ИТТЕРГЕ БАСПАНА САЛУ ҚАУІПТІ СЕЙІЛТЕДІ

0 147

Астана қаласы әкімдігі иесіз иттер мен мысықтарға арналған баспана салу туралы бастама көтерген болатын. Алайда әлеуметтік желідегі жұрт «Иттерге емес, әуелі адамдарға баспана салу керек еді» деп бұл бастаманы сынап жатыр. Бір қарағанда, азаматтардың бұл уәжі орынды көрінгенімен, қаңғыбас иттерге арналған орталық ашу үлкен шаһарға қажет-ақ.

«Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметі бойынша өткен жылы 1234 адамды ит қауып алған. Сондай-ақ, осы жылдың алғашқы екі айында елордада 85 адамды ит тістегені туралы дерек тіркелген. Осындай оқиғалардың жиі орын алуына байланысты әкімдік иттерге арналған арнайы орын әзірлеп отыр. «Астана ветсервис» директоры Айдархан Арыс­тановтың айтуынша, орталыққа қажет жер арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы ауданында бөлінген.
– Жаңа орталықта төрт жүзге жуық ит пен жүзге жуық мысық ұсталатын болады. Орталық аумағында ит пен мысықтарды жаттықтыруға арналып жабдықталған аула салынады. Жануарлар үйі жартылай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету арқылы өзін-өзі қамтамасыз етеді. Онда байланыс жануарлар бағы, үйрету алаңдары, карантинді бөлік және жануарларды стерильдеу блогы болады, – дейді ол.
Айдархан Арыстанов қаңғыбас иттерге қамқорлық көрсетуде еріктілердің көмегі көп болып отырғанын атап өтті. Бірақ ол қала басшылығы бөліп отырған қаражат төрт аяқтыларды тамақтандыруға әбден жеткілікті екенін жеткізді. Десек те, жаны жомарт астаналықтар жануарларға ет, сүт, нан әкеліп, қамқорлық көрсетуде. Мысалы, жақында бір ерікті қыз 80 келі сиыр етін алып келіп, жануарларды тамақтандырып кеткен.
Шынында да, қала сыртында орналасқан орталыққа барып, иттерді тамақтандыруға еріктілер көп күш салып жатыр. Солардың бірі – дизайнер-интерьер болып жұмыс істейтін Ирина Скоренцова. Біз орталыққа барған кезде ол көлік қағып кеткен итті рентгенге түсіруге дәрігерге алып бара жатыр екен.
– Иесіз иттерге арналған орталық ашылғанын естіп, ерікті болуға бел шештім. Ең алғаш өткен аптада келіп, иттерді тамақтандырып әрі су беріп кетіп едім. Тізім бойынша 16 адам ерікті болуға тіркелдік. Біз кесте бойынша күніне екі рет осында келіп жұмыс жасаймыз. Жалпы, жұмыстан қолым босағанда орталыққа келіп иттерге көмектескен ұнайды. Мұнда мен сияқты келіп, иттерге көмектескісі келетін адамдар өте көп. Біз үйден әкелген немесе кейбір қайырымды жандар тастап кеткен тамақты иттерге береміз. Кейбір адамдар «иттерден қорқамыз» деп жатады. Ал мен неге екенін білмеймін, иттер тістеп алады екен деп қорықпаймын. Тіпті иттермен әңгімелесіп, олармен сырласатын кездерім болады, – дейді ол.
Біз еріктіден «қаланың сыртындағы орталыққа келіп-кету қиындық тудырмай ма?» деп сұрадық. Оның айтуынша, демалыс күндері орталыққа келіп, 3-4 сағат уақыт өткізу ештеңе өзгертпейді. Сондай-ақ, ол иттерді әлеуметтік желі арқылы иесіне тауып беруге көмектесетінін атап өтті.
– Қаланың сыртында орналасқан иттерге арналған орталыққа келіп-кету қиын емес. Біз бірнеше ерікті бірігіп жеке көлігімізбен осында келіп, иттерге қамқорлық жасаймыз. Оның үстіне біздің міндетіміз иттерді тамақтандыру ғана емес, сонымен қатар, оларды өз иесіне тапсыру болып саналады. Мәселен, біз әлеуметтік желі арқылы әр итті ғаламторға тіркеп қоямыз. Сондағы хабарландыру арқылы осында адамдар келіп, өзіне ұнаған итті алып кете алады. Мәселен, кеше иесіз 4 итті алып кетті. Оның екеуін Ақкөлге, ал қалған екеуін жергілікті астаналықтар асырап алды. Сондай-ақ, жуырда Қарағанды қаласынан арнайы келіп, екі итті алып кетті. Жалпы, мұнда келіп, ұнаған итіңді асырап алуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Қаңғыбас иттерге арналған орталық ашу бір қарағанда еріккеннің ермегі болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай орталықтың ашылуы адамдарға иттер тарапынан төнетін қауіпті сейілтеді. Өйткені өткен жылы – 1234, ал биылғы жылдың алғашқы екі айында 85 адамды ит қауып алған. Егер орталық өз міндетін мінсіз атқаратын болса, иттердің адамдарға шабуылы азаяр еді. Туризм орталығына айналып жатқан елордамыздың көшелерінде иесіз ит пен мысық қаптап жүрсе, бәрімізге сын емес пе?

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =