ІЗГІЛІП ІЗДЕП ТАБЫСЫП…

0 100

Ізгілік атаулымен іздеп табысып, қайырымдылық қағидалары қағыс қала бастаған жаһандану дәуірінде жұртшылықты ауызбіршілікке, өзара түсіністікке шақырудың, соған себепкер болудың маңызы үлкен. Елімізде 1992 жылдың 18 қазанынан бері өткізіліп келе жатқан Рухани келісім күнінің мақсат-міндеті де сол – адамзатты адамгершілік-рухани құндылықтарға үндеп, әлем халықтары арасында ынтымақ пен келісімнің салтанат құруына ықпал ету.

Әлемнің астаң-кестеңін шығарып, дүниежүзін дүр сілкіндірген түрлі жанжалдар мен қақтығыстар адамның қолымен жасалып жатыр. Мұндай шиеленісті жағдайлардың ушыққаны соншалық, бүгінде әлем елдері осынау кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешуге дәрменсіз күйге жетті. Өйткені, әр мемлекет өз мүддесіне қарай тартады. Ешкім де ортақ пікірге келгісі жоқ: әлділері әлсізіне қыр көрсетеді, өз алдына егемендік алғысы келгендерін екіншісі қас жауы көреді. Көзқарастардың осындай әралуандығы мен өзара ымыраға келе алмаушылық, айналып келгенде, алауазыдыққа апарып соғып, қақтығыстардың тууына себепкер болуда. Тығырықтан шығудың жолы қандай дегенде халықаралық сарапшылар рухани келісім мен мәдениет арқылы әлемдік бейбітшілікке қол жеткізуге болады деген пікірді алға тартты. Барша адамзатты адами-өнегелік жолға жетелеп, жарасымды қарым-қатынас орнықтырса, әлемді құрдымға кетуден құтқаруға болады деген тоқтамға келген дүниежүзінің ғалым-зерттеушілері осыдан жүз жыл бұрын рухани құндылықтар жөніндегі идеяларды бір арнаға тоғыстыратын форум ұйымдастыруға әрекеттенген болатын. Бірақ, Чикагода дүниеге келген идея қолдаушысы жоқтықтан елеусіз қалды.

Кейін тоқсаныншы жылдардың басында бұл идеяны КСРО ойшылдары қайтадан жандандырып, оны өздерінде – Мәскеуде өткізуге бел байлайды. Сол екі ортада КСРО құлайды. Форум ұйымдастырушылары қайтадан тығырыққа тіреледі. Осы кезде жұмыс комиссиясының құрамында болған, жас композитор Төлеген Мұхамеджанов алқалы басқосуды Қазақстанның сол кездегі астанасы – Алматыда өткізуге ұсыныс жасайды.

Әрине, жер бетіндегі халықты бейбітшілік пен өзара келісімге үндейтін мұндай игі істі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, 1992 жылдың 18 қазанында Алматыда алғаш рет Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен еді. Тәуелсіздігін жаңа алғанына қарамастан, қазақ елі бұл жауапты жиынды абыроймен алып шықты. Форум жас мемлекетімізді әлемге танытқан бірден-бір үлкен шара болғанын атап өткеніміз абзал. Міне, сол сәттен бастап, 18 қазан – Рухани келісім күні болып белгіленді.

Кейін 1995 жылы ЮНЕСКО Қазақстанның тәжірибесін ескере отырып, толеранттық қағидалардың Декларациясын қабылдады. Бүгінде Рухани келісім күнін Еуропаның көптеген елдері, Ресей, сондай-ақ Үнді елі де атаусыз қалдырмайды.

Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің 20 жылдығына орай елордада Тәуелсіздік сарайында «Рухани мәдениет арқылы – дүниежүзілік бейбітшілікке қадам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл туралы кеше Бейбітшілік және келісім сарайында өткен баспасөз мәслихатында «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, конференцияда әлемнің 25 елінен келген белгілі ғалымдар мен қоғам, мәдениет қайраткерлері рухани келісім күні қандай жетістіктер әкеліп, нендей нәтиже көрсеткенін талқылайтын болады. Сонымен қатар, алда қандай міндет-мақсаттар тұрғаны да әңгіме өзегіне айналмақ.

Баспасөз мәслихатына РФ Мемлекеттік думасының депутаты, атақты әнші  Иосиф Кобзон, БҰҰ жанындағы Бүкіләлемдік Діни көшбасшылар кеңесінің бас хатшысы Бава Джейн, РФ Президенті жанындағы Ресей жеке құқық мектебінің проректоры Юрий Агешин, «Мәдениет арқылы бейбітшілік – Еуропа» халықаралық елшісі Лиз Августат сынды белгілі тұлғалар да қатысып, ой-пікірлерін білдірді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =