Камерадан қандай пайда бар?

Пәтер ұрлығын ­азайтуға оның септігі тие ме?

0 14

Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көліктерде «қалта ұрыларына абай болыңыздар» деген ескертпе берілгенде барып көп адамның сөмкесінің аузын жауып, қалтасын қарманып телефонын түгендеп жатқанын байқайсың, біздің адамдар әлі де бейқам көрінеді. Қалта ұрыларының адымын шектеу мақсатында олардың суреттері сол қоғамдық көліктердің кіреберісіне де ілінген еді, бірақ олардың көбінің беті сызылған не ойылып қалған, соған қарағанда ұрылар әлі де автобусқа бізбен бірге мініп-түсіп жүрген болуы керек.Пәтер ұрлығының үлесі – 22 пайыз

Елорданың шеткі ауылдарында жеке үйлерде тұратындар өздері үйде жоқта теледидар, алтын бұ­йымдарының жиі қолды болатыны туралы жиі шағымданады. Тіпті бірінде үй иесі әйел бір бөлмесінде тамақ әзірлеп жатқанда, ардан безген ұрылар ашық тұрған терезеден еніп, келесі бөлмедегі теледидарды көтеріп кетіпті. Қарапайым адамдар сол теледидар, телефонды несиеге алып, соны төлеу үшін қанша тер төгіп жатқанын ойласаң, обал-ай дейсің.
Біз ұрлықты алғаш жасаған адамның төрт саусағын, екінші қайталаса сол аяғының табанының жартысын шауып, тіпті қоймаса ел алдында дарға асып жазалайтын Иран емеспіз, кейде ұрыны халық алдына шығарып атып тастайтын Солтүстік Корея заңы да біз үшін тым қатал, ұрлық жасаған адамның қолын кесетін Нигерияның тәсілі де тым жабайылық көрінер еді. Бірақ дамып кеткен Жапония да бір кезде ұрылардың қолын кескен, соның нәтижесі ме, бүгінде бұл ел үйлерін, көліктерін кілттемей жүре беретін елге айналған. Біздің елде ұрлық көп, оның ішінде пәтер ұрлығының үлесі 22,5 пайызды құрайды. Ұрлықтың кесірінен азаматтар қауіпсіздік пен жайлы өмірді сезіне алмайды.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Н.Рахметуллаевтың айтуынша, криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы 4 жылда республика бойынша пәтер ұрлығы үштен бір бөлікке төмендеген. Айталық, соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша 30 мыңға жуық пәтер ұрлығы тіркелген болса, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,5 па­йызға төмен, мұндағы қылмыстың жартысы ашылмай қалған, 6733 қылмыскер ұсталған. Оның ішінде жалпы саны 150 адамнан тұратын 43 қылмыстық топ ұсталған.

Ұрылар шеткі аймаққа үйірсек

– Нұр-Сұлтан қаласына әр ай­мақ­­тан келген «ұры-гастролерден» тұратын, бұған дейін 50 пәтер ұрлығын жасаған 9 қылмыс­тық топтың қылмыстық әрекеті тоқтатылды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында, арасында бойжеткен қыз да бар, 4 адамнан тұратын топ ұсталған. Олар бірыңғай «шет жатқан» аудандарда қимылдаған. Маңдайшасы бар үйлерді таңдап, соған шығып, ашық тұрған желкөздер арқылы немесе пластик терезелерді ығыстырумен пәтерге енген. Осы орайда қыз бен жігіт ғашық жұптың рөлін ойнаған және сақтық үшін кіреберіс­те тұрған. Олардың 12 пәтер ұрлығын жасағаны дәлелденген. Олар елеусіз болу мақсатында Ильинка сияқты қаланың шет жағындағы кенттерге барып және пәтер иелерінің үйден шығып кеткен уақытын аңдыған. Олар қылмыс жасайтын орынға дейін қалалық автобуспен жетіп отырған. Коттедждер мен жеке үйлерде 10 ұрлық жасалғаны дәлелденген. Ұсталғандардың жалпы санынан бөлек 12 қылмыскер ТМД елдерінің азаматтары болып шықты, – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Н.Рахметуллаев.
Кейбір ТМД елдері заңды күшейту арқылы ұрлықты азайтты. Бізде де заңды күшейтуге болмай ма деген сұрақ көкейде тұр. Мысалы, Өзбекстанда ұрлық ауыр қылмыс саналатындықтан, қайталама ұрлыққа 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бізде де ІІМ бірнеше мәрте ұрлық жасауды ауыр қылмыстар санатына жатқызуды көздейтін (ҚК бір бабымен көзделген екі немесе одан астам әрекетті жасау) заңға тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық етті. Яғни 6733 қылмыскердің 4120-сы қайталама ұрлық жасағаны үшін қоғамнан алшақтатылған, енді олардың жәбірленуші тараппен мәмілеге келу және әділ жазадан құтылуға мүмкіндігі жоқ.

Енді ломбард тонау оңай емес

Көбіне ұрылардың көз құрты болатын дүниелер зергерлік бұ­йымдар, тері бұйымдары, түрлі аппаратура, яғни өзімен бірге алып шығуға және өткізуге болатын заттар екен. ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев осы себепті Ішкі істер министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп ломбардтардың қызметін ұйымдастыру қағидаларын әзірлеп, бекіткенін айтады. Мұнда ломбардта заттарды сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша талаптарды анықтау және ломбард жай­ларын техникалық бекемдеу мәсе­лелері, ломбардтарда заңсыз табылған заттарды анықтауға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар көрсетілген. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ломбардтық ұйымдар микро­несиелеу ұйымдарына жататын болды. Осы қағидаларға сай ломбардтар несие бюросына барлық кепілдік мүлік туралы мәлімет беруге міндетті, ал полиция бөлімшелерінің жымқырылған мүлікпен қойылған кепіл нысанын тексеру үшін осы бюроға қолжетімділігі болады. Полицияның аймақтық департаменттері жергілікті атқару органдарымен бейнебақылау жү­йелерін кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде.

Бейнебақылау жетерлік, бірақ ұрылар қалғымайды

Өткен жылдың аяғында бизнес класты тұрғын үй кешенінен өрт қауіпсіздігі шлангалары ұрланған, кейін BI Group компаниясы ол ұрыны тапты, ал қарапайым үйлерде ұры табылмай да кетуі мүмкін еді, өйткені қанша жерден бейнебақылау қойсаң да, оған ұрылар айылын жия бермейді, осы орайда біздегі аяқ бассаң алдыңнан шығатын бейнебақылаулардың көмегі қаншалықты деген сұрақ туады. ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде елімізде 60 мыңнан астам бейнебақылау камералары, оның ішінде 6 мың ЖБО бейнебақылау жүйелері, «Қауіпсіз аула» бағдарламасының аясында орнатылған 55 мың және тұрғындардың бастамасымен орнатылған 15 мың бейнебақылау камералары бар. Бейнекамералармен 13 мыңнан астам аула, 17 мыңнан астам тұр­ғын үй қамтылған. Дегенмен, ұрылар «ұрлық жасау қиындап кетті» деп кәсіптерін тастап кетіп жатпағандай, олар да заманына қарай дамиды, өз дағдыларын, тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Зама­науи техниканы, ұялы байланысты пайдаланатын, есіктер мен құлыптарды ашуға арнайы бейімделген құралдар жасайтын ұрылардан қулық артылар емес.

Басқа пәле әлеуметтік желіден

ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқармасының бас­тығы, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаевтың айтуынша, зама­науи ұрылар әлеуметтік желілерді де белсенді пайдаланады екен. «Көбіне көп үйіне ұры түсуіне азаматтардың өздерінің де кінәсі бар, айталық, кез келген адамның әлеуметтік желілерде шын мәнінде білмейтін «достары» көп, адамдар ол жерге көп ақпарат салады, мысалы «желтоқсанның 15-інен 17-сіне де­йін отбасыммен Бурабайға кетемін», «31 тамызда әйеліммен Түркияға ұшып бара жатырмын», «Теңізге де жеттім ғой!» немесе шет елде не қаланың сыртында жүргені туралы онлайн бейнежазба немесе сурет­терді шығарады. Осы деректер қаскүнемдерге белгілі бір уақытқа тұрғын үйдің қараусыз қалатыны туралы ақпарат береді» дейді ол.
Осыдан 5-6 жыл бұрын Сауран көшесіндегі тұрғын үйде болған жағдайды естігеніміз бар, қатар тұрған үш пәтердің бірінде күндізгі уақытта жүк мәшинесі келіп, заттар тиеле бастайды. Көршісін жыға танымайтындар «мына көрші көшіп жатыр екен ғой» деп ойлайды да, мән бермейді. Екі күннен соң өздерінің есігін полиция қағып, жауап алғанда барып көршінің үйін үптеп кеткенін біледі. Сондықтан көршілерді танып, араласқан дұрыс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды