ІЗГІЛЕНДІРУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕЙДІ

0 155

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы таныстырылды.

ҚР Әділет министрінің орын­басары З.Х.Баймолдина жобаны талқылауға жергілікті атқарушы биліктен бастап бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, басқа да қарапайым адамдардың қатысқанын да айта келіп, түскен 1209 ұсыныс­тың 472-сі жобаға енгізілгенін баяндады.

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын орындау мақсатында әзірленген. Мұндағы басты тапсырманың бірі – әкімшілік жазаларды күшейтпей, қоғамда ізгілендіру жұмыстарын жүргізу, сөйтіп, процестік институттарды жетілдіру. Осы бағытта әп дегенде жақсы бастамалар қолға алына бастады. Мәселен, айыппұлдарды жеті күн мерзімде төлеген жағдайда оның мөлшері 50 пайызға қысқарды.

Жасыратыны жоқ, бізде жол ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұл көлемі ауқымды екендігі бұған дейін де депутаттар тарапынан бірнеше рет сөз болды. Осыған байланысты қарастырылып отырған заң жобасында әкімшілік айыппұлдардың бірқатарының мөлшерін төмендету жөнінде 157 құрам бойынша түзету енгізілген.

Осы бағытта, әсіресе, қала көшелеріне орнатылған бейнебақылау камераларына қатысты кейбір нақтылайтын мәселелер бар екендігі айтылды. Рас, бұл қондырғылардың жол жүру ережелерін бақы­лау­дағы рөлі айтарлықтай, алайда тәртіп бұзып, автоматты тіркелген мәліметтер айыппұл төлеу үшін көлік иесінің мекенжайына келеді екен. Ал сол көлікті сенімхат арқылы басқа біреу жүргізіп жүрсе немесе сенімхат арқылы екінші біреуге сатылған болса, қалай болмақ?

Екінші бір жайт, отбасы­лық-тұрмыстық қарым-қатынаста болатын дау-жанжал кезінде шағым түскен адамды бұрын ішкі істер органдары 3 сағат қана ұстап, жіберіп қоятын. Енді оны 24 сағатқа дейін ұзарту ұсынылып отыр. Депутат Мерует Қазбекова мұны да аз деді. «Кейінгі кезде елімізде ішімдікке тойып алып, отбасына, бала-шағасына ойрандай тиетін маскүнемдер көбейіп бара жатқанына куә болудамыз. Оларды толық сабасына түсіру үшін 24 сағат аздық етеді. Кем дегенде оларды 48 сағатқа дейін қамауда ұстау керек» деген пікір айтты.

Әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру, негізінен, үлкен мақсаттарды көздейді. Осы бағытта жазалау түрлерін жеңілдетілген тұрғыда қайта қарау, қысқартылған іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ, айыппұл сомасы жалпы сомадан 30 пайыз шегінде қысқартылуы мүмкін субъектілердің тізбесін ұлғайту мәселелері төңірегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Г.Бижанова, М.Махамбетов, М.Магеррамов, Қ.Мусин, М.Айсина, тағы басқалары өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Заң жобасы айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, әлі де жетілдіре түсу үшін заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің жұмыс тобына қайтарылды.

Таңатар  Төлеуғалиев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − four =