ІЗГІ ЖОЛ БІЛІМГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

0 157

2

Республика аумағында жыл сайын үкімет, жергілікті әкімдіктер мен білім басқармалары жаңа оқу жылында барша бүлдіршіндердің толық мектепке баруын қамтамасыз етіп, оқу құралдары мен киім-кешектерін алуына жағдай жасау мақсатында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып келеді.

Имам Бұхари мен имам Мүслімнен келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жесір мен жетімге көмектесу Аллаһ жолында жихад қылғанмен тең» деген. Ал Имам Мажәһдан жеткен хадисте Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін істегендер Алла жолында жихад қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты» дейді. Асыл діннің кесімі мен ел дамуының негізгі мақсатының бір бағытта екендігін байқатқан сондай бір игі шара елордамыздың айшықты үш мешітінде өткізіліп,  онда жаңа оқу жылын асыға күткен бүлдіршіндерге қажетті оқу жабдықтары таратылды.

Мектеп оқушыларының сағына күткен маусымында  ата-аналар балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақтарын, киім-кешектерін әзірлеуге көшеді. Бұл кезде жоқшылық қолын байлап,  осы көштен кейіндеу қалатын отбасылар да бар екенін еске салған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы осындай ізгі іске атсалысып, қол созған азаматтардың ел ішінде аз емес екендігін айтты.

Бұл кеште бүлдіршіндердің риясыз қуанышына бөленген ата-аналар да ризашылықтарын жасыра алмай, игі іске мұрындық болған барша азаматтарға, аталмыш шараны өткізуге ұйытқы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігіне, барша дін қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Биылғы «Дін мен дәстүр жылы» аясында мүфтият айқындап берген төрт бағытты іске асыру мақсатында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешіті «Мейірімділік мекені» жобасын қолға алып, жұмыс жүргізіп келе жатқанына да бірталай уақыт болды. Ел игілігіне қызмет етуді басты міндетіне айналдырған елорданың орталық мешіті республикалық акцияға өзіндік үлес қосуды мақсат тұтып, жыл сайын айтулы акция аясында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған осы акция да «Мейірімділік мекені» жобасы аясында өткізіліп отыр. Республикалық деңгейде қолға алынған акция аясында «Нұр Астана» орталық мешіті мен «Әзірет Сұлтан» мешітінде 250 оқушы, «Ғылмани» мешітінде 100 бүлдіршін, жалпы саны 700-ден аса бала мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + fourteen =