©2020 Астана Ақшамы
ИСЛАМ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІЗГІ ДІН
Жақында ғана қадірлі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын халыққа Жолдауын жариялады.
Қазір әлемде күнде өзгеріс, күнде жаңалық. Қазақ жұрты – сол әлемнің бір бөлігі. Сондықтан өзге елдермен тереземізді тең ұстап, иманға ұйытып отырған көреген Президентіміздің бары – елдің бағы. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына хадис шәріпте: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ.): «Кім маған бойсұнса, ол Аллаға бойсұныпты. Кім маған бойсұнбаса, ол Аллаға бойсұнбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны» дейді (әл-Бухари және Муслим риуаяты). Бұл – халықтың өз басшысына бойсұнып, оған қолдау көрсетудің қажеттігін дәлелдейтін хадис. Демек, кешегі Жолдауды бүгінгі әрбір қазақстандық мұсылман қолдауы керек.
Жолдауда: «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» делінген.
Дін насихатпен тарайды. Бүгінгі мешіт имамының ең негізгі міндеті – ислам құндылықтарын халыққа жеткізу. Имамның үгіт-насихаты ұғынықты тілмен жан-жақты әрі мазмұнды айтылса, тыңдаушысының жүрегіне жетіп, баурап алатыны рас. Бұған бүгінгі мешіттердегі жамағаттың аз-көптігіне қарап баға берген орынды болар.
Мешіттегі бес уақыт намазды өткізу – имамның міндеті. Осы міндетті жауапкершілікпен атқарып жүргендіктен де имамдардың соңында ұюшы жамағат көп. Күнделікті таң, бесін, екінті, ақшам және құптан намаздарына келушілердің саны күннен күнге артуда. Басым бөлігі – жастар. Бүгінгі жастардың дінге ықыласы күшті, талабы зор. Сол мешітте оқылатын бес уақыт жамағат намазға ата-бабаларымыздан мұра боп келе жатқан дәстүрлі ханафи мазхабын мойындамайтын, өзгеше намаз оқитын жастар да келіп қатысатыны жасырын емес. Оларға қатысты жан-жақты белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мешітте таласты мәселелер ханафи мазхабы тұрғысынан дәлелденіп беріліп, әрі уағыздалып та жүр. Мешіт ішінде үлкен плакаттарға үлкен әріптермен ханафи мазхабы бойынша намаз тәртіптерінің дәлел-дәйекті хадистері жазылып та қойылған. Мұнымен шектеліп қалмай, Қазақстан мұсылмандарының жарғысы мен ережесіне, өткенде қабылданған жаңа заңға орай, кешегі Президентіміздің Жолдауы бойынша, әр имам ханафи мазхабпен оқу керектігін әр намазда ескертіп, талап етіп те отыр.
Мешіт ішінде имамдар ғана уағыз айтады. Бөтенге онда жол берілмейді. Ондай теріс пиғылдылар намаз оқи сала мешіттен шығып кетеді. Олар көпшіліктің көкейіне қонып жүрген имамдардың уағыздарын тыңдағысы келмейді. «Қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ» демекші, мешітте имамды, үйінде ата-анасын және мекемелерде басшыларды тыңдамауы мешіт имамының тәрбиесі емес. Қыңыр қылықты жастар мешіттен емес, басқа жақтан алып жүр.
1992-1996 жылдары көрші Өзбекстан елінде оқыдым. Бүгінгі күнмен сол кезеңдерді салыстырмалы түрде ойласам, сонда көрші елдегі діни ахуал біздегі жағдайға қарағанда аса күрделі кезеңде тұрған екен. Өйткені, бір қаланың намаз оқитын жамағаты түгілі, мешіттері өз алдына бөлінетін. Мешіт жамағаты имамының ұстанған бағытында болып, бір қаладағы мешіттер өз алдына вахабиттердің мешіті, сүнниттердің мешіті деп аталатын. Мен білетін Әндіжан қаласының текті тұрғындарын екі жаққа ажыратып, араларына іріткі салғандар дін атын жамылған адамдар-тұғын. Теріс пиғылды ағымдағылар мешіттерге ие болып, өздері ешқандай басқарманың сараптамасынан өтпей-ақ, бас мүфтидің бұйрығын алмай-ақ, орталарынан имам сайлап қоя беретін.
Кеңес өкіметінің бұғауынан босанып, тәуелсіздік алған бойда діндері исламмен қайта қауышқан мұсылман жұртты жолынан тайдыратын діни ағымдар көбейді, мүмкін оны әдейі біреулер көбейтті. Алайда, «Құдайдың қалауынсыз қурай да сынбайды» демекші, сол уақыттарда жаңадан құрылған мемлекеттердің алдынан көп мәселе шықты. Әр саланың өз мамандары дайын тұрса керек еді. Алғашқы жылдары барлық салада мамандар тапшы болды ғой. Тиісті мамандардың жоқтығынан дін істері де ақсады.
Кеңес тұсында өмір сүрген төрт діни басқармаға қарайтын мұсылман жұрт діни алауыздыққа, талас-тартысқа бармай-ақ өмір сүрді. Бір мысал. Қазақстанда түрлі ұлттардан тұратын мұсылмандар өмір сүреді. Олар – кезінде репрессияға ұшырап келіп қалған Кавказ тауларының жұрты. Ішінде шешен, ингуш, түрік, қарашай, балқарлары бар. Олар келген тұста ауылда зәулім мешіт болмаса да, зират ішіндегі көне бір ғимарат жұма намаз оқу үшін жарайтын. Жұмаға жиналған мұсылман жамағатының ауызбіршілігі жақсы болған.
Ал, біздің елде діни жағдай өзбектерден мүлдем бөлек, біз аса сабырлы халықпыз. Сабырлылығымыздан да теріс пиғылды жандардың ісі мен сөзіне көпшілік байыппен қарайды. Сондықтан, олар қанша тырысқанымен, қазақ халқының табиғи болмысына нұқсан келтіре алмай жүр. Әрине, егемендіктің алғашқы жылдарында ауыл-ауылдарда дінді насихаттайтын имам түгіл, діни рәсімді атқаратын молданың өзі табылмады. Кеңес дәуірінде отанымыз Қазақстанда исламтанушылар, имамдық қызметке кадрлар дайындау мүлдем болған жоқ. Дегенмен, ата-баба мұраларын жоғалтқан рухани дүниесін қайта тауып алғандай кейіпте бет бұрған халықымыз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болуына қарамай, дағдарыс, жоқшылық демей-ақ, үкімет соғып береді деп қарап отырмай-ақ, ел-жұрт қалалық, ауылдық жерлерде зират аумағында қирап қана тұратын мешіттерді орталықтарға көшіріп немесе бұзылып кеткен құлшылық-ғибадат орындарды өз қолдарымен асар ұйымдастырып-ақ салды.
Уақыт өте елде деструктивті ағым өкілдері пайда бола бастады. Имамдардың тек рәсімдермен ғана шектеліп қалғанын байқаған кейбір жерлерде олар діни алауыздыққа барын аямады. Әрине, олардың пиғылын әшкерелеуге, бет пердесін ашуға асыққан, қарсы шара қолданған әуелі ҚМДБ. Мешіттерді бір орталықтан басқаруды көздеген ҚМДБ теріс пиғылды ағымдарға мешіттерді басқартып қоймады. Шұғыл түрде имамдарды аттестациядан өткізіп, мамандарды дайындау мақсатында имамдардың білімі мен біліктілігін арттыратын орталық ашты. Мамандардың қажеттігін мемлекеттік деңгейге көтеріп, «НҰР» Египет-Қазақстан университетінің ашылуына ықпал жасады. Қазіргі саны онға жеткен медреселер мешіттер үшін арнайы мамандар дайындаудың үстінде. Бүгінгі күнге келіп, ҚМДБ мешіттердің 62 пайызын жоғары, орта және арнайы білімі бар кадрлармен қамтамасыз етіп отыр.
Өткен жылы мемлекетіміздегі мешіттер «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық діни бірлестігінің филиалдары ретінде заң талабының аясында қайта тіркелді. Мешіттер дерлік бір орталыққа бағынып, тұтас бір ағзаға айналды. Дегенмен, ел аумағындағы мешіттерді түгелімен бір орталыққа топтап, басқару бағытындағы жұмыстар ҚМДБ-ға 2000 жылғы құрылтайда төраға етіп сайланған, қазіргі Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің келуімен басталған-тұғын. Ол уақытта, екі жүзден астам мешіт қана ҚМДБ-ның құрамына енетін. Үкіметтің дін істеріне қатысты толеранттылық пен келісімді сақтауға бағытталған саясатын ескерген ҚМДБ әуелі жеке діни бірлестіктер боп кеткен мешіттерді басқармаға тіркеу жұмыстарында тек түсіндіру, үгіт-насихатпен ғана шектелді. Кешегі заң қабылданғанға дейін Қазақстандағы кейбір мешіттерді қоспағанда дерлік барлық мешіттер бір басшыға бағынып, имамдары бір орталықтан тағайындалатын. Кешегі заң талабымен мешіттер қайта тіркелумен қатар жарлығы мен ережесіне толықтырулар енгізілді. ҚМДБ-ның аясы кеңейіп, жұмыстары пысықталу үстінде. Өйткені, бүгінгі мешіттердің ұстанатын бағыты кешегі жарғысы мен ережесінен бөлек заң жүзінде нақтыланып отыр.
Имам Мүслим риуаят еткен хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла тағалаға ең ұнамды жер қаладағы мешіттер» депті. Тәуелсіздіктің арқасында, Аллаға шүкір, бүгінде елордамыздан бастап, еліміздің барлық аймақ-өңірлерінде еңселі, көрікті, зәулім мешіттер бар.
Қазіргі күнгі Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» атындағы мешіттің іргетасы 1992 жылы қаланып, 1996 жылы халық игілігіне тапсырылған. 1992 жылы асарлатып сол мешіттің іргетасын қалаған пейілдері кең, көңілдері дархан ақмолалық жұрт Қазақстан аумағындағы ең үлкен мешіттің іргесін қалап еді. Сол 1500 адамға арналған мешіттің қабырғасы қаланған уақытқа 20 жыл салып, сол қалада, елордамыз Астанада айт намазға 15000 адам жиылатын алып мешіт мен мұндалап тұратынын кім ойлаған?
Мешіттердің исламдағы алатын орны ерекше. Сол үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге көшкеннен кейінгі алғашқы ісі сол жерде мешіт салу болған. Осы мәліметтің өзі бізге мешіттің ислам қоғамына қаншалықты қажет екендігін айқындайды.
Мешіт – Алла тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын, Жаратқанға жалбарынатын жер. Оның минбарында ислам үйретіледі, жақсы да, қайырлы істерді жасауға арналған уағыздар айтылады.
Мешіт – ол мектеп, өйткені, онда қазақ халқының талай біртуар жандары тәрбие алған. Ту көтерген батырлар, ақиқатты жырлаған ақындар, ел басқарған көсемдер – осы мешіттің түлектері.
Кезінде халқымыздың тәуелсіздігінен айырылуы себеп болуының кесірінен Ислам дінінің даму қарқыны біршама бәсеңдеген. Патша өкіметі де, одан кейінгі кеңес өкіметі де дін исламның қазақтар арасында дамып, нығаюына мүдделілік танытпады. Керісінше, Ислам дінінің ықпалын барынша шектеді. Өйткені, оларды қазақтың отаны қызықтырды. Ұлт отанымен құнды. Қазақ ұлтын өзіне бағындырып, кең-байтақ жерін тартып алу үшін тілі мен дінін кедергі деп білді. Өйткені, тіл – халықтың ұлтын білдіретін, байланысын нығайтатын құрал, ал дін халықтың ақ пен қараны, жаман мен жақсыны және адал мен арамды айыра алатын ұлт екенін, ұстанымының күштілігін, ұлтының тектілігін айқындайтын нышан. Сондықтан, дін Ислам халқымыздың қолдауынан қашанда тыс қалмаған. Енділікте, тәуелсіз елміз, Аллаға шүкір. Еңселі елдердің қатарынан табылуды мақсат тұтқан жайы-мыз бар. Олай болса, алдымызда ел экономикасы мен руханиятын қоса дамыту үлкен міндеті тұр.
Мұны ескерген құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан 2050» Жолдауында бүгінгі тіл мен дін істеріне арнайы тоқтап, халықтың рухани болмысы тілі мен дінін дамыту жолдарын айқындап, оның болашақ бағытын нықтап өтті. Бұл жайдан жай емес, бұл – бүгінгі уақыттың талабы, халықтың қалауы.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
С.Ғылмани мешітінің Бас имамы