Исламофобия астарында не жатыр?

0 201

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «арабқұл» деген сөз пайда болды. Көбіне хиджап кигендер мен шолақ шалбарлылардың суретін қойып, «дінің осы ма?» деп қорқытатын болды. Одан қалды исламның ықпалынан ыққандарға «тәңіршілдік» деген ұғымды тықпалап, қазақтың ойы тағы екіге бөлінді. Қоғамда белең алып келе жатқан осы үрдістің астарына үңілу үшін дін саласының мамандарын сөйлеткен едік.Қуаныш ТОҚСАНБАЙҰЛЫ, дінтанушы:

Соңғы кездері қоғамда «тәңіршілдер» атты исламофобиямен жүректері ауырған топ пайда болуда. «Исламофобиямен ауыратын» деп сынауымыздың негізгі себебі – өздерінің нанымдарына қарағанда әлдеқайда басым форматта тек исламға тиісуі. Түріктер мақалдарында «адамдар жемісі бар ағашқа ғана тас атады» деп айтқандай, өзің еш жеміс өсірмей, тек өсіп тұрған жеміске тас ату қашан да оңай, әрі атағыңды шығаратын жеңіл жол.
Олардың тағы бір ұстанымдары Тәңір мен Алла арасын бөледі. Араб­тың «Алласы», біздің «Тәңіріміз» деп құдайды жекешелеп алу қай тарихымызда орын алып еді. Зия­лыларымыздың кезіндегі діни сауатсыз кадрларды сынағанын білеміз, бірақ олар ешқашан Тәңірді қазаққа жекешелеп, пайғамбарға балағат, сын айтпаған. Қазақ о бастан Тәңір ұғымымен бір Алланы түсінген, екі сөзді бөлек қарастырмаған.
Қазақ о бастан тәңіршіл десек онда әл-Фарабиді, Бұхар жырауды, Майлықожа мен Қожа Ахмет Яссауиды, «зар заман ақындары» мен алаштанушы реформаторларды (ислам дінін өзгерткен жаңашылдар емес, бәлки оқыту әдіснамасы мен дипломатиялық қарым-қатынас­қа жаңашылдық әкелгендерді), Абайдың оқыған діни медресесін, Құранмен ұштасқан қара сөздерін, Шәкәрімнің «Үш анық», «Мұсылманшылдық шарты» еңбектерін, Ыбырайдың «Мұсылманшылдық тұтқасы» еңбектерін т.б. көптеген еңбектер мен зиялыларымызды қайда қоямыз? Әлде олар интернет дамымаған заманда өмір сүргендіктері себепті көп дүниелерде қателесті деп, сегізден аса тіл білген зиялыларымызды жерге ұрып, өзімізді керемет ақылды санаймыз ба?!Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы:

Дін тақырыбы қоғамда ең көп жазылатын, талданатын тақырыптардың біріне айналғалы қашан?! Бұл тақырыптың алдыңғы қатарға шығуына үлес қосатын факторлар көп. Біріншіден, дінді ұстанушы адамдардың басқа адамдарды шақыруы, уағыздауы. Кез-келген дінің ішкі мәнінде бұл қағида бар. Яғни, дінге шақыру ізгі амал болып саналады. Екіншіден, қарсы тараптағы адамдардың көңіл-күйі. Қазіргі заманда уағыздалған дүниелердің барлығына бас изеп, мойындай беретін адамдардың саны көп емес. Ой, талғам, ғылыми тұжырымдар, дүниеге құштарлық т.б. көптеген факторлар адамдардың дінге қатысты ортаға тастаған пікірлеріне сыни қарсылық тудырады. Үшіншіден, радикалды топтардың әсіре діншілдігі. Қалыпты, өз ағысымен, хикметке негізделген діннің таралуын місе тұтпайтын кейбір ағым өкілдері тез арада барлық қоғамның өздері ойлағандай «діндар» болуын қалайды. Осы миссияның жолында не кедергі болса, соның бәрін жау көреді. Ақырында бұл агрессия­лық ұстаным діннің таралуына емес, керісінше жек көрушілік пен діннен безушілікке әкеледі. Төртіншіден, жоғарыдағы жағдайлардың бәрін сыртынан бақылаған кейбір адамдардың дінсіздігі. Кейінгі кезде атеизм, тәңіршілдік атымен жалаң ұлтшылдық бейнесін жамылып дінге, дін адамдарына жасалып жатқан шабуылдар.
Міне, осылардың барлығы қоғамда дінге қатысты тақырыптардың желі бетіне жиі шығуына, көптеген талқылауларға себеп болуда. Бірақ сырттай қарағанда үлкен қайшылықтар сияқты көрінгенімен мұндай жағдайлар қоғамдағы дін мәселесінде жақсы дүниелерге де себеп болады. Мәселен, радикалды формадағы ұстанымдардың шығуы қалыпты дін өкілдерінің діни сауаттылығын арттыруға түрткі болды. Ал дінге орынды-орынсыз жасалып жатқан шабуылдар еліміздегі әртүрлі жамағаттарға бөлінген ислам өкілдерін бірігуге итермелеуі мүмкін. Сондықтан қоғамда дін мәселесін заң аясында реттеуден бөлек, қоғамдық ұстанымдардың да өз деңгейінде реттейтіндігіне көз жеткізудеміз.Төрәлі ҚЫДЫР, филология ғылымдарының кандидаты:

Тәңіршілдікті кеңінен насихаттап жүрген біздің «оқығандардың» басым бөлігі өз айтқандарына өздері толық сене қоймайды. Сенімдерін шыңдап отыру үшін, өз иланымдарындағы құлшылықтың жөн-жоралғысын да жасамайды. Тек қана жазады. Онда да өз сенімдерін негіздеп, ғылыми еңбек жазбайды, тек қана айтады. Айтқанда да көпшілігі ғылыми ортада емес, әлеуметтік желілерде жасырын, бүркеншік атпен «сүйкейді». Біразы аты-жөндерін ашып жазбайды. Ашып жазса, «пәленшенің баласы кәпір» екен деген сөзден аяқ тартады. Ертең өлсем жаназам шығарылмай, ислами жөн-жоралғысыз жерленуім мүмкін деп шошиды. Себебі ұстанған бағыттарының түбі шикі екенін өздері де біледі. Содан әлеуметтік желіде бірнеше парақша ашып алып, дін туралы жазғандарды «аңдиды». Басқа дінді ұстанатын өзге ұлттарды емес, өзінің мұсылман қазақ бауырларының намысына тиіп, имани сенімін аяқасты еткісі келеді. «Бас тәңіршінің» Исламды қаралап жазғанына өз сенімін қорғаштап бір мұсылман жауап жазса, бірнеше парақшаларды «ойнатып» отырған фейк авторлар шибөрідей жабылып, табалайды. Дәлел-дәйексіз, көбінесе сөзді ойнатады. Өкінішке орай, біздегі тәңіршілдердің кейпі осындай бүгінде.
Тәңіршілміз дегені бер жағы, шын мәнісінде көпшілігі сол сенімнің артына жасырынған дінсіздер, ғылыми тілде айтсақ, атеистер, мұсылманша атасақ, кәпірлер. Исламды қабылдаған түркі халықтары үшін, тәңіршілдік – өтіп кеткен кезең. Яғни, тәңіршілдік түркілердің балаң кезеңі болса, Ислам – кемелдену кезеңі. Сондықтан да бүгінгі қоғамда тәңіршілдікті дін ретінде насихаттаудың қажеттілігі де шамалы.

Құдияр БІЛӘЛ, дінтанушы:

Исламофобия – ислам дініне қарсы күштердің бүгінгі қол жеткізген жетістігі. Бұл термин айналымға 1991 жылдан бастап шыға бастады. Содан бергі уақытта олар едәуір жетістікке қол жеткізді. Исламофобияның шарықтау шегі – 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында орын алған оқиға. Сол кезде екі ұшақ Халықаралық сауда орталығының екі ғимаратына келіп соғылып, екеуін де жойып жіберген болатын. Бұл террорлық іс-әрекетті кезінде «Әль-Каида» ұйымы өз мойнына алды. Рас, өз сырын ішіне бүккен көп құпия жайттар әлі күнге дейін ашыла қойған жоқ. Егер әсірелеп айтар болсақ, осы оқиға исламофобиялық «танымды» одан әрі кеңейтіп, оған қарсы күштерді жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып жіберді. Бүгінгі күні біздің елімізде бой көрсетіп жатқан тәңіршілдік сол қаптаған «саңырауқұлақтардың» тек біреуі ғана. Ал оларды қаржыландыратын – «жаңбыр» иесі. Біз әсірелеп айтып отырған «жаңбыр» иесі, әуелгіде, олар әлі де ол ниеттерінен бас тартқан жоқ, Ұлыбритания болса қазір оларға АҚШ жетекшілік етеді. Тәңіршілдерді де қаржыландыратын солар. Сол қаржылық мүмкіндіктеріне орай қазіргі кезде тәңіршілер де белсенділік таныта бастады. Олар Қырғызстанда тіпті билікке де араласуда. Бізде де едәуір күшке ие. Әйтсе де олардың тәңіршілдік туралы түсініктері тым жұтаң. Соған орай тәңіршілдер біздің дәстүрлі дініміздің кейбір элементтерін өздеріне иеленгісі келеді. Тіпті салт-дәстүрімізді де өздеріне телиді. Ал бұған көз жұма қарауға болмайды. Себебі бұлайша үй ішінен үй тігуге ұмтылу, ұлттық тұтастыққа нұқсан келтіреді. Сонымен қатар олар өз уағыздарын ислам діні қағидаттарын жоққа шығару арқылы жүргізеді. Ал бұл деген, біз жоғарыда тілге тиек еткен исламофобияны қалыптас­тырған күштер қызметіне үн қосу деген сөз. Сондықтан да оларды діни ағым деп емес, тәуелсіз мемлекетіміз тұтастығына нұқсан келтіретін сыртқы күштердің құрамдас бір бөлшегі деп қабылдағанымыз жөн. Мемлекеттік құзырлы органдар да оларға қарсы осы танымдық тұрғыда әрекет етуі тиіс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + five =