©2020 Астана Ақшамы
ІЗГІЛІКТІ ІС, АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
«…Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс».
Н.Назарбаев
«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кірудің басты тұжырымдамасы тиянақталып, алдағы атқарылар жұмыс межесі белгіленді. Жаңа ғасырдағы қазақ қоғамы өркендеп, қалыптасқан кемел мемлекетке айналуы осы міндеттердің жеңісті шешімінде жатыр. Оның маңызды бір бөлігі – әлеуметтік саясаттың жаңа ұстындармен ұштасуы заңдылық болса керек.
Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделерін қорғап, жай-ахуалына көбірек көңіл бөлу қажеттігі биылғы Жолдауда ерекше айтылып өтті. Елбасы «ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл – өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деп, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың мұң-мұқтажы, мүддесі естен шығарылмауын ескертті.
Астанада ресми тіркелген 18 696 мүгедектің 2871-і балалар. Оның ішінде жүріп-тұруы қиын мүгедектердің саны – 4661, оның 1148-і сәбилер. Ал арбаға таңылғандар саны – 867 адам, 283 бала өздігінен жүріп-тұра алмайды. Зағип жандардың жалпы саны – 2127 адам. Құлағы естімейтіндердің саны мыңнан асады. Психикалық дерті бар 3243 науқас медициналық көмек алуда.
Қалада мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің бірегей жүйесі қалыптасқан. Психоневрологиялық науқас баланы тәрбиелеп отырған отбасыларына әлеуметтік көмек көрсететін үш бөлім жұмыс істейді. 314 бала осы қызметкерлердің қамқорлығында. Үш жүзден аса жалғызілікті қарттар мен дәрменсіз мүгедектерді қамқорлайтын бес бөлімше бар. Елордадағы үш мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде өткен жылда 756 адамға көмек көрсетілді. Бұл ретте әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы да ерекше. Әсіресе, өзгенің қайғысына ортақтаса білу – кәсіптік біліктілігінің басты белгісі. Олардың жанкешті еңбегі еленіп, келесі жылдың екінші жартысынан бастап әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне өзгеріс енгізу мақсатында мәдени шараларға тарту үрдіске айналып келеді. «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты республикалық байқау осынау ізгілікті істің тұсауын кескен айырықша шара болғанын айтқанымыз жөн. Оған сегіз аталым бойынша 183 астаналық қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілетін ашып, шеберлігін шыңдайтын жарыстан біздің қала тұрғындарының да қалыспағаны қуантады. Одан бөлек, «Қайсар» спорт клубында 320-ға тарта мүмкіндігі шектеулі азаматтар суда жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, арбамен би, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат, пауэр-лифтинг сияқты спорт түрлерімен тұрақты айналысады. Олар әр деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Спортшыларымыздың қанжығасындағы 18 алтын, 17 күміс және 9 қола медалдары – осының дәлелі. Жалпы командалық есеп бойынша республикалық он алты команданың ішінде Астана қаласының құрамасы 5 – орынды иеленді. «Спешиал Олимпикс Казахстан» и «Спешиал Олимпикс Европы и Азии» қозғалысы да елордалық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қолдау тапты. Республикалық, халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша 34 алтын, 38 күміс, 20 қола медалдарға осы спортшыларымыздың ерен еңбегі мен қайсарлығының арқасында қол жетті деп айтуға болады.
Елбасының әлеуметтік саладағы басымдық берген бағыттарының бірі – еліміздің кедергісіз аймаққа айналуы мәселесі еді. Оған жетудің басты амалы қаладағы барлық ғимараттарға мүгедектердің еркін қозғалысына қолайлығында жатыр. Қолданыстағы нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімдігін анықтау мақсатында жұмысшы топтары құрылып, паспорттау шаралары өткізілді. Әр аудандағы тиісті нысандар анықталды. Соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша екі жүзден аса нысан тексеріліп, олардың мүгедектерге қолайлылығы тексерілді. Оның қатарында мәдениет, спорт ғимараттары, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқару мекемелерінің нысандары, сауда үйі, кафе, асханалар мен ойын-сауық орталықтары бар. Тексерілген ғимараттардың барлығы талаптан шықты деуге болмайды. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, қала ғимараттары мүмкіндігі шектеуді жандардың кіріп-шығуына қолайлы болуын құнттау мәселесі жолға қойылды. Ал жаңадан салынған құрылыс нысандарын қабылдау кезінде мүдделі адамдар ретінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да тарту арқылы бұл мәселенің тиянақты да оңтайлы шешілетінін айтуымыз керек. Бұл автомобиль жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында ескеріледі. Келешекте жол жиегінен қоларба қауіпсіз қозғалып, жүре алатын жолаяқтар жасалады. Арнаулы бағдаршамдар мен жол белгілері де орнатылады. Қаланың көшелерінде, жол тораптарында жүргіншілерге арналған жарықмодульдер орнатылды. 398 автобус мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мінгізіп, түсіретін құрылғымен жабдықталды.
2013 жылы жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 396 мүгедек сұраныс жасаған, оның 307-сіне жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың белсенді шаралары көрсетілген. 86 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған, әлеуметтік жұмыс орындарымен және жастар тәжірибесімен 15 мүгедек қамтылған. Ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру уақытша жұмыс орындарын құруды және жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде мүгедектерді қосымша жалақымен қамтамасыз етуді көздейді. Олардың 131-і ақылы қоғамдық жұмысқа қатысты. Әсіресе, кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін жоғарылатудың орны ерекше. Кәсіби даярлау курстарына 75 адам жіберілген. Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментімен бірлесіп, жеке оңалту бағдарламасының негізінде еңбек етуге қабілетті мүгедектердің тізімін анықтап, олардың жұмысқа орналасуына ықпал ету жұмыстары жүргізілуде.
Жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында еңбек етуге жарамды мүгедек азаматтардың тізімі www.job.astana.kz сайтында жарияланатын болады.
Сонымен қатар, елорданың жұмыс берушілеріне жүктелген мүгедектерді жұмысқа орналастырудың үш пайыздық міндеттемелерінің орындалуы жөнінде тиісті мекемелермен байланыс орнатып, ортақ шешімін іздестірудеміз.
Елбасы халыққа Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады» деді.
Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа араласып, қоғамның белсенді мүшелері ретінде арамызда еркін жүріп-тұруына жол ашылады. Бұл – кез келген ізгілікті қоғамның алдындағы абыройлы міндет.
Алма АЛТЫБАЕВА ,
Жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы