ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТТЕН ОРНЫН ОЙЫП АЛА МА?

0 118

Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған бірқатар сын-қатерлерге тоқталды. «Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттері нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегуде, – деді ол. – Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғамға кеңінен таралып жатыр. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейді. Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалып келеді. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды».
Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалым­дар­дың ізденістеріне қолдау көр­сетудің маңыздылығына назар аудара келіп, ынтымақтастық ұйымы аясында ғылым мен технологияны дамытуға қосқан ғалымдарға сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Саммитте бұл мәселе төңірегінде Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған да өз ойын ортаға салды. Ол бүгінде мұсылман мемлекеттерінің білім мен ғылымның дамуына көп көңіл бөле бермейтінін ашып айтты. Соның салдарынан озық ойлы ғалымдар Батысқа кетіп жатыр. Ал ақпараттық технологиялар саласындағы сауатсыздық барша мұсылман әлеміне қауіп төндіріп отыр. «Кезінде Ислам әлемі білім, ғылым мен инновациялардың орталығы болған еді, – деді түрік елінің басшысы. – Кейін соның барлығы екінші деңгейге түсіп кетті. Содан бері Ислам өркениеті әлемінде тоқырау басталды. Қазіргі таңда Жер бетіндегі мұсылман жұртының 55 пайызы – сауатсыз. Бүгінде Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерде білім беру саласына жалпы ішкі өнімнің 5,2 пайызы жұмсалса, ислам дәулеттерінде бұл 1 пайызға да жетпейді». Оның айтуынша, қазіргі кезде мұсылман елдері ақпараттық технологияларды шығармайды. Алайда әрбір мемлекет ұлттық қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет.
Міне, бүгінгі күннің бір ащы шындығы осындай.
Ал шынында да мұсылман әлемінің дүниені өзгерту жолында ашқан жаңалықтары саны өте-мөте көп. Солардың бірқатарына сыдырта көз жүгіртіп өткенде де, адам таң қалатындай құбылыстар жарқ етіп алдымыздан шығар еді. Айталық, шахмат ойынының отаны үнді жері болғанымен, оның дәл қазіргі қалпы Иранда дүниеге келеді. Бұл ойынды Х ғасырда мұсылмандардан алған испандар әлемге таратады. Осы күні жұрттың бәрі пайдаланып жүрген сабынды да ойлап тапқан ислам қауымы болып шықты. Орта ғасыр дәуірінде орын алған кресшілер жорығы кезінде оларды шошытқан басқыншылардың қаруы емес, еуропалықтардың өте сирек жуынатындары, сосын үстерінен бұрқырап шығып тұратын қолайсыз сасық иістері болыпты. Мұсылман әлеміндегі арабтар бұл кезде өсімдік майы мен сабынды араластырып, біздің қазіргі ұғымымыздағы шампунь атты көпіршікті сабынға дейін ойлап тауып қойған еді.
Қазіргі заманғы медицинаның атасы Әбу әли ибн-Синаның мұсылман нәсілінен екенін күллі әлем біледі. Бұған қоса, хирургияға қатысты жабдық-жарақтардың да бәрін біздің бабаларымыз өмірге келтірген. Андалусиялық ғалым Әл-Захави қазіргі скальпель, сүйек кесетін ара мен көзге операция жасау үшін керекті қайшыдан бастап, осындай 200 аспап жасаған. Ол жараны тігу үшін пайдаланылатын, кейін ет пен теріге сіңіп кететін жіпті де малдың ішегінен жасап шығуды өзі ойлап тапқан. Бұған қоса, дәрілер салынатын капсуланы шығарған. XIII ғасырда ислам оқымыстысы Ибн Нафис қан-тамыр жүйесін ашқан. Вакцина да мұсылман әлемінде пайда болды. Осман империясында балаларға егу жасау Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің өзінен 50 жыл бұрын қолға алынды.
Әуеде ұшатын алғашқы аппаратты ойлап тапқан да мұсылмандар көрінеді. 852 жылы Райт Аббас ибн Фирнас есімді жігіт қолдарына ағаш қанат байлап алып, испан жеріндегі Кордова собор-мешіті мұнарасынан төменге секірген. Әлбетте, ол ұшып кете алмаған. Бірақ осы талпыныстың негізінде кейін парашют ойлап табылған. Мұсылман ғалымы Джабир ибн Хаййан сұйықты қайнау деңгейіне қарай топқа бөлуді бірінші болып жүргізген. Оның осы тәжірибесі арқасында қазіргі заманғы химияның негізі қаланған.
Мұсылман қауымның дүниені өзгертуге сеп жасап, адамзатты дүр сілкіндірген жаңалықтары бұлармен де толастамайды. Әлемге алгебра атты пән мен алгоритмді алып келген арабтар бұдан әрі қозғалмалы доңғалақтар үшін ауадай қажет валдарды да, желдің екпінімен айналып, әртүрлі шаруаларға шарық беретін диірмендерді де, күмбездер мен биік тегендерді де, алғашқы қауырсынды қалам­саптарды да, кілемдер мен саялы өсімдіктер өсіруді де қалыптастырды. Мұсылман жұрты бір дастархан басында үш түрлі тағамнан дәм тату дәстүріне де бірінші болып арна тартты. Орта ғасырда Ирактан Испаниядағы Кордова өңіріне келген Әли ибн Нафи Еуропаны үш түрлі тамақ ішу мәдениетімен таныстырды. Бұдан бөлек, банк шектері мен оқ-дәріні де ойлап тапқан мұсылмандар екені белгілі. Сол сияқты Кеңістік пен Күн жүйесінің құрылымын түбе­гейлі зерттеген де мұсылман ғалым­дары еді. Олар Галилео Галилейден 500 жыл бұрын Жердің Күн­ді айналатынын айтқан болатын.
Осылайша IX-XII ғасырларда үлкен рухани және мәдени серпілісті бастан кешкен мұсылман жұрты бірте-бірте екінші қатарға ығысып, кейін христиан қауымына көш тізгінін біржола беріп қойды. Мұның бірнеше объективті де, субъективті де себептері бар. Бұл туралы әлем ғалымдары мен сарапшылары сан алуан пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Бұған мұсылман дініндегі фанатизмнің келтірген кедергісі аз болған жоқ. Бұған қоса, батыс христиандарының орасан зор серпіліспен алға ұмтылуларына бейжай қарап, соңынан ілесе алмай қалған мұсылман жұртының өзі де кінәлі. Дегенмен, сарапшылар бұл артта қалып қоюшылықты мұсылман әлемінің дағдарысы емес, тоқыраушылығы деп санап отыр. Олай болса, жіберіліп қойған олқылықтың орнын толтыруға әбден болады.
Негізінен, Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашы болуы­мен өткен Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының жоға­рыда айтылған ғылым мен технологиялар жөніндегі саммитінің күн тәртібіндегі басты мақсат та осы тақырыпты талқылау болатын. Не дегенде де, ғасырлар бойы сіресіп қатып жатқан сеңнің көбесі сөгілді, алғашқы арна тартылды. Мұны жиынға қатысушылардың барлығы да атап өтті. Енді оның жеміс беру жолында пәрменді жұмыс жасай бастауын күтеміз.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − ten =