезінде қанша елордалық тұрғындарды жұмыспен қамтыды?
– Осы кезеңде мобильді жұмыспен қамту орталықтары 408 адамға жұмысқа орналасуға жолдама берді, оның ішінде 61 адам (медбикелер, сатушылар, кассирлер, жүргізушілер, әртүрлі жұмысшылар, жүк тиеушілер, менеджерлер, күзетшілер, мұғалімдер, аспаздар, тігінші және т. б.) жұмысқа орналастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =