©2020 Астана Ақшамы
Кадр неге тұрақтамайды?
Қазіргі таңда сот саласындағы мамандардың жұмыстан кетуі – жалақының төмендігіне байланысты. Жастардың көбі жекеменшік болса да, айлығы жоғары ұйымдарға ауысқанды тәуір көреді.
Мәселен, Астана қаласында жыл сайын тұрғындар санының көбеюі, әкімшілік аумақтың кеңеюі, сонымен қатар шағын және орта бизнестің, ірі өндірістік орындардың ашылуы қалалық соттың жүктемесін көбейтіп отыр. Бұдан бөлек, Соттар әкімшісі қызметкерлерінің басым көпшілігі еңбекақының төмендігінен орталық деңгейдегі өзге мемлекеттік қызметке кетіп жатады. Бүгінде бұл мәселе кадр тұрақсыздығына әкеліп соқтыруда.
Судьялардың жұмыс қарқыны сот саласында қызмет атқаратын қызметкерлердің жұмыс жүктемесімен тығыз байланысты. Олардың айлық көрсеткіші ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бекіткен санаттарға сәйкес төленеді. Мәселен, аудандық және оған теңестірілген соттарда жетекші мамандар – 64948 теңге, сот отырысының хатшысы – бас мамандар 73266 теңге жалақы алады. Ал облыстық және оған теңестірілген соттарда жетекші мамандарға – 75095, сот отырысының хатшысы – бас мамандарға 83353 теңгеден төленеді. Іс жүргізуші инспекторлардың өзі 39907 теңге алады. Ал жалақысы мемлекеттік қызмет өтіліне қарай 60 мың мен 149 мыңның аралығында мардымсыз төленеді.
Қазіргі таңда Астана қалалық және 10 аудандық, сондай-ақ оған теңестірілген соттар жұмыс істейді. 2016 жылғы республикалық көрсеткіш бойынша азаматтық істерді қарайтын бір судья бір айда орташа есеппен 69 іс, қылмыстық істер бойынша 7 істен қараған. Ал Астана қаласы бойынша азаматтық істерді қарайтын судьяға айына 100 істен келіп түседі. Қылмыстық істерді қарайтын соттар, орташа есеппен алғанда, 10-15 істен қарайды. Сол сияқты мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы көрсеткіш бойынша айына 31 істі қарауы тиіс болса, жүктеменің көптігінен 80-нен астам істі қарауға мәжбүр. Жалпы, өткен жылы Алматы аудандық соты – 10191, Сарыарқа аудандық соты – 9623, Есіл аудандық соты – 6200, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот – 13007, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот 674 істі қарап, сот шешімін шығарған. Осы істердің бәрінде осы салада қызмет атқаратын мамандардың еңбегі ұшан-теңіз.
Статистикалық дерекке сүйенсек, елімізде әрбір бесінші адам сотқа жүгінеді немесе сотқа қатысы болады екен. Заңмен белгіленген уақытта тез шешім шығарудың соңы, айналып келгенде, сот беделіне де нұқсан келтіреді. Бүгінде бірінші сатыдағы соттардың жалақысы мен құқық қорғау органдарының қатардағы қызметкерлерінің айлығы шамалас болып қалды. Ал көрші елдермен салыстыруға мүлдем келмейді. Діттеп келгенде, Сот әкімшісі қызметкерлерінің еңбекақысы салыстырмалы түрде министрлік қызметкерлерінің жалақысынан анағұрлым төмен. Осы кадр тұрақсыздығын тоқтату мақсатында Астана қаласы бойынша Соттар әкімшісі тарапынан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің астаналық департаментіне ұсыныс жолданған екен. Онда мемлекеттік органдар басшыларының жалақы қорындағы үнемделген қаражаттан қызметкерлердің еңбекақысына қосымша көтермелеу тағайындау құқығын беруді сұрап отыр.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ