IЗДЕУ САЛАМЫЗ…

1 269

Айдың-күннiң аманында жақыныңызды жоғалтып алсаңыз, не iстейсiз?! Әрине, шарқ ұрып iздеу саласыз. Мұндай жағдайда не iстеу қажет? Ендеше, есiңiзде болсын.
Астана қалалық iшкi iстер департаментiне адам жоғалғаны жөнiнде шамамен күнiне бес арыз түседi екен. Жақсысы, тәулiкке жетпейтiн уақыттың iшiнде жоғалған адамның хабары шығып, арыз түссе де, iс тiр-келмейдi. Бiрақ, iз-түзсiз жоғалып жатқандар да жоқ емес. Жоқ iздеген, «Iздеу саламыз, көрген-бiлгендер болса, байланысыңыздар» деген мәтiндегi бағаналарға жапсырылған хабарландырулар қалада жиi ұшырасады. Оны аялдамаларда, көпшiлiк жиналатын орындарда кездестiремiз. Бiрақ, мән берiп оқып жататындар сирек. Жоқ iздегенге бұл да аздық етедi. Мұндай жағдайда «102» телефонымен хабарласыңыз. Жоғалған адамның сыртқы бой-пiшiнi, бет-әлпетi, шашының түсi, ерекше белгiлерiн айтып, арыз толтырыңыз. Сонымен қатар сол күнi киiп кеткен киiмiн еске түсiрiңiз. Оның қол сағаты, сөмкесi, көзiлдiрiк, кiлтi тағы басқа заттары болса, жасырмай айтыңыз. Жақындарыңыздың соңғы кезде түскен суреттерiн сақтауды әдетке айналдырыңыз.
IIБД мәлiметтерiне сүйенсек, көп жағдайда ақыл-есiнде кемдiк бар науқастар үйiнен шығып кетiп, адасады екен. Ондай «ұмытшақ» туысқаныңыз болса, оның аты-жөнi мен тұрғылықты мекен-жайының, байланыс телефондарының дерегiн жазған қағазды қалтасына салып қойыңыз. Сонымен бiрге жасөспiрiмдердiң де үйiнен кетiп қалу фактiлерi тiркелген. Iшкi iстер департаментiндегi қызметкерлер мына бiр жағдайды айтты. Басқа қаладан көшiп келген бала жаңа жерге үйренiсе алмай, ата-анасына айтпастан туған қаласына кетiп қалған екен. Сабылып iздеген инс-пекторлардың жұмысын былай қойғанда, туғандарының қиналысын елестетiп көрiңiз. Мұндай жағдайды болдырмас үшiн балаңыздың мiнезiндегi әрбiр өзгерiстердi назардан тыс қалдырмаңыз. Кейде тұрмыстың ұсақ-түйек кикiлжiңдерiнен кейiн де ашуға басқан бала үйден кетiп қалып жатады. Сондықтан да соңғы тәулiкте болған оқиғаларды рет-ретiмен еске түсiрiп, оны iздеушi инспекторларға тәптiштеп айтып берген жөн. Кейде сiз мән бермеген мәлiметтiң адамды iздеуде шешушi мәнi болуы мүмкiн.
Адамдар ине емес, жоғалып кетпейдi десек те, айналамызда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамаған дұрыс. Мүмкiн, жан-жағына жалтақтай қарап, бiр жердi айналсоқтап жүрген егде кiсi адасып қалған жан шығар. Немесе беймезгiл уақытта көшеде кездескен баланы үйiнде ата-аналары күтiп отырған болар.
Бағанада жапсырылған iздеу парақшасына зер салып қараңыз, мүмкiн оны бiр жерде көрген боларсыз. Мұның бәрi жоғалған жандардың туыстарымен қауышуына септiгi тиедi. Тек, мұны бөтеннiң қайғысы деп, сырт айналмаңыз…

Айгүл УАЙСОВА

  1. Нурхат :

    Нурым Куаныш аганы издеймин Эстрада Жулдызы.Нурым аганы коргим келеди козбе коз.Себеби Нурым ага суйкти аншим.Менин есимим Нурхат.Сиздерден отинерим хабарласыныздаршы ±77058219255

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =