«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Калмыковтың картиналары елордаға келді

0 20

Жақында «Мәскеу» бизнес орталығында «Сергей Калмыковтың ерекше әлемі» атты көрме ашылды. Экспозиция көрнекті суретшінің туғанына 130 жыл толуына және Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

278339909_354907910013258_5408022816857090040_n

Сергей Калмыков 1935 жылы сол кезде ашылуына көп бола қоймаған музыкалық опера және балет театрының шақыруымен Орынбордан Алматы қаласына көшіп келді. Қылқалам шебері қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында табан аудармастан отыз жылға жуық жұмыс істеді. Өнер ошағындағы көптеген декорациялар жасап, қойылымдарға суреттерді салды. 1962 жылы зейнетке шықты. 1967 жылы қайтыс болғаннан кейін оның картиналары Орталық мемлекеттік мұрағат пен Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қорына алынды.

Суретшінің мұрасы әртүрлі форматтағы 2 мың туындымен өлшенеді. Соның 1100-і – Ә.Қастеев мұражайында. Бұған қоса, Мәскеу мен Санкт-Петербург мұражайларында, Ресейде, Қазақстанда, АҚШ пен Еуропада жеке коллекцияда. Сергей Калмыков күнделік те жүргізетін. Елордада ашылған көрмеден оның картиналарымен қатар күнделіктегі жазбаларымен де танысуға болады. Бір атап өтерлігі, белгілі жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова «Сен» атты пьесасын Сергей Калмыковқа арнады.

Қылқалам шебері Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Өзінен кейінгі суретшілерге де ықпалын тигізді. Көрменің ашылуында сол туралы айтылды. Сондай-ақ Калмыковтың картиналарымен қатар Мария Дроздова (Қазақстан), Ольга Дитте (Украина-Франция), «Культпросвет» арт-тобы (Ресей-Қазақстан) суреттері қойылды. Аталмыш көрмені 28 мамырға дейін тамашалауға болады. Ал 23 сәуір күні Венецияда La Biennale di Venezia атты замануи өнер кеңістігінде ерекше орын алатын халықаралық көрме ашылады. Сондағы Қазақстан павильоны Сергей Калмыков шығармашылығына арналады.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды