«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәкімбек ақын ұлықталған күн

0 41

Кеше елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Жезкиік» ақын атанып, шығармашылық пен лауазымды мемлекеттік қызметті ұштастырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толуына арналған шаралар легі өтті.

DSC_6555

Алдымен тұғырлы тұлға он жылдан астам уақыт тұрған Бөгенбай батыр даңғылы, 36 а мекенжайындағы үйіне ескерткіш-тақта орнатылып, «Астана» концерт залында өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін фотосуреттер мен кітаптар көрмесі, «Жезкиік» атты концерт ұйымдастырылды.

Ескерткіш-тақтаны ашу салтанатын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов пен ақынның қызы Майра Кәкімбекқызы атқарды.

– Елордамыздың төрінде қазақ халқының маңдайына біткен асыл перзенттерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықовқа арналған ескерткіш-тақтаның ашылуымен бәріңізді құттықтаймыз. Кәкімбек Салықовтың арман, мақсат, тілектері, ұстанымдары мен мұраттары айқын еді. Ол өз ұлтының рухани мол мұрасындағы жақсылықтар мен адамгершілік қасиеттерді сүйсіне жырлады. Кәкімбек Салықов – өмірде өнегелі із қалдырған ақиық ақын. Кәкімбек ағамыздың өмір жолы Отанды сүюдің, оған аянбай еңбек етудің үлгісі. Ақынның құрметіне ескерткіш-тақтаның ашылуы ұрпақтың сол кісіге деген шынайы ризашылығы мен зор құрметі, – деді Ермек Қизатов.

Тұлға – елге ортақ. Кәкімбек Салықовты еліміздің үш облысы туған перзенті деп есептейді. Осы өңірлер елордаға ұлдарын ұлықтау шарасына өз өкілдерін аттандырды. Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын оның орынбасары Ғани Нығметов оқып берді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің сәлемін орынбасары Ербол Әліқұлов, Ақмола облысының басшысы Ермек Маржықпаевтың лебізін облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан жеткізді.

Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев Кәкімбек Салықов Есіл-Көкше өңірінің, одан қалды бүкіл қазақ даласының жезкиігі атанғанын айта келе, Көкшетау Кәкімбек ақынның атымен де асқақ екенін айтты.

– Ағамыз біздің көңілімізде, біздің жүрегімізде Оқжетпестің биігі болып қашан да асқақтап тұрады. Кәкімбек ағамыздың поэзиясының өзі әнге сұранып тұратын. Шынайы көңілден, таза жүректен, адал көңілден, адал ниет­тен, тереңде шымырлап жатқан бұлақтан шыққан өлеңдерінің өзі ән болатын, – деді Жабал Ерғалиев.

Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай Кәкімбек ­Салықовтың қасына 15-16 жасынан еріп, шәкірті, бауыры болғанын айтты. Ақын ағасы өмірден озғанда жазған жырын оқып берді.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров көрнекті тұлғаға ескерткіш-тақтаны орнату тек Кәкімбек Салықовтың ұрпағының ғана емес, бүкіл халықтың ойында жүргенін, сол сәтті жүзеге асқанын айтты.

– Кәкімбек ағамыздың есімі қазақта мәңгілік қалады. Неге десеңіздер, адамгершілік поэзия арқылы шығады. Ағаның адамгершілігі поэзиясынан анық көрінеді. Мен бұл кісімен 1991 жылы Мәскеу қаласында танысып едім. Сол кезде осы қалада бірінші рет Наурыз мерекесі тойланды. Оған Қазақстаннан бір топ белгілі адамдар болды. Соның ішінде Кәкімбек Салықов болды. Сол кезден бастап араластық, бір-бірімізге сырларымызды айттық. Қазақстан қандай болуы керек, қай жолмен өркендеу керек дегенде, осы кісілердің істеген істерін еске алу керек. Бұл кісі – ұлттың атқамінер азаматтарына үлгі, – деді Тоқтар Әубәкіров.

Мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов Кәкімбек ­Салықов зиялы қауымның арасында алғашқылардың бірі болып елордаға қоныс аударғанын айта келе, бас қалада шығармашылығына шабыт бергенін, ақын астана жыршысына айналғанын айтып өтті.

Тұлғаның туысқандары атынан сөз алған бауыры Зараф пен қызы Майра Кәкімбекқызы ақынды ұлықтау шарасына қатысушыларға, соның ішінде қолдау көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне алғыс айтты.

Ескерткіш-тақтаның авторы – Ресейдің талантты мүсіншісі Денис Мельников. Кәкімбек Салықов пен көрнекті композитор, КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев елордада бір үйде көрші тұрды. Екеуі өмірде дос, пікірлес, сырлас болды. Кәкімбек Салықов Еркеғали Рахмадиевке поэма да арнады. Ескерткіш-тақталары да қатар ілінді. Майра Кәкімбекқызы қос тұлғаның жылы қарым-қатынасын еске алды.

Заңдылық дейміз бе, сәйкестік дейміз бе, Кәкімбек Салықовтың ұлықтау шаралары Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармониясына қарайтын «Астана» концерт залында өтті. Осында Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Қазақ поэзиясының жезкиігі» атты кітаптар көрмесін, ал филармония фотосуреттер көрмесі мен «Жезкиік» концертін ұйымдастырды.

Кәкімбек Салықов ақын ғана емес, композитор да еді. Оның өлеңдеріне жазылған «Аққу жеткен», «Сарыарқа», «Саумалкөл», т.б. әндерді және авторлық туындыларын Қазақстан және Татарстанның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Айгүл Қосанова, Арайлым Рахымқызы, Бибігүл Жанұзақ, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Аманжолова, Алтынбек Арыстанбек, Әйгерім Ораз, Талғат Аллаберинов, Алтынбек Әбілда, Жандос Иманбай, Сәулежан Тағзия, Данияр Мұқан, Жақсыгелді Маясаров, Берік Омаров, Бауыржан Нұрмұханов, т.б. әншілер шырқалады.

Концертте «Шалқыма» халық би ансамблі, арнайы шақырылған әртістер өнер көрсетті. Кешке филармонияның қазақ оркестрі, камералық хоры атсалысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды