©2020 Астана Ақшамы
Ислам – бірлік пен татулық діні
Ислам мұсылмандарға басқа діндерге қатысты бейбіт назармен қарауды бұйырады.
Ислам діні алғаш пайда болғаны да Араб түбегінің тұрғындары көптеген түрлі діни ұстанымдарға ие болатын. Олардың арасында христиандық, яһудилік (еврей), заратуштра мен политеизм және тағы басқа бір-біріне ұқсамайтын діни ағымдар мен конфессиялар таралған. Ислам дінінің пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірі де мұсылман еместерге қатысты толеранттылық таныту үлгісін көрсетеді. Оған Мұхаммед пайғамбардың өз заманында көршілес христиандар және яһулермен бірге түзген келісім-шарттары дәлел.
Жалпы, ислам мұсылмандарға басқа діндерге қатысты бейбіт назармен қарауды бұйырады. Бұл аталмыш діннің атауынан-ақ байқалады. Өйткені, «ислам» сөзі араб тілінің «сәлам, яғни, бейбіт, ынтымақ» сөзінен шығады. Сондай-ақ, ислам негізі екі шариғи көзге: Құран мен Сүннетке сүйенетіні белгілі. Ал осы шариғи көздердің мазмұндарында исламның басқа діндерге қатысты толеранттылықты көптеген мысалдармен үгіттейді.
Қасиетті Құранда: «Дінде зорлық жоқ» (2:256); «Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін» (76:3) немесе «Бұл ақиқат (Құран) Раббыларыңнан» де. Сонда кім қаласа сенсін» (18:29) және тағы сол сияқты аяттар исламда адамды мәжбүрлеп, зорлықпен дінді қабыл еттіру жоқтығын айғақтайды.
Ислам діні мұсылмандарға басқа дін өкілдерімен бейбіт қарым-қатынаста болуға әмір етеді. Құранда: «Егер олар, бейбітшілікке бейімдесе, сонда оларға сен де бейімде. Әрі Аллаға тәуекел ет. Күдіксіз Ол, толық естуші, аса білуші. (61) Ал егер олар сені алдауды ойласа, шынында Алла саған жетіп асады. Өйткені, Ол сондай Алла, сені өз жәрдемімен және мүміндер арқылы қолдады. (62)» (8:61-62) деп көрсетілген аяттың мазмұны соған меңзейді.
Сонымен қатар, исламның басқа дін өкілдерімен ынтымақта өмір сүруге мүдделі екендігінің көрсеткіші – исламның мұсылмандарға «кітап иелерінен», яғни, христиан- дар мен яһудилерден әйел алуға, әрі олардың асын ішуге рұқсат бергендігінен танылады. Бұл Құранның мына аятынан танылады: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілген (Христиан, Яһуди)-дердің тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілген (Христиан, Яһуди)-дерден де абыройлы әйелдермен мәһерлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді» (5:5).
Ислам діні мұсылмандарға басқа діндердің өкілдерімен өздігінен соғыспауға, қайта сәті түссе, олармен одақтас болуға шақырады. Құранда: «Алла (Т.) дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді. (8) Шын мәнінде Алла (Т.) сендермен дін турасында соғысқандарды, жұрттарыңнан шығарғандарды және шығарылуларыңа көмекші болғандарды дос тұтуларыңа тыйым салады. Біреу оларды дос көрсе, солар залымдар. (9)» (60:8-9).
Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өмірінен үзінді ретінде оның кезінде меккелік мүшріктермен түзген «Худайбия» келісімшарты исламдағы дінаралық ынтымақтың үлгісі бола алады. Ол келісімшарт бойынша «егер бір мүшрік исламды қабылдап мұсылмандарға келсе, меккеліктердің талабына сәйкес, мұсылмандар оны кері қайтаруға міндетті. Ал мұсылмандардың бірі исламнан шығып, меккеліктерге қосылса, меккеліктер оны кері қайтаруға міндетті емес». Аталмыш келісім Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) басқа дін ұстанушыларға зорлық-зомбылық немесе әділетсіздік көрсетпегендігін дәлелдейді.
Ислам діні – бейбіт дін. Ол басқа діндермен келісім мен ынтымақта өмір сүруге шақырады. Барлығына бірдей қарап, толеранттылықты насихаттауда алғашқылардың бірі болғандығына – тарих куә. Басқаларға қатысты әділеттілікті таныту – исламның негізгі қағидасы.
М.МУСЛИМОВ,
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы» РММ исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері