Исламға жат әрекет қой

0 10

Жуырда жаңалықтар таспасынан «Нұр-Сұлтан мен Алматыда еліміздегі алғашқы крематорийлер салынады» деген жаңалықты көріп, жағамды ұстадым. Zakon.kz сайты: «Нұр-Сұлтанда биыл крематорий салып, пайдалануға беру жоспарланған. Оның құрылысына 1 млрд 519 млн 285 мың теңге бөлінді» деп дүйім жұрттан сүйінші сұрапты. Әділет министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік комиссия тарапынан екі үлкен қалада крематорий салуға бюджеттен қаражат бөлуге пәрмен берілгенін хабарлады.Қош делік. Мәйітті өртеуге будда, христиан дінінде рұқсат етіледі. Еуропа елдерінде мұндай салт бұрыннан бар. Алайда ислам шариғатында мұсылманның денесін өртеуге болмайды. Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. адам түгілі қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескертіп, хадистерінде айтты емес пе?!. «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең» деген хадисті бәріміз білеміз ғой. Демек, біздің дініміз бойынша, өлген адамды өртеу – мәйітті аяусыз қорлау, азаптау болып табылады.
Ол ол ма, атам қазақтың дәстүрінде қабірді құрметтеу деген бұрыннан келе жатқан әдеп бар. Бейітке қарап қолын шошайт­пайтын қазақ марқұм болған мұсылманға ерекше құрметпен қараған. Шариғат бойынша, қайтыс болған адамның денесін жер қойнына тапсырады. Өлген адамды өртеу – исламға жат. Олай болса, крематорий салу деген – дінімізге, салт-дәстүрімізге кереғар. Меніңше, мұндай мемлекеттік мәселе әуелі қоғамның, халықтың ой-пікірін, ұстанымын біліп, ескеріп барып қана шешілуі тиіс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бұған нақты, тура ұстанымын білдіруі қажет.
Әсіредіншілдер өлген адамды өртеу өркениеттің белгісі деп санайды. Сонау Еуропа мен АҚШ-та мәйітті өртеу – адамды жерлеудің ең арзан тәсілі. Ал Қазақстанда 500 000 теңге төлеп, мәйітті Ресейдің Новосібір және Барнаул қалаларына апарып жүргендерге не дейміз?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + sixteen =