Қанымдағы жылқы иісі

0 184

IMG_5568

…Ілгеріде бір ат ізін салғанымыз бар еді.
Қардың көбесі сөгілмей тағы жол түсті.
Астанадан шығып, Қарағанды тас жолын бетке алып, көп ұзамай солға бұрылғанда «Балқарағай» менмұндалайды. Біздің құмартқанымыз – демалыс аймағы емес, жылқылары. Бас шаһар қазақтарының серуені мен сейіліне жарап тұрған қылқұйрықтылар. Көктем біздің де желігімізді қоздырып, асауды тақымдап, Арқаның самалды ауасын жұтқымыз келген. Иә, қанымызда жылқының иісі бар ғой жылқы тектеспіз, жылқы мінезді жұртпыз!

*  *  *

Мақтанамыз-ау… Белгілі ақын Серік
Ақ­сұңқарұлының «Арғымақтарын» ойы­ңызға алыңызшы:

«…Эпосы,
Эпопеясы қыраттарының
Тұяқтарымен жазылған пырақтарымның.
Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні,
Ата-бабамның сол еді қаламсаптары.
Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма,
Ұлытауымның сандық тас шоқыларына.
Мінеки, енді көз жасы тамып жатқаны,
XX ғасырдың топырағына…»

Жиырма бірінші ғасырдың топырағына да тамып жатыр дер едім. Өйткені, жаһанданудың жаңғырығы бізге де әлдеқашан жетіп, айылын ұстатпайтындай болған. Аттың орнын түрлі-түрлі көліктер басқан: ұшақ, пойыз, машина… Әрине, әлемдік дамудың көшінен қалмаған жақсы, қалуға да болмайды. Бірақ, қанымызда жылқының иісі бар ғой, жылқы мінезді, жылқы тектес қазақпыз. Қамыс құлақ, болат тұяқ қылқұйрықты жануарды көргенде, арқаланып, тақымымыз тыншымай, үзеңгіге аяқ салғанша асықпайтынымыз кемшін. Тас қаланың тіршілігі тынысымызды тарылтып, жүйкені жұқартқанда біз секілді «Балқарағайды» бетке алатындар да баршылық екен.

Рас, ауылдан алыстағалы қазақ атты да ұмытты. «Ауыл» дегенде ғана жер тарпыған асаулар еске түседі. Қуантатыны сол, соңғы жылдары қалталы қандастарымыз алып шаһарлардың іргесінде жылқы ұстауды әдетке айналдырды. Әйтеуір, осы үрдіс бұлыңғырлана бастаған қазынамызды бүгінмен қауыштыруда.

 

*  *  *

«…Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз?!»

Ақтамбердіні әндетіп біз де жеттік. Қа­рағайлы өңірдің қары қаладағыдай емес, әлі белуардан түспеген қалпы. Адам тұрмақ, ат омбылап, әзер алады аяғын.

Бірнеше қоражайдан аттардың кісінегені құмығып естіледі. Шеткері қоршалған алаңқайда білінер-білінбес қасқасы бар қара сәйгүлік жер тарпып тұр. Арагідік құйрығын көкке шаншып, ойнақ салады дейсің… Бізді қарсы алған ат үйретуші Медет Рысбеков әлгі қарагерді Нау­рыз мерекесіне орай өтетін аламан бәйгеге қосатындарын айтты.

Арғы қоршауда бітімі де, болмысы да бөлек, пошымы қазақы тұқымдас жылқыға келмейтін жануарлар жүр. Бірақ, шіркіндер сұлу, көз сүріндіреді! Ойымыз алдамапты, бұлар әзербайжанның поло ойыны үшін шетелден жеткізіліпті. Шамасы, сол ойынға үйретілген-ау.

 

*  *  *

Қалған жылқылардың бәрі дерлік қора­жайларда. Бас-аяғы он бір атбегі алпыс сәйгүліктің бабын жасап, жаратып, күтіп, күйін сақтайды екен. Манас пен Ғалымжан әр аттың мінезі, болмысы, тіпті, шабысы да бір-біріне ұқсай бермейтінін айтады. «Мұнда кілең жануардың жанын ұғатын, халін көзінен түсінетін жігіттер жиналған» дейді олар.

Бізге жол нұсқап, жылқылардың жай-күйімен таныстырып жүрген Медеттің айтуынша, алпыс аттың жетеуі – асыл тұқымды, таза қанды жүйріктер. Осы уақытқа дейінгі бәйгелерде иелерін жерге қаратпаған көрінеді. Қырық шақтысы мандатты, мансапты ағалардың жылқысы. Он бес-жиырмасы демалыс аймағына тиесілі. Бірақ, Жолдыбек, Жақсылық, Сержан, Елеу сияқты бағып-қағушыларымыз аттарды алаламайды. «Бәрін бірдей екі мезгіл жемдейміз, шөп береміз, суарамыз. Таңнан қара кешке дейін қаң­тарылып тұрмайды бұлай, далаға шығарып, бір шапқылатып аламыз, қалалық ағайындар келіп мінеді» дейді ол.

Атбегілер әр жылқының атауы бар екенін айтады. Мәселен, анау баһадүр Бауыржанның ақ тұлпарын еске түсіретін, еңсесі биік, денесі ірі – Ақбозат. Оның қасындағы Сұркөжек деп аталады. Жалы күзелген сары байтал – Сымбат. Мына биені иесі Шахризада дейді екен. Грека, Баронесса деген сәйгүліктер де бар. Бұлардың бәрі бір тұқымдас емес, ағыл­шынның таза қандысы да, оның қоста­найлық жылқылармен будандасқаны да, түрікменнің ақалтекесі де бар.

 

*  *  *

Біздің тізгіндегеніміз – күрең қасқа дөнен мен шұбар құнан. Жарауы келіскен қос ат та жер тарпып, ауыздығымен алысып тұр. Fнау-мынауға сауырын сипатпайтыны анық. Аттың жалында, ауылда өскен біздің өзіміз шұбардың басына әзер ие болсақ, күреңнен бір аунап түстік. Ауылдан ұзағалы тақымымыз да босап қалған сыңайлы. Ұяттау болса да, осы, асаулауын сұрап мінген өзіміз едік. Әйтеуір, үзеңгіге аяғымыз ілініп қалмай, аман қалдық…

«Ат үстінде серуендегісі келген қала­лықтарға жуас жануарларды ұсынуға тырысамыз. Жазық даланың саумал самалын жұтып, сергігенге не жетсін?! Келушілердің қуанып, көңілденіп қайтқанын көріп, өзіміз де өзгеше сезімнің күйіне енетініміз рас» дейді Медет. Оның сөзіне сенсек, атқа құмартқан қазақтар сенбі-жексенбі күндері көптеп келеді. Әсіресе, жазғы маусымда кезекке тұратын күндер аз емес.

*  *  *

Қалалық қандастарымызды жыл­қы­сымен қауыштыратын жалғыз «Бал­­қарағай» емес. Біздің білуімізше, Астананың іргесінде мұндай мекеннің бірнешеуі бар. Ақпанның соңын ала «Құлагер» ипподромының қыл­құй­рық­тыларын көріп қайтып едік. Лайым, алдағы уақыттарда сондай нысандардың көбейе түскені жақсы ғой.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − nine =