«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ізгіліктің жаршысы

0 359

Мен бұл кісіге қайран қаламын. Әрдайым жарқырап, жайнап, жан-­жағына шуағын шашып жүреді. Мойнына қанша салмақ түссе де сыртқа сездірмейді, үнемі жайдары. Өтірікті жаны сүймейді, ақиқатты алақанына салады. Ізгілік пен парасаттылықты биік ұстайды. Қызметте талапшыл, шығармашылықта кірпияз, сыршыл, өмірде жаңашыл, ұрпақ тәрбиесінде тұлға қалыптастырудың бағбаны, үйде адал жар, асыл ана, дана әже. Ол кісінің есімі де ерекше. Атына заты сай, ол кісінің әңгімелерін оқысаң, жаны нәзік, сыршыл әйел бейнесін көресің, ал ұлттың болашағы, мүддесі туралы жазғандарын, сөйлеген сөзін тыңдағанда көз алдыңа қайсар рухты қазақ қызының бейнесі келеді. Иә, біздің Гүлтас Сайынқызы – осындай кісі.

Гүлтас отбасында тұңғыш немере болғандықтан әжесінің тәрбиесінде өскен. Есімін де әжесі қойған. Әжесі Қалбүбі Әбдірахманқызы елге сыйлы, шешен болған кісі екен. Әрдайым әжесінің өнегелі сөздерін ғибрат қып айтып отырады. Әжесіне деген махаббаттан, сағыныштан туған «Апам – ақ нұрым менің» атты кітабы – соның айғағы. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондықтан болар, ата-­бабамыз «Туған жердің топырағы да киелі» дегені. Гүлтас Тараз қаласының батысында, Шымкент қаласының шығысында орналасқан Жуалы ауданының Күреңбел ауылында туып өскен. Осы Күреңбел ауылынан түлеп ұшқан Гүлтас әл­-Фараби атындағы ҚазҰУ­-дің филология факультетін бітіріп, 35 жылдан астам уақыт саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады.

Ол кісі – білім беру ісінің үздігі, білім және ғылым саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары үшін Ы.Алтынсарин атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Бүкіл республикаға танымал әдебиетші, ғалым.

2010 жылдан 2017 жылға дейін Гүлтас Сайынқызы Назарбаев университетінің «Қазақ тілі, әдебиет және мәдениет» кафедрасын басқарды. Бұл университет – тікелей Елбасымыздың басшылығымен ашылған халықаралық деңгейдегі білім ордасы. Ал бұл кафедра осы университеттің қан тамыры десек те болады. Өйткені мұнда барлық пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Гүлтас Сайынқызы осы білім ордасында қазақ руханиятының ұйытқысы болып отыр. Болашақта ел тізгінін әр салада қолға алатын жастарымыздың елжанды, рухани бай, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-­дәстүрін құрметтейтін тұлға болып қалыптасуына қызмет жасап жүрген жан. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университетте «Рухани жаңғыру» мәдени орталығы ашылды. Бүгінде Гүлтас Сайынқызы осы орталықты басқарады.

Тәуелсіздігімізді алып, етек-­жеңімізді жиып, болашағымызды бағдарлай бастаған сонау 2000 жылдардың басында Білім басқармасында «Орыс мектептерінде қазақ әдебиеті пәнін қай тілде оқыту керек?» деген мәселе көтерілді. Сол кезде білім саласында жүрген атақты ғалымдар бен педагогтардың арасында келіспеушілік туындайды. Көпшілік дауыс орыс тілінде оқыта берейік деген ұстанымда болады. Ұлттың болашағына бейжай қарай алмайтын ұстаз Гүлтас Сайынқызы осы көзқарасқа түбегейлі қарсы шығып еді. Уақыт бәріне де төреші. Ақыры қайсар қыз өзінің дәйектерін алға тартып, дәлелдеп, орыс мектебінде қазақ әдебиеті пәні қазақ тілінде жүргізілетін болып шешілді. Ұлтының болашағына жаны ауырған адам ғана осындай қадамға бара алады. Ғалым өзі де орта мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінің оқулықтарын жазды.

Гүлтас Сайынқызының «Менің шәкіртім – менің бақытым» атты мақаласында: «Адам өмірі кезең­-кезеңнен тұрады екен. Өмірді өлеңдей көрген әдемі бір дәуренім сендермен өтіпті. …Сендермен өткізген күндерім бейне бір бала кездегі қырдан қызғалдақ теріп жүрген алаңсыз өміріме ұқсайды. Мен сендерге қарыздармын. Ұстаздық бақытты маған сыйлаған өздеріңсіңдер» («Апам – ақ нұрым менің» кітабы, 185 б.) деп ағынан жарылады. Гүлтас Сайынқызы – шәкірттері үшін де қымбат адам. Апайдың шәкірттерін әлемнің түкпір­түкпірінен кездестіруге болады. Елге келгенде бірінші ұстаздарына келіп, сәлем береді. Ерқанат Нұрмаханов есімді шәкірті өзінің бір мақаласында «Менің ең бірінші менторым – ол менің Гүлтас апайым! Құрманбай Гүлтас Сайынқызы – ол әсем табиғат пен әуезді гармония, шуақ шашып тұратын күннің көзі, шексіз энергия, аңыз адам. Апай маған бұл өмірге басқаша қарауды үйретті. Апай – бұл өмірде Ақыл, Қайрат және Жүректі бірдей ұстап жүретін өте сирек кездесетін адамдардың бірі» деп жазады (qazir.kz). Конфуцийдің «Сені түсінсе – бұл бақыт, сені сүйсе – бұл үлкен бақыт, ал өзің сүйсең – ол нағыз бақыт» дегеніндей, өзін сүйетін жандары бар, өзі олардан да артық сүйетін Гүлтас апай қандай бақытты!

Түсіне білген адамға уақыт – әр адамның тағдыр-­талайына белгілі бір өлшеммен берген баға жетпес байлық. Дәл осы тұрғыда 60 жылдық саналы ғұмырының әрбір сәтін, әр кезеңін игілікті іске жаратып, өзінің елінің болашағына арнай білген Гүлтас Сайынқызының өнегелі өмірі бәрімізге үлгі боларлықтай. Әлі де бергенінен берері мол ізгілікке жаны құштар қазақтың Гүлтасының өмірі де, көңілі де, өнері де өсе берсін деп тілейміз.

Жанар ӘБДІҒАППАРОВА,

Назарбаев университетінің ассистентпрофессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды