«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жылама, ботам! Жужу келді!»

Аурухана клоунының әңгімесі

355

 Науқас балаларды күлкімен емдеу терапиясы АҚШ, Канада, Израиль секілді мемлекеттерде жиырма бес жылдай уақыт бұрын пайда болған. «Ауруханалық клоунада» деп аталатын бұл жоба біздің елде енді-енді дамып келеді. Жұлдыз Шәбденова – осындай игі іске атсалысып жүрген волонтерлердің бірі.  Кішкентай фанаттары оны Жужу деп таниды.

Еуразия ұлттық университетінің үшінші курсында оқып жүргенімде, аниматор болып жұмысқа тұрдым. Балаларды қатты жақсы көретіндіктен, бұл жұмыс жаныма жақын еді. Сол уақыттарда егер әлдекім волонтерлік іс-шара ұйымдастырғысы келсе, аниматорлардың Whatsapp желісіндегі ортақ чатына жазатын. Қолымыз бос кезде бірнеше қыз-жігіттер жиналып, балалар үйіне, әлеуметтік бейімдеу орталықтарына барып, тегін шоу-бағдарлама көрсететінбіз. Кейінірек оқуымды бітірген соң, «My day» компаниясына арт-менеджер қызметіне орналастым. Ондағы директорым мені Динаш Мұхтар есімді келіншекпен таныстырды. Ол – Астанада «Аурухана клоундары» жобасының басы-қасында жүрген кісі. Динаш бізге аталмыш жоба туралы жан-жақты түсіндірген соң, мен де волонтер болуға бекіндім.

***

Бастапқыда «Олар бізді қалай қабылдайды екен? Ұната ма? Ұнатпай ма?» деп қатты уайымдадым. Бізде негізі алдын ала дайындап баратын арнайы сценарий жоқ, өйткені әр палатада әртүрлі атмосфера қалыптасқан. Бір балалар орнынан тұруға шамасы келмей, кереуетте көңілсіз жатады. Енді бір бүлдіршіндер бізге еріп, билегісі келеді. Солардың әрқайсысы үшін бөлекше амалдар қарастырамыз.

***

Аурухананың тым-тырыс дәлізімен палатаға қарай келе жатасың. Ақырын ғана есікті ашып, ішке кіргенде, сенің қызылды-жасылды киімің мен күлкілі әлпетіңді көріп баланың да, жанындағы анасының да жанарында жылт еткен қуаныш отының пайда болғанын байқайсың. Біз үшін ересектердің де көңілі өте маңызды. Кейде бала өзінің дерті туралы бүкіл нәрсені білмеуі мүмкін, әрқашан барлық шындықтан қасындағы анасы не әкесі хабардар. Сол үшін оларды да өзімізбен бірге билетіп, ұялыңқырап қосылмай тұрса, «Өй, сіз кәрі әже емессіз ғой, қане, дереу тұрыңыз!» деп дем беріп, серпілуіне көмектесеміз.

***

Киімдеріміз балаларға аллергия туғызбайтын табиғи материалдардан тігіледі. Түстерінің де көзді ауыртпайтындай болуы шарт. Өйткені сары не жасыл секілді түстердің ашық реңктері химиялық терапия алған көп балаларда жағымсыз әсер туғызады.

***

Тұмау немесе басқа да жұқпалы аурумен ауырып жүріп, клоун болуға болмайды. Лейкоз, ісік сияқты ауыр науқастарға шалдыққан балалардың иммунитеті әлсіз болатындықтан, инфекцияның кез келген түрі олар үшін қауіпті. Үстіміз тап-таза болып, бізден әрқашан жағымды иіс шығып тұруы керек.

***

Біз ауруханаларға көбінесе екі-үш клоун болып барамыз. Біріміз баланы ойнатып тұрғанда, екіншіміз оның қасындағы анасының көңілін аулаймыз. Бұзуға болмайтын тағы бір ереже бар: ешқашан бір-біріміздің шын есімдерімізді атамаймыз. Мәселен, мені барлық балалар Жужу дейді. Ал достарым Гүлденнің ондағы аты – Шарик, Әділдікі – Клёпа.

***

Менен таныстарым «Онкологиялық дертпен ауыратын балалармен жұмыс істеу психологиялық жағынан қиын емес пе? Сен алдын ала дайын болдың ба?» деп жиі сұрайды. Жалпы, мұндай ситуацияларға дайын болудың нұсқаулығы жоқ. Алғашқы уақытта көңілім алабұртып, қиналып жүргенім рас. Сол кезде ресейлік бір аурухана клоунының сұхбатын көзім шалып қалды. Ол кісіге де осы сауал қойылғанда, «Мен аурумен емес, баламен жұмыс істеймін» деп айтқан екен. Содан бері мен де дертті сәбилердің дертін елең қылмауды үйрендім.

***

Бір қынжылтатын жайт, «Аурухана клоуны» жобасы бойынша жұмыс істейтін волонтерлер өте аз. Кейбіреулер басында қызығып келгенімен, кейін тастап кетіп жатады. Әрине, бұл үшін ешкімді жазғыра алмайсың, өйткені оған уақыт кетеді, ақы төлемейді. Алайда тәуекел етіп кірістің екен, ең болмағанда айына үш-төрт рет тұрақты түрде уақыт бөлген дұрыс. Себебі балалар тез бауыр басып қалады, сағынады. «Жужу қайда? Муму қайда? Шарик қайда? Неге ол келмей ­кетті?» деп сұрап, іздейді.

***

Волонтер болып жүрген бір жылдың ішінде бірнеше бүлдіршінмен мәңгілікке қоштасуға тура келді. Кішкентай достарымның періштеге айналып көкке ұшып кеткенін есту өте қиын. Солай қиналған бір сәттерімде осы істі тастап та кетуді қаладым. Бірақ ішкі дауысым «Жужу, қарашы. Сен ауруханаға бармай қойғаннан ондағы балалардың ешқайсысына жеңіл болмайды, дерттерінен жазылып кетпейді. Ал клоун болу арқылы олардың қиындығын сәл де болса жеңілдетесің, ауруынан айығуына кішкентай болса да қол ұшын бересің» деп сөйледі. Мені шабыттандыратын ең үлкен ой – осы.

***

Жоғарыдағы айтқанымның дәлелдерін өз тәжірибемнен жиі табамын. Мысалы, балалар катетер қоярда немесе басқа да медициналық процедура алдында қорқып жыламас үшін біз олардың жанында болып, алдарқатамыз, күлдіреміз. Сондайда олардың көңілі кәдімгідей бөлініп, қорыққан нәрселерін ұмытып кетеді. Бұл олардың өздеріне де, жанында оларды уайымдаған әке-шешелеріне да жақсы. «Жылама, ботам! Әне, Жужу келді!» деп аналары айтқанда, бізден ауруханаға жиірек келуімізді өтінгенде, балалардың сені көргенде қуаныштан бөлмені басына көтере шыңғырғанын естігенде, өзіңнің қаншалықты маңызды миссия атқарып жатқаныңды түсінесің.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазылмайды.