«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

IT жобалар: жаңашылдық пен жаңғыру

0 53

Нұр-Сұлтан қаласындағы цифрландыру жобалары түркітілдес мемлекеттерде кең қолданысқа енгізілуі мүмкін. Елордада соңғы жылдары сәтті жүзеге асырылған IT жобалар елордада Түркі кеңесі өкілдерінің қатысуымен өткен «Smart Сity Nur-Sultan» өңіраралық форумында таныстырылды.

image-30-09-21-01-36-5
image-30-09-21-01-36-4
image-30-09-21-01-36-3
image-30-09-21-01-36-2
image-30-09-21-01-36-1
image-30-09-21-01-36
previous arrow
next arrow

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Қазақтелеком», «Astana Innovations», «International Data Corporation» сынды коммерциялық ұйымдар бірлесіп өткізген форумда елорда әкімдігі мен Кеңеске мүше мемлекеттер делегациясының арасындағы цифрлық трансформация, қаланы басқаруда жаңа технология­ларды енгізу және инновациялық жобаларды дамыту бойынша өзара тиімді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.
Форумның ашылу салтанатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев сөз сөйледі. Өз сөздерінде спикерлер Нұр-Сұлтан сынды дамушы қалалардағы смарт-жобалардың тиімділігін алға тартып, оны іске асырудағы тәжірибелер дәл осы алаңда көпшілік назарына ұсынылатынын жеткізді.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов ұйымның «Smart City» құруға арналған кешенді өнімдерімен таныстырды. Бұл жобалар қаланы басқаруда қауіпсіздік, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, білім беру, көлік сияқты негізгі салалар бойынша мәліметтер базасын құруға мүмкіндік береді.
– Карантин біздегі интернетпен қамтамасыз ету мәселесіндегі көптеген олқылықтарды көрсетіп берді. Ең қиыны, интернеті жоқ елді мекендерге желі арқылы ғаламтор жеткізу мүмкін емес. Себебі тиісті инженерлік-инфрақұрылым жоқ. Сондықтан біз Fixed Wirelees Access жүйесіне басымдық беріп отырмыз. Бұл жүйе сымсыз жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистердің маңындағы елді мекендерде жүзеге асырылып, тиімділігін көрсетті.
Қазір пилоттық режимде Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларының жекелеген бөліктерінде 5 G жылдамдықтағы интернет таратыла бастады.
Сондай-ақ бейнебақылау камераларының түсірілімдеріне сараптама жасау, оны қолдану мүмкіндігін арттыру бағытында да ауқымды жоба іске асырылуда. Жоба нәтижесінде біз құрылыс нысанындағы жұмыс қарқыны, канализациядағы су деңгейі, қоқыс контейнерлеріндегі қоқыстың уақытылы тазартылуы, туристік нысандарға келушілердің географиясы сынды мәліметтер базасын жинақтай алдық. Бұл мәліметтер қаладағы коммуналдық шаруашылық, туризм салалары бойынша тиісті шешім шығару үшін жергілікті әкімдікке берілді, – деді Нұрлан Мейірманов.

image-28-09-21-07-54-3
image-28-09-21-07-54
image-28-09-21-07-54-1
image-28-09-21-07-54-4
previous arrow
next arrow

Форумда елорадағы Smart City жобасымен айналысып жатқан өзге де IT компания өкілдері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі «Интеллектуалды көлік жүйе­сі» жобасы, білім берудегі Roqed Science, Нұр-Сұлтан қаласының геоақпараттық орталығы сынды жобалар туралы да сөз болды.
– «Astana Innovations» акционерлік қоғамы Нұр-Сұлтан қаласындағы смарт-қала жобасының операторы болып табылады. Біз қаланы IT компаниялар үшін тәжірибе алаңына айналдырдық. Бір сөзбен айтқанда, қала әкімдігі мен IT компаниялар арасын жалғастырушы «көпір» қызметін атқарып келеміз. Компаниялар қала өмірінің барлық саласын қамтитын IT жобалар ұсынып, оның тиімділігін іс жүзінде сынап көруге қол жеткізді. Мәселен, біз қала тұрғындары мен қонақтары арасында кең қолданысқа ие болған «Smart Astana» жобасын жасап шықтық. Ол қосымшаны елорданың цифрлық қосымшасы деп те атауға болады. Сонымен қатар «OPEN DATA» ашық мәліметтер порталы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде біз бірқатар халықаралық ұйыммен әріптестік байланыс жасаймыз. Олардың қатары алдағы уақытта Түркі Кеңесімен толығатынына сенімім мол, – дейді «Astana Innovations» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрсұлтан Қалдыбаев.
Сондай-ақ аталған форум қатысушыларының назарына ұсынылған «Интеллектуалды көлік жүйесі», қаланың онлайн картасы сынды жобалар да көпшіліктің көңілінен шықты. Оның алғашқысы елордағы жол-көлік қозғалысын автоматты режимде бақылауға мүмкіндік берсе, қаланың «цифрлық егізі» атанған онлайн карта құрылысты жобалаушылар мен сәулетшілердің сенім серігіне айналмақ. Бұл қосымша арқылы құрылысты жобалаушылар ғимарат орналасатын аумақты және оның болашақ кескін-келбетін онлайн-режимде көре алады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды