Карантин 2 тамызға дейін ұзартылды

0 47

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша шаралар қаралды.– Қатаң карантиндік шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Аурудың таралу қарқыны тұрақталуда. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдадық, – деп Үкімет басшысы карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды. А.Мамин дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар екенін әрі үнемі толықтырылып отыратынын атап айтты. Бұл ретте оларды дәріхана желілері мен стационарларға нақты бөлу бойынша барлық шараларды қамтамасыз ету қажет.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезеңінде табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдадық. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі, – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы төтенше жағдай кезіндегідей, азаматтардың жекелеген санаттарына (бұл – 1 миллионнан астам адам) азық-түлік өнімдерін алуға ақшалай көмек беруді жалғастыруды, биыл үшінші тоқсанға атаулы әлеуметтік көмекті таға­йындауды қолда бар деректер негізінде (128 мыңға жуық отбасы) алдын ала жүргізуді, сондай-ақ мүгедектігін қайта куәландыру мерзімі карантин кезеңіне тап келген адамдардың (шамамен 30 мың адам) мүгедектігін үш айға автоматты түрде ұзартуды тапсырды.
Денсаулық сақтау министр­лігінің ұсынысы бойынша Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­ліктеріне және әкімдіктерге 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында орта білім беру ұйымдарының қашықтан оқытуға да­йындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ қажет болған жағдайда және бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, «кезекші» сыныптардың жұмысы қамтамасыз етілетін болады.
Әкімдіктерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құру санын ұлғайту жүктелді. Премьер-министр Мемлекет басшысы қойған міндеттердің барлығы нақты орындалуы тиіс екенін атап айтты. «Әрбір басшы олардың іске асырылуына жеке жауапты болады» деді А.Мамин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − thirteen =