Исламды саясаттандыру факторлары

0 39

Ислам дінінің саясаттануы мұсылман діні пайда болған дәуірден бастап пайда болды десек қателеспейміз. Ислам діні исламдық мемлекеттердің ішкі саясатында мемлекеттік идеология ретінде үлкен рөл ойнауымен қатар, әлемдік саясатта да маңызға ие.

Бүгінде демократизация және жаһандану уақытында дінге қатынас өзгере бастады. Бірқатар мемлекеттердің саяси көшбасшылары, жекелей беделді тұлғалары өзінің жеке, саяси, әлеуметтік қызығушылықтарын қанағаттандыру мақсатында исламды тиімді саяси құрал ретінде қолданады. Исламның саясилану деңгейін қалай төмендетуге болады, барлық әлем бо­йынша радикалды исламдық идея­­лардың және джихад тәжі­рибесінің таралуына байланысты шие­леністерді шешуге қандай құралдар көмектеседі? Егер колониал­ды жүйенің пайда болуы кезінде исламның саясилануы ислам дінін ұстанатын тұрғындардың колонизацияға, империя қысымына қатысты әсері, яғни ұлт-азаттық күрестің, тәуелсіздік алудың әдісі болса, ал халықаралық қатынастар дамыған заманауи кезде мұсылмандар дінінің саясилануы мұсылмандардың демократизация мен жаһандану үрдістеріне берілген өзіндік жауабы ретінде қарастырылады. Ең қорқыныштысы, ол бүгінде ислам мұсылман елдерінде де, Батыс елдерінде де мемлекеттік саяси қару ретінде қолданылады.
Діннің қазіргі таңдағы саясатты гуманизациялау бойынша әрекеттері белгілі бір нәтижелерін беріп отыр. Осы саладағы діннің мүмкіндіктерін түсіну айтарлықтай кеңінен таралып отыр. Мәселен, бұл түсінік әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезінде анық көрініс тапты: «Біз діни және саяси басшыларға, қоғамдық қайраткерлерге, ғалымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және әлемдік қауымдастыққа: шынайы дін­аралық сұхбатты орнатуға байланысты дін басшылары мен діни ұйымдардың әрекеттеріне үнемі қолдау көрсетуін сұраймыз, сонымен қатар, адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге байланысты сәйкесінше жолдарын табу және осы тұста діннің қоғамдағы жағымды рөлін мойындау; заңды ерекшеліктерді құрметтеу негізінде қоғамдық бірлікті сақтау мақсатында дінді деструктивті жолмен қолдану немесе саяси мақсаттарда діни ерекшеліктерді қолданбауға; жаһандық деңгейдегі экономикалық, қаржылық, экологиялық мәселелерді әділетті шешуде орасан зор моральдік және рухани, шынайы ынтымақтастық көрсетуге шақырамыз».
Қазіргі таңдағы экономика мен қаржылық жүйенің адам байлығынан алшақтату, оның экономикалық мүдделері мен құқықтарын ұмыту. Спекулятивті капиталдың шынайы экономикадан басым түсуі, әлемдік экономикалық жүйенің шексіз азғындығы. «Хантингтон ХХІ ғасырдың «өркениеттер қақтығысына» ұшырауы мүмкін екендігін айтты. Бұған, меніңше, «мәдениеттер жақындастығын» қарсы қою­ға болады. Ал мәдениет­тер жақындас­тығы деген не? Оны қалай түсініп жүрміз? Мәдениеттер жақындастығы дегенде біз әншілер мен бишілердің би билесіп, ән салысқанын ғана емес, сондай-ақ дін өкілдерінің де өзара сұхбаты, тыныштық, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі, ынтымақ пен бірлік туралы ой бөлісулері, адам баласы жасаған ортақ мәдени мұралар, ежелгі ескерткіштерді ұрпақтар үшін қалай сақтай аламыз, сүнниттер мен шииттер неге алауыз, оны ымыраластыру жолдары, лаңкестік неге өршіп тұр, оны қалай тоқтатуға болады, Ауғанстандағы будда мәдени ескерткіштері мен Шам (Сирия) жұртындағы Пальмира жәдігерлерін қирату секілді бассыздық, жастар неге ДАИШ (ИГИЛ) арбауына тез түсіп қалады, дін жайлы жазатын журналистер сөз бостандығы, демократияны неге біржақты түсінеді, дін жайлы жазатындардың дін жайлы түсінігі неге төмен, оларда неге жауапкершілік естен шыға береді, жазғандарының аяғы жұртты қасіретке ұрындыратынын неге түсінбейді іспетті мәселелер қазір өзек жарды» деген ой айтады Ә.Дербісалиев.
Бүгінгі қоғам исламдағы «толеранттылық» мәнін түсіну керек. Бұл ұғымның анықтамасын қарастырғанымыз жөн. Толеранттылық рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар менің ұстанымдарыма жат болса да, қабылдаймын деген және адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан толеранттылық екіжақты ұғым: мемлекеттер, діндер, этностар, жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай білуі мен төзімділігі. Білім беру жүйесінде «менталитет» және «толеранттылық» категориялары байланыс­ты. Өйткені ол адам мен социум­ның менталдық қасиеттерін белсенді әрі мақсатты қалыптастырады.
Қазақстандағы діни жағдай бойынша күрделі мәселелердің көптігі діни саладағы жаңа шындыққа бейімделу, діни жағдайды бақылауға алу қажеттілігін туындатты. Кеңестік жүйе күйрегеннен кейін халық санасында орнаған рухани вакуумды толтыру нәтижесінде діни сана жаңғыруы, дінге бет бұру байқалды. Дін мен саясат қарым-қатынасының, діни ахуалдың ерекшелігі мен даму перспективаларын зерттеп, анықтап алмайынша, заманауи оқиғалар мен үдеріс­терді ұғыну мүмкін емес. Дін және саясат – әртүрлі ұғымдар. Дінді ұстану және таңдау – әр адамның жеке ісі. Дін мен саясаттың араласуы ақырында биліктің диктаторлық, тіпті тоталитарлық формасына алып келеді. Оны біз Иран, Ватикан сияқты теократиялық мемлекеттер мысалында көре аламыз. Демократиялық мемлекетте индивидуализм немесе ұжымдық таңдауына байланысты басқаларға қарағанда көбірек құқыққа ие немесе дискриминацияға ұшырауға тиіс емес. Әрине, егер бұл таңдау қоғамның басқа мүшелерінің құқығына зиян келтірмесе. Сондықтан басқаларға зиян тимейтін дәрежеде әртүрлі болу – бұл өркениет­ті елдер үшін ортақ. Дін дос­тықты, имандылықты, ибалылықты, жақынына деген махаббатты және т. б. талап етеді, саясат билікке, ­атақ-даңққа және т. б. ұмтылады.

Темірлан СОВЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =