Кәсіпкер белесі

Ақсуат ауданының Екпін ауылындағы «Ақбәдеш» шаруа қожалығының төрағасы, ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болған, өткен жылы шаруа қожалығының жиырма жылдығын атап өткен Дастан Рахымбаев қайырымдылық істерімен айналысып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген азамат. 2026 жылдың қаңтар айында туған елге ат басын бұрып Барқытбелдің теріскейіндегі Ақсуат ауданына іссапарда барғанда Дастан Қожаханұлымен жүздескен болатынбыз.
«АҚБӘДЕШ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ
Дастан қарапайым, көп балалы жанұядан шыққан. Әкесі — Қожақан қарапайым еңбек адамы, ал анасы Бәдерикамал мектепте шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етті. Өзі де сөзге ұста, экономиканың қыр-сырын жетік меңгерген, есеп-қисапқа жүйрік азамат. Әңгіме барысында «Түрлі жұмыстарды атқарып, нарық келіп, заман тарылған кезде қол қусырып отырмай, еңбек етуге кіріскен. 1998 жылы «Ақбәдеш» сауда дүкенін ашып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысқан. Соның нәтижесінде 2005 жылдан «Ақбәдеш» шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығымен айналысып, қазақтың ақ бас сиырын өсіре бастады. Дастан 2010 жылы «Ақбәдеш» ауыл шаруашылық тұтыну кооперативін құрып, кооператив төрағасы болып сайланды. Сол жылдың өзінде мал сою алаңы мен техникалық қызмет көрсету орталығын іске қосты. Сол жылдары аудан әкімі Ділдабек Оразбаев аудандағы шаруа қожалықтарын құрған азаматтарға мемлекеттің қолдауымен лизингіге комбайн, трактор, шөп шабатын техникалармен қамтамасыз етті. Қазір 1000-нан астам ірі қара, екі мыңнан астам ұсақ малды игерген. Қазіргі аудан әкімі Ерсін Ескендіровке ауылдастар дән риза, ол кісі келген сайын мал басын асылдандыру, бордақыға мал байлау жөнінде ақыл-кеңес береді. Дастан ірі қара малымен қоса, Ақсуатта алғашқылардың бірі болып 1000 бас тауық өсіретін ферманы құрған кәсіпкер. 2012 жылы 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Осы кезге дейін Екпін ауылында, бір — 100 бастық, бір — 200 бастық, бір — 150 бастық және бір бордақылау алаңдары ашылған болатын. Амалың тапсаң, пайдаға кенеледі екенсің, мал бордақылау өте тиімді тәсіл, — дейді кәсіпкер. Қазіргі Ақсуат бұрынғы Тарбағатай ауданы Шығыс Қазақстан облысына қарап тұрған жылдары облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев көшпелі облыстық семинарды да екі мәрте осы «Ақбәдеш» шаруа қожалығында өткізіпті. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы шаруа қожалықтары ұжымының кештерін және мерекелік іс-шараларын белсенді ұйымдастыру жұмыстарымен де көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Ақсуат ауданының іскер азаматтары арасында
Сонымен қатар Дастан ауыл шаруашылық өнімдерімен Астана қаласындағы облыс күндерінде, сондай-ақ Өскемен, Семей қалаларын арзан бағамен сатумен қамтамасыз етіп келеді. 2012 жылдан бастап Қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен, оны республикалық көлемде насихаттаумен айналысады. Былтыр қожалықтың 15 жылдығын атап өткен іскер азамат. Құрылған күннен бастап бірге қызмет етіп келе жатқан жерлес азаматтары туралы жылы лебізін білдірді. Дастанның қожалық үйіндегі қызмет кабинетінде қожалық құрылғаннан бергі қол жеткізген табыстары, өсіп-өркендеуінен сыр шертетін фотосуреттер мен кітаптары тұр. «EXPO-2017», «Қазақстанның құрметті азаматтары» атты энциклопедиясына Дастан Қожаханұлы енгізілген. 2021 жылы өз өңірінің экономикасын өркендетуге сүбелі өз үлесін қосып жүрген ел азаматтары қатарынан табылып, Дастанның еңбегі бағаланып оның есімі мен «Ақбәдеш» шаруа қожалығы деген көлемді мақала «Қазақстанның Алтын кітабынан» орын алған.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» дипломы, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, «Үздік шаруа қожалығы», «Қазақстан Республикасының мерекелік медальдары» мен 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен республикалық байқауға қатысып, «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» орденімен, басқа да марапаттар ауыл шаруашылығы саласының майталманы Дастан Қожаханұлының ұзақ жылғы қызметіне көрсетілген құрмет болса керек.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУШЫСЫ
Дастан Рахымбаев бүгінде қайырымдылық қорының белсенді қатысушысы ретінде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, ауылды өркендету жолындағы көптеген іс-шараларға демеушілік етеді. Салауатты өмір салтын ұстанады, спортқа ынтасы зор, республикалық, облыстық, аудандық жарыстарға үнемі демеуші болып отырады. «Туған елге тағзым» — акциясы негізінде жеке меншігіндегі жылжымайтын мүлік нысаны Ақсуат ауылы Абылайхан көшесіндегі №13 үйдегі жалпы көлемі 621,3 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратты «Нұр Отан» қазіргі «Аманат» партиясына сыйға тартқан. Екпін ауылындағы «Ысқақ Кәбеков» атындағы орта мектептің информатика кабинетін толықтай өз қаражатымен жабдықтап, анасы Бадерикамал Солтанғазинаның есімі берілді. Ауылдың көгалдандыру жұмыстарына өзінің үлесін қосып келеді. Аудандағы Алшынғазы Байқыдыров атындағы музыка мектебіне демеушілік етеді.
Екпін ауылының тумасы, белгілі балуан Данияр Сайдахметовты қамқорлығына алып, Семей қаласындағы олимпиадалық резервтер даярлайтын колледжде (кейін Ж.Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясы болып құрылған) ақылы оқытып, дипломын алуға жәрдем берді. Данияр қазір Екпін ауылында жаттықтырушы болып қызмет етеді. Оның күрес өнеріне баулыған оқушылары Азиялық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы атанып жүр. Атап айтқанда, Сабыржан Мақсұтов — қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы (Астана қ., 2021 ж. ) және «Жас барыс» республикалық турнирінің жеңімпазы (Өскемен қ., 2021 ж.), Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (Шымкент қ., 2022 ж.), Самбо күресінен Азия біріншілігінің қола жүлдегері (2023 ж.), келесі шәкірті Фермабек Керім Мақсатұлы — қазақ күресінен «Жас Барыс» Республикалық турнирінің чемпионы (Өскемен қ., 2021 ж.), 2022 – 2023 жылдары күміс жүлдегері, Қазақ күресінен жастар арасында ҚР чемпионатының жеңімпазы, (Астана қ., 2023 ж.), Самбо күресінен жастар арасында ҚР чемпионатының 3 дүркін қола жүлдегері.
Ең үздік шәкірті Қуаныш Мақсұтов — Қазақ куресінен ҚР Кубогінің жеңімпазы (Алматы қ., 2023 ж.), Қазақ күресінен ересектер арасында ҚР чемпионы (Семей қ., 2024 ж.), 2025 жылы қазақ күресінен Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.
Дастан олардың барлық жарыстарына демеуші болып, қол ұшын беріп келеді.
ЕЛІНІҢ СЫЙЛЫ АЗАМАТЫ
Дастан Қожақанұлы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз ортасында беделді, ықпалды, жұмысқа зерек, өзіндік ұстанымы бар, қиын жағдайда өз бетінше дұрыс шешім қабылдай алады. Елдің, жердің қамын ойлайтын Қоғам белсендісі, идея жетекшісі көптеген ауыл мәселесінің дамуына үлесін қосып халықпен бірлесіп шешуде өзіндік орны бар азамат. Бүгінгі күнде ол Екпін ауылының Қоғамдық кенестің төрағасы. Дастан Екпін ауылы бойынша Ақсуат аудандық маслихаттың депутаты, осыған орай қордаланған ауылдың маңызды, шешімін таппай отырған мәселелердің шешімін табуда бірқатар жұмыстарды атқарып келеді. Соның бір нәтижесі, Екпін ауылынан бой көтерген «Мәдениет үйін» атап кетуге болады. 1992 жылы пайдалануға берілген орта мектептің де бүгінде тозығы жеткен. Жаңа мектептің бой көтеруіне атсалысып, биыл ел игілігіне берілмекші.
2024 жылы «Ақсуат ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Дастанның қамқорлығымен үш бауырының бірі дәрігер, бірі ұстаз, бірі экономист мамандықтарын иеленіп, әрқайсысы ел игілігіне еңбек етуде.
Жұбайы, отбасының ұйытқысы Марияш Тыныбаева информатика пәні мұғалімі. Ы.Кәбеков атындағы орта мектептің белді маманы. Бақытты жанұя, бүгінде 3 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп отыр. Айса — Астана медицина университетін бітіріп, Семей қаласында дәрігер. Дарын — Шәкәрім университетінің IT мамандығы бойынша бітіріп, қызмет атқаруда. Жансая — Әлихан Бөкейхан университетінің ағылшын-түрік тілі мамандығы бойынша 2 курс студенті. Әли мен Әмір — Ы.Кабеков атындағы орта мектептің оқушылары, оқу озаттары.
Дастан Қожақанұлының ұзақ жылғы еңбегі еленіп, 2024 жылы Ақсуат ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Шаруасын шалқытып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген Ақсуат ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан Дастан Рахымбаевтың бергенінен берері көп азамат!
Сырым ХАСЕНОВ,
ҚР Ұлттық музейі, «Қазақстан тарихы» бөлімінің
аға ғылыми қызметкері



