Ізгілікті дәріптеген үздіктер

0 25

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуы­мен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында «Абайдың мұрасы − адамзат қазынасы»
атты әлеу­меттік ролик пен қысқаметражды фильм­дердің онлайн фестивалі өтті.

 

Аталған байқау төрт күнге созылып, соның аясында танымал тұлғалармен сұхбаттар, танымдық дәрістер ұйымдастырылды. Жалпы осы төрт күн ішінде мәдени шараны YouTube-те 10 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Фестивальдің мақсаты – ұлы ойшыл айтқан білім, оқу, тәлім-тәрбие, еңбек, ынтымақ секілді адам баласын ізгілікке үндеген өсиетін дәріптеуді көздеген.
Белгілі абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, кинотанушы, профессор Назира Рахман секілді танымал мамандардан құралған қазылар алқасы Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған 45-тен астам бейнематериалды сарапқа салды.
Соның нәтижесінде әлеу­меттік роликтер бойынша «Үздік режиссер жұмысы» мен «Үздік музыкалық сүйемелдеу» аталымы бойынша Әнуар Шаймерденов қара үзіп шықты. Ақынның «Адам бол» атты қара сөздеріне түсірілген «Жүрек пен жан» деп аталған ролик те үздік атанды. «Өзіңнен – өзің есеп ал» деген әлеуметтік сюжет те жүлдегер қатарынан көрінді. Ал қысқаметражды фильмдер бойынша «Үздік режиссер» аталымында «ВАВА фильмі (авторы Қалдыкөз Рақымжан) топ жарды. «Үздік монтаж» жұмысы үшін «Қора» фильмі жоғары бағаланды. «Үздік оператор» «WHEELS» фильміне (авторы Нұрбол Ерболұлы), «Үздік сценарий» «Әке арманы» фильміне (автор Мұхтар Ерубаев) берілді. «Үздік қоюшы-суретші» аталымын «MASQUIT» фильмі алды. Абай атамыздың нақылдарына үздік киноинтерпретация – «Қадірі кетпес қара сөз» фильміне бұйырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 4 =