Ізімұлы іздері

0 259

Ақындығымен қатар батырлығымен аты шыққан Махамбет Өтемісұлын көргендер қазір жоқ. Тарихи тұлғаның кескін-келбетін қылқалам шеберлерінің қиялынан туған бейне арқылы ғана елестете аламыз. Белгілі жазушы, журналист, аудармашы Мақсот Ізімұлын замандастары Махамбетке ұқсатып жатады. Сол кезде қаламгердің сыртқы пошымын ғана емес, ішкі әлемін де ескеретін сияқты.

ҚОЛЫНДАҒЫ НАЙЗАСЫ – ҚАЛАМЫ

Рас, кешегі өткен Махамбет «Егеулі найза қолға алмай… Ерлердің ісі бітер ме?!» деп жырласа, Мақсоттың қолындағы найзасы – қаламы. Кезінде қоғамның келеңсіз көріністерін әшкерелеп, қаламын оңды-солды сілтеді де. Журналистикадағы жолы облыс­тық «Орал өңірі» газетінен басталып, кейіннен республикалық «Зерде», «Жалын» журналдарында, «Ана тілі», «Заң», «Түркістан», «Алтын Орда», «Теміржолшы-Железнодорожник» газеттерінде сәтті жалғасты. Егемендіктің елең-алаң шағында еліміздің қазақ тіліндегі алғашқы тәуелсіз басылымдарының бірі – «Аруана» газетін шығарып, бас редакторы болды.

МАҚСОТТЫҢ МЕКТЕБІ

Өзіміздің «Астана ақшамы» газетінде де қолтаңбасы қалды. Бас қаланың бас басылымында жеті-сегіз жыл көлемінде әдеби редактор қызметін атқарып, талай жас журналистің жазуының түзелуіне септігі тиді. Мына пақырыңыз да Мақсоттың мектебінен өткен адамдардың бірі. Өз басым қаламгерден журналистикадағы жанрларды шатастырмауды үйрендім. Стилистика, сөз қолдану жағынан да сабақ алдым.
Бір оқиға есіме түсіп отыр. Астаналық газетке келгеніме көп уақыт бола қоймаған. Бірде белгілі қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлының «Сәйгүлік семантикасы-4» атты көрмесі өтті. Содан көл-көсір әсер алып, мақала жаздым. Тақырыбын өзімше «Жеңістің жанға ой салар жылқылары» деп қойдым. Әдеби редактор түзеп-күзеп, тақырыбын да белінен бір сызып «Қылқалам тартып қазанат-тағдыр желеді» деп өзгертті. Қай журналист жазғанының шимайланғанын жақтырсын, Мақсот ағаға біраз күн өкпелеп жүрдім. Кейіннен ойлап қарасам, түзетулері дұрыс екен. Мен журналистика заңдылығына бағынбай, бөтен сөзді көп қосып, ақпараттық стильден алшақтап кетіппін. Тақырыбын да қарабайырлау етіп қойыппын. Ал Мақсот Ізімұлы соны әдебилендіріп, әдемілеген екен. Кейіннен бұл тақырыпқа суретші Қайрат Жәйірбектің сүйсінгені де бар.
Тағы бірде «Алашорда» партиясына қатысты іс-шара өтті. Соның хабарын жазғанымда спикерлердің бірінің аузынан шыққан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін де келтіре кеткенмін. Мақсот аға соның тақырыбын Алаш қайраткерлерінің өз тіліне салып «Милләтқа қызмет ету мінезден» деп қойып, жұтындырып жіберді.

ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ БАТАСЫ

Айтқандай, Мақсот Ізімұлы Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жасқайрат ауылында дүниеге келді. Кейіннен бұл ауылға Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының аты берілді. Яғни, қайраткер мен қаламгер бір топырақтан түлеп ұшты. Мақсоттың бойында да алаштықтарға тән еркіндік бар. Кімге болсын ойын ашық айтады. Бұл мінезі бала кезінен қалыптас­ты. «Оқушы болғанда ұстаздарымен тең дәрежеде сөйлесіп, кейде пікір таластырып қалатын» дейді балалығын ауылда бірге өткізген досы Зайдолла Ибатов.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ұлы Абай. Бастапқыда ақындық арманмен қанаттанып, өлең жазды. 12-13 жасында «Космонавттар» атты тырнақалды туындысы тура Ғарышкерлердің мерекесінде – 12 сәуір күні газетте жарқ ете қалды. Содан «ақын бала» атанды. ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) «Журналистика» факультетіне де осы арманды арқалап келіп түсті. Бірақ ақын емес, жазушы ретінде жұртқа танылды.
«Бірінші курсқа түскен кезде бәріміз – жиырма бес студент жапатармағай жазатын едік. Кейін Ертай Ашықбаев сияқты арқалы ақындардың қатарында шатпақтап, нашар өлең жазу ұят көрінді» дейді қазір бұл туралы. Ал жазушылық қарымына алғаш сүйсінген адамдардың бірі – «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей.
Оралхан ол уақытта «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Мақсот болса, «Зерде» журналында жұмыс істейді. Бір әңгімесі атақты жазушының көзіне түсіп, көпке ұзамай әдеби басылымда жарияланады. Сол кезде Оралхан: «Мақсот, сен талантты жазушысың. Журналистиканы қой да, жазушылықпен шындап айналыс» деген кеңес береді.

ЖУРНАЛИСТИКА МЕН ЖАЗУШЫЛЫҚ  ҰШТАСҚАНДА

Алайда Мақсот журналистика мен жазушылықты ұштастыра білді. Мәселен, облыстық газетте жүргенде «Рация» атты әңгіме жазды. Бұл шығарма мал қыстатудың жайын білу мақсатында совхоздарды аралағанда туды. Сол сапарда қасында «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») тілшісі, кейіннен белгілі әдебиетші-ғалымға айналған курс­тасы Мақсат Тәж-Мұрат болды.
«Зады, прозаға құлықты адам үшін редакциядағы қызметтің пайдасы мен зияны бірдей болуы керек. Пайдасы – көркем шығармаға тамызық болатын оқиғаны қиыннан қиыстырып жатпай, өмірдің өзінен ала қоюға болады. Зияны – тізгінді сәл босаң ұстасаң, шығармаңа қол үйренген журналистік машық ұры мысықтай зып беріп кіріп кеткенін байқамай қаласың. Қаламдас достың облыстық газетте шыққан «Рация» атты әңгімесін сол себепті әрі үміттене, әрі күдіктене отырып қолға алдым. Оқып шықтым да қайран қалдым. Автордың жорымтал, аңдағыштығына… Мақсоттың жазушылық сөз өрнегі аса құнарлы» деп еске алады сол кезді М. Тәж-Мұрат.

ЭНЦИКЛОПЕДИЯ ӘЗІРЛЕУДІҢ ШЕБЕРІ

Мақсот Ізімұлы – энциклопедия әзірлеудің де шебері. Студент күнінде қолынан «Көне Қазақстанды көргендер» атты кітап түспейтін. Кейіннен «Қазақ энцик­лопедиясы» бас редакциясында қызмет істегенде осы еңбектің авторы, тарих ғылымдарының докторы, Әлеуметтік және Гуманитарлық ғылымдар академияларының академигі Көшім Есмағамбетовпен танысып, қызметтес болды. Сол кезде ұжым 6 томдық «Қазақстан» энциклопедиясын шығарды. Осы істе Мақсотқа білікті, тәжірибелі энциклопедияшы Көшім Лекерұлы үздік үлгі көрсетті. Сол үлгіні әлі күнге дейін ұстанады. Осы күнге дейін Ізімұлы талай энциклопедия әзірледі. Соның бірі елорданың 20 жылдығына арналған еңбек.

БАСПАГЕРЛІГІ МЕН АУДАРМАШЫЛЫҒЫ

Баспа ісімен де айналысты. «Арыс», «Аманат – таным әлемі» баспаларында бас редактор болды. Қазақ тілінде балаларға арналған танымдық кітаптарды шығару қазір де өзекті болып отыр. Ал Мақсот Ізімұлы осы істі 13-14 жыл бұрын қолға алды. Нәтижесінде академик Асқар Жұмаділдаевтың ұлттық ертегілердің кейіпкерлері арқылы математиканы түсіндіретін, балаларды тапқырлыққа, алғырлыққа баулитын «Алдардың айласы», «Шығайбайдың қулығы» деген кітапшаларды шығарды. Бірақ жан-жақты қолдау болмаған соң, бұл істі тоқтатуға мәжбүр болды.
Қаламгердің тағы бір қыры – аудармашылығы. Бірнеше жыл бұрын американдық белгілі психолог Луиза Хейдің денсаулықты түзеуге, қатерлі ісікті жеңуге қатысты кітабын аударып, оның үзінділері «Алматы ақшамы» газетінде жарияланды. Басылымға келіп түскен хаттар бұл материал­дар талай оқырманға көмектескенін айғақтайды. Тоқсан төрт жас жасаған көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың Мақсот Ізімұлына арнайы хабарласып, бұл аудармасы үшін ризашылығын жеткізгені де бар. «Мақсот, осы аудармаларыңды үзбе» деген еді сонда қарт қаламгер.
Мақсот Ізімұлының осы бір қырын жақсы білетін «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы оны аттай қалап, қызметке шақырды. Бұл ұйым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», тағы басқа жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазір соның белортасында Ізімұлы да жүр. Жазушының төл шығармаларының бірі түрік тіліне де аударылды. Жалпы осы уақытқа дейін аудармаларын айтпағанда, «Аяқталмайтын әңгіме» және «Бедеріндей кестенің» атты кітаптары жарық көрді.
Қолы қалт еткенде, шахмат ойнағанды жақсы көреді. Бейнелеу өнеріне де жақын. Шаңырағында болғанымызда өз қолымен салған бірнеше картинасын көрдік. Қаламгер жақында асқаралы алпыс жасқа толды. Ізімұлының іздері журналистикада, әдебиетте, аударма ісінде сайрап жатыр. Көмес­кіленбесін деп тілейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + seventeen =