«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жапон келін

0 1  108

Мидори Хашимото он екі жылдан бері елордада тұрады. Айбек есімді отандасымызға тұрмысқа шыққан жапон қызы – бүгінде екі баланың анасы. Жуырда осы шаңырақта қонақта болып қайтқан едім. Мені есік аузынан күтіп алған Мидори асты-үстіме түсіп әлек. Дастарқанды жайнатып қойыпты. Бір кезде буы бұрқыраған шәйнекті әкеліп, жаныма жайғасты. Аты жапон демесең, мына келіншектің түрі де, ісі де қазақтан аумайды екен. Он екі жылдың ішінде біздің ортаға әбден сіңісіп кеткені көрініп тұр.

Тойымызды ата-анам Skype арқылы тамашалады

– Шынымды айтсам, қазаққа тұрмысқа шығып, Қазақстанда осылай шай құйып отырам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті, – деп күліп бастады әңгімесін кейіпкерім. – Мен Жапониядағы Нагасаки қаласының түбінде кішкене ауылда өмірге келдім. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде, Түркиядағы Айя София мешітінің суретін көріп, сонда баруды қатты армандай бастадым. Түркология мамандығын таңдауыма да осы жайт себеп болған шығар. Университеттің үшінші курсын бітірген соң, түрікшемді тәжірибе жүзінде жетілдірейін деп, Анкараға бардым. Ол кезде болашақ жұбайым Айбек те сондағы университеттердің бірінде оқып жатқан еді. Екеумізді жапон досым таныстыр­ды. Алты жыл көңіл жарастырып жүрдік. Оның да жыры көп. Алғашқыда ата-­анам тым алысқа жібергісі келмей, қарсы болды. Мен үйдегі жалғыз перзентпін. Тек Айбекті Жапонияға қонаққа шақырып, олармен таныстырған соң, жүректері орнығып, сәл жібіді. «Кәдімгі өзіміздің жапоннан аумайды екен ғой» дейді әкем. Әдетте шетелдік десе, біздің жақтың адамдары шашы сары, көзі көк кісіні елестетеді. Ата-­анамның разылығын алған соң, Қазақстанға қуанып, еш уайымсыз келдім. Өкінішке қарай, тойы­мыз­ға ата-анам келе алмады. Бірақ бүкіл той бойы скайп арқылы хабарласып отырдық.

EXPO-ға келген жапондарға қазақ тілін үйреттім

Алғашқы жылдары Мидори қазақ тағамдарына үйренісе алмапты. Туғалы теңіз тағамын жеп өскен жапон қызға тау-тау жылқының еті таңсық болғаны да түсінікті шығар. Мидоридің өзі сол кезді былайша еске алады:

– Қонаққа барғанымызда енем «Тәрелкеңе салып берген тамақты тауысып жеу керек. Ол сенің несібең» деп құлағыма құя беретін. Бұл жақтың салты солай екен деп ойлағанмын ғой. Сосын қонақтан қайтқан соң бірнеше күн ауырамын. Кейінірек өз шама-шарқыма қарай ғана жеуді үйрендім. Қазір жұбайым да, балаларым да жапон асына көбірек үйір. Үйіне қонақ шақыратын кезде енем де «Анау сушиіңнен дайындап әкелші» деп өтініш айтатын болды.

– Қазақшаны қайдан үйрендіңіз? – деп сұрағанымда Мидори:

– Түркологияда оқып жүргенімде, жапон мұғалімім бір жыл бойы қазақ тілі пәнін өткізген. Алайда ол уақыттың ішінде тек грамматиканы ғана шолып шығуыма мүмкіндік болды. Айбекпен танысқаннан бастап екеуміз қазақша сөйлесуді әдетке айналдырдық. Қазақ тілі түрікшеге жақын ғой. Ал менің түрікшем жақсы-тұғын. Кейін Қазақстанға көшіп келген соң, көшеде, қоғамдық жерлерде адамдармен көбірек сөйлесуге тырысып жүрдім. Бір қиналғаным, мұндағы халық көбінесе орыстілді екен. Менің қазақша үйреніп жүргенімді көріп кейбіреулер «неге орысша үйренбейсіз?» деп те сұраған. Енді ақырындап ол тілді де меңгеріп келемін.

Қазақша білгенімнің бір пайдасын 2017 жылы EXPO көрмесі ұйымдастырыларда көрдім. Мен Жапония павильонында жүргізуші-гид қызметін атқарғанмын. Сонда жұмыс істеуге бір топ жапониялықты да алдыртыпты. Олар мұнда келерде орысша үйреніп келген екен. Бір күні павильонды тамашалауға кірген ақсақал «Неге қазақша сөйлемейсіңдер?» деп бізге ренжіп кетті. Сол күннен бастап мен әлгі қандастарыма қазақша үйрете бастадым, – деп жымиды ол.

Ұлдарымыздың атын қазақ та, жапон да түсінеді

Бүгінде бұл отбасы қазақтың да, жапонның да мәдениетін қатар ұстануға тырысады. Балалары өмірге келгенде де, олардың есімдері екі жаққа бірдей түсінікті болғанын қалапты.

– Үлкен ұлымды босанарда Қазақстандағы туыстарымыз бірнеше ат ұсынған еді. Бірақ олар көп буынды болғандықтан, жапондар үшін айтуға қиын. Сосын жолдасымыз екеуміз ойлана келе Қанат деген есімге тоқталдық. Жапондарда да Kanato деген сөз бар, қазақшаға аударғанда «арманды орындайтын адам» деген мағынаны береді. Екінші ұлымыз Саяттың да есімін осындай логикамен қойдық. Sayato сөзі жапондарда «бақытты адам» деген ұғымды білдіреді.

Екі жақтың мәдениеті арасындағы айырмашылыққа тоқталсам, маған қазақтың қонақжайлығы қатты ұнайды. Мәселен, Жапонияда үйге көп қонақ келе бермейді. Жақын туыстар ғана болмаса, алыс ағайынмен немесе достармен мейрамханада кездесеміз. Үйге жақын туысың келген күннің өзінде қонарда оны қонақ үйге апарады. Ал мұнда есігіміз барлық кісі үшін ашық. Үйлене салысымен жұбайым «Бізде үй көрсету деген дәстүр бар. Қалаға келген туған-туыс, дос-жарандарымыз бәрі біздің үйден дәм тат­пай кетпеуі тиіс» деп түсіндіріп берген. Бұл салт туыстық және достық қарым-қатынастарды одан әрі берік қылады деп ойлаймын.

Тағы бір таңғалған тұсым, қазақтар баланы еркін етіп тәрбиелейді екен. Әсіресе, атасы мен әжесінің немере дегенде шығар жаны бөлек. Үлкендердің көзінше, тіпті, әке-шешесінің де оларға ұрсуға қақысы жоқ. Жапонияда тәртіп қаталдау. Біздің балалардың еркіндігі Жапония­ға барғанда анық байқалады. Кафеде отырғанымызда жапон балаларының бәрі ата-анасының жанында тып-тыныш отырса, Қанат пен Саят емін-еркін жүгіріп жүргені. Әрине, жапондар үшін олардың бұл қимылы өрес­келдеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ оларға осындай шектеудің аз болуы болашақта өздеріне сенімді әрі батыл азамат болып өсулеріне әсер ететіні сөзсіз, – деп әңгімесін аяқтады жапон келін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды