Карантин кедергі болмады

0 86

Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша әлемде 10-орында тұр. 2019 жылы елімізде 917 мыңға жуық жұп некеге тұрса, жыл аяғына дейін ажырасу деңгейі 9,2 пайызға жеткен, яғни 45200 жұп ажырасқан. Ал 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 15 мың неке тіркелген.Некесін бұзуға ниет еткендерді карантин кезі де тоқтата алмапты. Карантиннің екі айында онлайн ажырасуға 311 өтініш келіп түскен. Мамандардың айтуынша, карантин кезінде ерлі-зайыптының бәрі бірдей онлайн ажыраса алмайды. Некені бұзуға тек балалары мен ортақ мал-мүлкі жоқ жұптар ғана өтініш бере алады екен. «Соттарда некелескендер мен ажырасқандар статистикасы басқаша болуы мүмкін. Менің меңзеп отырғаным: жоғарыдағы цифр қазіргі жағдайды дәл сипаттай алмайды. Ол тек онлайн өтініштердің саны ғана» деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай. Десек те статистика елімізде некеге тіркелгендердің санынан неке бұзушылардың басым екенін көрсетіп тұр. Оның бірден-бір себебі – баспананың жоқтығы, карантин кезіндегі қаражаттың жетіспеуі және 2 ай үйде отырған ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісінің салдары. Ал енді осыған дейінгі дерекке сүйенсек, көбіне тума-туыстардың, бауырларының араласуы жұбайлар ортасына жік салып, ажырасуға себеп болады екен: 61 пайыз – туыстарының араласуы; 41 пайыз – барлығына рұқсат ету; 36 пайыз – отбасылық құндылықтардың дағдарысы; 28 пайыз – эгоизм; 28 пайыз – әлеуметтік желілердің ықпалы.
Ал жұбайлардың ажырасуына себеп болатын материалдық жағдай тек 1 пайызды ғана көрсетіп отыр. Психологтардың бұл зерттеуімен заңгерлер келісе қоймайды. Өйткені күнделікті тәжірибеден көріп жүргендей, алдарына келген жұптың ажырасуына ең бірінші себеп – тұрмыстың қиындығы, жалақының жоқтығы, жұмыссыздық. Алайда жағымды жаңалық та жоқ емес, карантинге қарамай еліміздегі 1152 жұп отбасын құрған. Ең қызығы, карантин уақытында некеге тұрғандар саны ажырасумен салыстырғанда екі есеп көп. Отбасын құрмақ болған 1152 жұп онлайн өтініш беріпті. Қиын-қыс­тау заманда одақ құрған дәл осы жастар алғашқы сынақтан өтіп, некелеріне берік болады деген үмітте әлеуметтанушылар. Айта кетейік, Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысында отау көтеріп, отбасын құрған жұбайлар көбейіп келеді. Дегенмен статистика ажырасудың да аз еместігін көрсетеді. Мысалы, өткен жылы елордалық 4554 жұптың шаңырағының шырқы бұзылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + five =