«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Капитан Алмағанбетова

0 174

Көгілдір көктем мерекесі қарсаңында ісімен де, сөзімен де көпшілікке үлгі болып, ұжымының құрметіне бөленіп жүрген бес баланың анасы, полиция капитаны Алмагүл Алмағанбетова туралы бір үзік әңгіме өрбіткенді жөн көрдім.

Алмагүл жастайынан погон таққан жандарға қызығып өсті. Оның бала қиялы кей кездерде қиян­дарға шарықтап, сол аға, апаларымен бірге керемет бір жұрт таңдай қағатын іс тындырғысы да келетін. Сөйтіп, бой жетіп, алтын ұя мекте­бінен түлеп ұшқаннан кейін арман жетегінде жастайынан жаны сүйген мамандықты таңдады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факульте­тіне оқуға түсіп, оны 2008 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Ата-анасы адал еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы болып жүрген қарапайым жандар еді. Әкесі Жансерік те, анасы Дәметкен де қызының жүрек қалауына қарсы бола қойған жоқ. Алдына асқаралы мақсаттар қоя білген Алмагүл Жансерікқызы өзі туып-өскен қаласының бір кетігіне кірпіш болып қаланғысы келді. Тәжірибесінің аздығына қарамастан, жасөспірімдермен жұмыс істеуді таңдады. Сол университет қабырғасынан түлеп ұшқан бойда Сарыарқа ауданы Жергілікті полиция басқармасының аймақтық ювеналдық полиция инспекторы болып жұмысқа орналасты.
– Осы мамандықты таңдарда көп ойландым. Бала күнімнен жақын араласатын аға-апаларымның оқалы киім киіп, әрқашан сымдай тартылып, қызметте жүргені өте ұнайтын. Алғашқы өмір баспалдақтарын аттарда анамның оңашада айтқан ақыл-кеңес­тері, әсіресе, «қызым, бұл қыз­мет сенен аса табан­дылықты, төзімділік пен қажыр-қайратты та­лап етеді. Кей кездерде жеке өмірді ұмытып, қызме­тіңнің жауапкершілігін жан-жүрегіңмен сезіне білсең ғана алдыңа қойған үлкен талаптарды орындай аласың. Әркез уақытпен санаспай, отбасыңды да, балаларыңды да екінші орынға ысырып қоятын сәттер болады. Міне, осындай қиындық пен сынға төзе білсең ғана еңбегің жанады» деген сөздері жадымда жатталып қалыпты, – дейді ол.
Алмагүл отағасы Бағдат екеуі үш ұл, екі қыз тәр­бие­леп отырған ынтымағы жарасқан отбасы. Үлкен қызы Фатима – қаладағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ал Арсен мен Әнуар мектеп оқушысы болса, Арнұр мен Алина балабақшаға барады. Алмагүл бізге бос уақыттарында отбасы бірігіп, спортпен айналысатынын, олар өзі еңбек ететін ұжымның спорттық өміріне де белсене араласатынын мақтанышпен айтты.
– Маған қазір поли­тех­никалық және Қа­жы­мұқан атындағы спорт колледжінде жасөспірімдермен жұмыс істеу тап­сырылған. Әр істің өзіне тән қиындығы болатыны сөзсіз. Алайда жұмысыңды жақсы көрсең, жұбайың мен балаларың сені қолдап тұрса, бұл қиындықтарды оп-оңай жеңуге болады екен. Оның үстіне басшылық көпбалалы ана ретінде жан-жақты көмек көрсетіп тұрады, – дейді Жергілікті полиция қызметі Сарыарқа ауданы ювеналды полиция бөлімінің инспекторы, капитан Алмагүл Алмағанбетова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды