©2020 Астана Ақшамы
ІСМЕР ТӘРБИЕЛЕУ ІЗГЕ ТҮСТІ
Кәсіптік білім беруге бүгінде ерекше маңыз берілген. Өйткені, өндіріс буынына техникалық маман иелері ауадай қажет. Екіншіден, ескі құрал-жабдықтардың орнын жаңасы алмастырды. Сондықтан, осыларды меңгеру үшін әрбір оқу орнына зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Елбасы былтыр бағдарламалық мақаласында еңбек жолының бастауы болған кәсіптік бағдардың ерекшелігіне тоқталып өтіп, оқу орындарына тиісті міндеттер жүктеген болатын. Талапқа жауап бере алмайтындарын ықшамдау қажеттігін де ескертті. Рас, елордамызда кәсіптік білім беретін отыз тоғызға жуық білім ордасы бар. Таяуда біз соның бірінде болып, оқу мен тәжірибені ұштастыру ісіне назар аудардық. Ол – менеджмент және бизнес колледжі еді.
Бұл жерде шәкірттер он мамандық бойынша білім алады екен. Колледжде жалпы білім беретін және арнайы пәндер бойынша оқу-әдістемелік құралдар, тест материалдарының жинақтары әзірленеді. Веб-портал, электрондық оқу құралдары қажетті бағдарламамен қамтамасыз етілген. Бір ерекшелігі, оқушылар алған білімін осында тәжірибемен ұштастыра алады. Ол үшін арнайы бөлмелер қажетті материалдармен қамтылған.
Ғимараттың әрбір қабатында әсем бояумен салынған суреттер тұр. Соның ішінде өзіне ерекше назар аудартқаны – бізбен кестеленген шаңырақ. Бұл туындыға тұңғыш Президент мерекесі күні ұйымдастырылған байқауда Гран-при жүлдесі берілген. – Біз отбасымызбен бірге Моңғолиядан Алматыға 1992 жылы қоныс аудардық. Осында Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының магистратурасында бейнелеу өнері бойынша білім алдым. Ал Астанаға келу себебім, кезінде халық арасында кең тараған бізбен сурет салу өнерін жас ұрпақ бойына сіңіру. Жасыратыны жоқ, бұл іс қазір ұмытылып кетті. Жекелеген адамдар болмаса, мұнымен айналысып жатқан оқу орнын өз басым естімедім. Бұл – өте қиын өнер. Мата мен жіптен ою-өрнек салу оңай емес. Менің еңбектерім республикалық, халықаралық байқауларда лайықты бағасын алды. Ал, шәкірттерім еңбегіне жұртшылық ықыласты пейілін білдіруде. Болашақта олардың жұмысын шет елге шығару ойымда бар,-дейді колледж оқытушысы Гүлназым Өмірзаққызы.
Колледждегі экономика пәндерінің оқытушысы Марғұлан Аманбеков бізге кейс әдісінің ерекшелігін айтып берді. Яғни, сабақ барысында оқушыға пікір айтуға мүмкіндік беріледі. Тақырыпқа қатысты детальды өндіріс орнымен байланыстырып, әрбір техниканың айырмашылығына түсініктеме беріледі екен.
Біз колледж жұмысымен танысу барысында жағымды істерге қанық болдық. Баса атап өтерлік, қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртатын қолөнер бұйымдарының ісмерлері осы жерде тәрбиеленіп жатыр.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ