Карантин бітсін десең, санитарлық тәртіпті сақта!

0 68

Екі ай бойы елді жайлаған коронавирус індетінің кесірінен елордада көптеген кәсіпорындар мен мекеме-ұжымдардың шаруасы шатқаяқтап, жұмыстары тоқтап қалды. Енді, міне, Үкімет төтенше жағдайдың күшін жойып, карантин шараларын ішінара жеңілдетуге көшті. Осыған орай, жергілікті құзырлы орган өкілдері қаланың базарлары мен бизнес нысандарының, сауда орталықтарының қалыпты жағдайда жұмыс істеу дайындығын тексерген болатын.– Біз СЭС органдарымен бірге карантинді жеңілдету аясында Орталық базар жұмысын қалпына келтіру дайындығын тексердік. Да­йындықтың деңгейі жоғары. Негізінде, барлық базарлар антисептикпен, беттұмшалармен қамтылған, логистика оңтайлы ұйым­дастырылған. Базар басшылығы санитарлық нормалардың сақталуын қатаң бақылап отыр. Карантин режимі толықтай алынып біткенше бақылау жалғаса беретін болады, – деді Нұр-Сұлтан қалалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев.
Орталық базардың басқарушы компаниясының директоры Атахан Абдіжәлеловтің айтуынша, саудагерлер мен базар қызметкерлері антисептик, қолғап, санитайзерлермен толық қамтамасыз етілген.
«Астаналық базар» жабық базарының әкімшісі Наталия Бириханова былай дейді:
– Біз базардың ашылу науқанына тыңғылықты дайындалдық. Әрбір бутикке антисептиктер қойғыздық. Еденді екі сағат сайын хлормен жуғызып тұрамыз. Сауда орындарында жалға алушылардың сақтық шараларын толықтай сақ­тауын қамтамасыз етуін қадағалаймыз. Егер беттұмшасы, арнайы қолғабы болмаса, оларды жұмыс орнына жібермейміз, – деді Н.Бириханова.
Карантин режимі жеңілдетілгенмен, әлі де толық алынбауына және кеселдің алда өршеленіп кету қаупі жойылмағандығына байланысты басқа да сауда-саттық нысандарында сақтық шаралары бұрынғысынша қатаң сақталуда.
– Біз барлық санитарлық нормаларды сақтап отырып ашылдық. Әр бутикте антисептик бар. Жалға алушылар жұмыс орындарына тек беттұмша, қолғап болған жағдайда ғана жіберіледі. Әйтпесе, жұмыс істеуге рұсат етілмейді. Сондай-ақ сауда орнының кіреберіс есіктерінің бәріне күзет қойылған. Күзетшілер беттұмша болмаса, келушілерді кіргізбейді, – деп өздеріндегі жағдаймен таныстырды «Сәлем» автобөлшектер сауда үйінің әкімшісі Айгүл Бекімова.
Қала тұрғыны Еркеғали Жанғалидың айтуынша, ол бұрындары демалыс күндерін пайдаланып, айына 1-2 рет Орталық базарға, «Шанхайға», болмаса шаһар сыртындағы басқа көтерме сауда орындарына барып, ас-суын, өзге керек-жарағын тиеп әкеліп алатын. Мұндайда өнімнің сапалысын әрі арзанын асықпай таңдаушы еді. Ал карантин режимі орнағалы базарлар жабылып, тауар тапшылығы сезілгенін және олардың күрт қымбаттағанын айтып шағымданды.
– Кейбір азық-түліктің бағасы 20-30 пайыздан бастап 2 есеге дейін өсті. Шетелден келетін импорттық тауардың тасымалы тоқтады, тіпті бір қаладан екінші қалаға зат кіргізу мүмкін болмай қалды ғой. Тек тағамның ғана емес, азық-түлік емес заттардың да құны соның әсерінен қымбаттап кетті. Енді карантин бітіп, шектеулер алынған соң, олардың бағасы бұрынғы қалпына келеді дегенге сенім жоқ. Тауар бір қымбаттаса, қайтып арзандамайтыны белгілі, – деп кейіс білдірді ол.
Гүлжәмила есімді апа жылда осындай мезгілде жеміс-көкөністер арзандап жататын, міне, жаз болды, бірақ олар биыл арзандамай тұр деп қынжылыс білдірді.
– Жазда көкөністер арзан болғанда өзіміз де, ­бала-шағамыз да витамин жеп, қарық болып қалатынбыз. Биыл қызанақтың, қиярдың бағасы 550-600 теңгеден, кей жерлерде тіпті 700 теңгеден түспейді. Азын-аулақ зейнетақыма оны қалай алып жейін? Мұның бәрі төтеннен келген әлгі зауалдың кесірі де. Басымыз аман, жұртымыз тыныш болғай, бұдан да құтылармыз, – деп апай сөзінің соңын үмітпен бітірді.
Дегенмен халық сақтандыру шараларын дұрыс сақтамаса, атқарушы билік карантин режимін қайтадан күшейтіп жіберуі де мүмкін. Бұл жай сөз емес. Өйткені астанада санитарлық норманы сақтамай жұмыс істеп тұрған бірқатар нысандардың жабылғанын естеріңізге сала кетейік. Олардың ішінде құрылыс компания­лары, азық-түліктік емес дүкендер, ас-суды жеткізіп беретін мейрамханалар, дәмханалар бар. «Бұл нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамайынша, қайтадан ашылмайды, – деген болатын Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова тілшілер қауымына айтқан бір сөзінде. – Індеттен келетін қауіпке жүрдім-бардым қарау­ға болмайды, адамдар барлық жерде беттұмша тағып жүруі керек. Егер санитарлық норма жаппай сақталынбаса, қала қайтадан қатаң карантин режиміне көшуі мүмкін. Сосын мұндай жеңілдік жасалмайды. Сондықтан қалалықтардың қалыпты өмірге қашан қайтып оралуы өздерінің қолында» деді бас дәрігер.
Қазіргі күні әкімдіктің ұтқыр тобы полициямен және эпидемиологиялық сала мамандарымен бірлесіп күн сайын санитарлық нормалардың сақталуы бойынша рейд жүргізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 20 =