«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қандаладан қалай құтылуға болады?

1 41  462

Қандаланың негізгі тұқымдастары – су қандалалары, ескекшілер, төсек қандалалары болып бөлінеді екен. Ал Астанада көбіне төсек қандалалары кездесетін көрінеді. Бұл жәндіктер қалай пайда болады? Одан қаншалықты қауіп бар? Құтылу үшін қандай қам-қарекет жасау керек?

Қорегі – қан

Жалпы, қандалалар тура және ауыспалы мағынасында да адамның қанын ішеді. Олардың ең үлкені 5 мм-ге дейін жетеді екен. Қызғылт-қоңыр түстес келеді. Ал кішкентайлары қанмен қоректенген уақытта қызыл нүкте болып көрінеді деседі. Басқа жәндіктерден айырмашылығы қанатсыз және паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Бұлар жарты жылдан аса уақыт қорексіз тіршілік етуге қауқарлы. Мекені – үйдің іші. Яғни адамдар қай жерде болса, қандалалар да сонда. Көбіне жиһаздың қуыс-қуысы мен төсектің маңын торуылдайды. Күндіз адам көзіне көрінбеуге тырысады. Жорыққа түнде шы­ғады. Бәрі ұйқыда жатқанда қа­лаған адамын шағып, қарнын тойдырған соң өзі­нің тұрағына қайтады. Бұл – мамандардың айтуы.
Соңғы жылдары қалада қанда­ланың тұрғындарды мазалауы жиілемесе, азаймай тұрған көрінеді. Мысалы, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне тұрғындар өт­кен жылы 41 рет, биыл 32 рет шағымданыпты.

Қалай пайда болады?

«Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінеді» демекші, қандаланың қасында масаның мәселесі «айналайын» ба дерсің. Себебі масаның жайы көпшілікке белгілі. Жаз шықса, ызыңдап ығырыңды шығаратыны болмаса, қалай құтылуға болатыны белгілі. Оны ауылды жерлерде түтінмен қорқытса, қалада арнайы мамандар аулаларға дәрісін шашады. Сонымен іс бітті. Егер үйге кірсе, ызыңдап өзі-ақ белгі береді. Шақса да, ешқандай қорқыныш жоқ. Ал қандаланың жөні бөлек. Оның атын естісеңіз де, төбе шашыңыз тік тұрады. Ашылмаған құпиясы көп. Мамандардың айтуынша, бір қарағанда көзге ілінбейтін зиянкес жәндіктер адамның заттарымен келетін кө­рінеді. Сондықтан кө­шіп-қонғанда, басқа ай­мақтардан немесе шетелден саяхаттап келген кезде сөмке мен сыртқы киімді төргі бөлмеге шы­ғаруға асықпау керек екен. Өйткені сырттан ойда-жоқта тап болған қандала кез келген уа­қытта сізбен бірге үйге енуі мүмкін.
– Астанадағы пәтерлердің 60-70 пайызы жалға беріледі. Сонымен қатар қалада жеке­меншік жатақханалар мен уақыт­ша үй-жайлар да жетерлік. Пәтер жалдаушылардың көбі қандала көрсе, бірден басқа жаққа кө­шіп кетеді. Бірақ онымен мә­селе шешілмейді. Қандаладан бәрібір олай құтыла алмайды. Өйткені киім-кешегі мен көрпе-жастығында жәндіктің ұясы қалады. Қалада төсек қандаласы көп тараған, – дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас ­маманы Айбарша Дүйсенбай. – Жою жұмыстарын жүргізгенде қандалалар бір пәтерден екінші пәтерге саңылаулар, розетка­лар арқылы ауып кетуі мүм­кін. Қандаланы адамдар үй­ле­ріне іссапардан келгенде сөмкелерімен, сол сияқты қо­ғам­дық көліктерде киіміне жұқ­тырып әкеледі. Сонымен қатар базардан, дүкендерден киім-кешек, төсек жабдықтарын, жи­һаздарды сатып алғанда да қандалалардың жұмыртқалары немесе жәндіктердің өздері бірге еріп келуі мүмкін.

Қандай қауіп бар?

Жалпы, кез келген зиянкестің белгілі бір ауруды тасымалдайтыны белгілі. Бірақ қандаланың ауру туғызғаны туралы жағдай әзірге болмаған екен. Дегенмен олар демалғанда бөлініп шығатын көмірқышқыл газ арқылы адамды тез табатын көрінеді. Егер шақса, ұйқыны қашырып, күйзеліске ұшыратып, тіпті кейде адамның өз-өзіне қол жұмсауына итермелейді деседі. Онымен қоса, бұл жәндіктердің шағуынан дененің бөртуі, аллергияның пайда болуы байқалады. Маса сияқты емес, қандала шаққанда терінің бір жерінде тұрмай, «жол» жасап, сонымен орнын ауыстырады екен. Тіпті бір түнде 500 рет шағуы мүмкін.
– Қандаланың сілекейінде анестезирлеуші заттар бар. Сондықтан да шаққан кезде ауырмайды. Сонымен қатар олардың сілекейінде қанның ұюын болдырмайтын антикоагулянттар да кездеседі. Қансорушы елеусіз бол­ғандықтан, оның сорған қан тамшыларының іздері киімде қалады. Бұл жәндік шаққан жағдайда адам­ның жұмыс істеу қабілеті төмендейді, – дейді биолог Гүлжан Асылбекова.
Оның айтуынша, жәндіктер толық емес метаморфозбен дамиды. Аналығы тәулігіне 5 жұмыртқаға дейін қалдырса, 15 ай ішінде 250-ден 500 жұмыртқаға дейін көбейеді.
– Қандала адамды бай немесе кедей деп қарамайды. Оған бәрібір. Бұл зиянкестер жабысқан жерінен мүлде айырылмайды. Яғни қадалған жерінен қан алады. Одан құтылу да оңай емес. Тек киімді бірден ыстық суға жуу керек, содан соң үйге дезинцекция жұмыстарын жүргізу қажет. Басқа жолы жоқ, – дейді дезинцекция жасаумен айналысатын «ORKIN» компаниясының атқарушы директоры Сырым Бекмағанбетов.

Айбарша ДҮЙСЕНБАЙ,
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің
бас маманы:

– Қандалаларды адамдардың өз бетінше жоюы мүмкін емес. Олардың белгілі бір пәтерде бар екені анықталса, жою жұмыстарын жүргізу үшін бірден тиісті мамандарға жүгіну қажет. Ал дезинсекциялық шаралар барлық пәтерге жақын орналасқан бөлмелерде жүгізілуі керек. Бұл шараларды көрші пәтерлердің иелерімен бірлесіп жүргізген жөн. Химиялық жою кезінде барлық талаптар сақталса, бөлмені олардан толығымен арылтуда 100 пайыз нәтиже береді.

Гүлжан АСЫЛБЕКОВА, биолог:

– Қандалалар 50 мыңнан аса тұқымдастан құралған. Оның сан жағынан көбеюі, әсіресе жаз кезінде байқалады. Қыста жылы бөлмелерді мекендейді. Егер қандала олжасын таппаса, онда желдеткіш құрылғылары арқылы, жазда сыртқы үй қабырғалары арқылы мекенін тастап кетеді. Ересек қандала бір минутта 1,25 метр, ал дернәсілі 25 сантиметрге дейін жер бауырлап қозғала алады. Қандалалардың жинақталған орындарында дернәсілдерінің қалдықтары, экскременттер мен жұмыртқаларының қалдықтарының күңгірт дақтары байқалады. Жалпы, қандалалар температураның өзгеруін өте қолайсыз қабылдайды. Мысалы, −15 градус температурада 1 тәулік өмір сүрсе, ал +49 градустан жоғары болса, қандалалар өледі. Төсек қандалалары адамдарға әртүрлі инфекциялық ауруларды жұқтырып, таратуы мүмкін.

Сырым БЕКМАҒАНБЕТОВ,
зиянкестермен кешенді күрес жүргізетін «ORKIN» компаниясының
атқарушы директоры:

– Мемлекеттен мемлекетке, қаладан қалаға, пәтерден пәтерге адамдармен бірге көшіп-қонатын қандаланың бір-ақ түрі бар. Қандаланы тарататын адамдардың өздері. Сондықтан басқа қалаға, тіпті шетелге барғанда қонатын орынды алдын-ала тексеріп шыққан жөн. Содан соң барып, киімдерді орналастыру қажет. Қандаламен күрес жүргізуде бастысы оларды уақытында байқай білу керек. Төсекте қандаланың яки қанның ізі қалады. Немесе хитин, яғни барлық жәндіктердегі сияқты сыртқы қабықшасын тастағанынан байқауға болады. Тіпті болмаса шаққанынан көру керек. Бірақ кейде дәл қай жәндіктің шаққандығы анық байқал­майды. Жалпы, құтылу үшін кешенді күрес шараларын жасау қажет. Ал қай істе болмасын кәсіби мамандардың айналысқаны дұрыс. Өйткені міндетті түрде дезинсекцияны да дұрыс жүргізу керек. Егер дұрыс жүргізілмесе, қандалалар орын ауыстырып, перделердің астына, сол сияқты басқа да қуыстарға орын ауыстыруы мүмкін. Күрес жүргізудің әртүрлі тәсілдері бар. Мысалы, біз зиянкестермен күрес жүргізу барысында адам денсаулығына зияны тимейтін, тек жәндіктерді жоюға арналған сапалы дәрілерді қолданамыз. Егер белгілі бір пәтерден қандаланың бар екені расталса, онда күрес жүргізілмейінше, сол бөлмедегі заттарды сыртқа шығармай, киім-кешектерді 60 градус ыстықта жуу керек. Ал жиһаз, еден сияқты жууға келмейтін заттарға дәрілер пайдаланылады.

  1. Ай :

    Салеметсизбе! Бизде де сол жагдай! Кутыл алмадык! Ол дарини кайдан жане каншага алуга болады? Ол дарини шашканнан кейн канша уакыт уйде болмай керек??? 87475984887 толык акпарат берсениз?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды