ІСКЕРЛІК ІЗДЕРІ

0 154

Оригинал (13)-1

ТАБИҒАТЫ дидарынан менмұндалап тұратын адамдар болады. Ондай жандардың жүзіне бір үңілгеннен-ақ адами аурасын аңғара қоясың. Көптің бірі, әлде өзіндік ұмтылысы өзгеше ме, әп дегеннен бажайлау қиындық туғыза қоймайды.
1981 жылдың маусымы. Арман арқалап Алматыға келген абитуриенттерміз. Көкейімізде тәтті арман: «журфакқа бірден түссек, шіркін!» Жұрт ығы-жығы. Ботатірсек бозбалалар мен асқақ арманды арулар жапырласа танысып жатырмыз. Бар болғаны 50 орынға ілігуге ұмтылған армандастардың санынан адам жаңылысады… Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болсаң ғана мәреге ілігесің, дайындығың шамалы болса – бұл сынаққа қатыспай-ақ ауылыңа қайта ғой…

Дей тұрғанмен, ару қалаға аяқ басқандардың ешқайсысының қиындықтан қаймығар түрі байқалмайды. Емтихан жайы қалай болар екен деп бір-бірімізден әлденені ұғысып жатырмыз. Кейбіреулері сынақтан сүрінбесіне нық сенгендей өздерін еркін сезінеді.

…Көзіне күнқағар көзілдірік таққан орта бойлы жігіт маңайына маңғаздана қарап қояды. Таныстық. Қолымды ұсындым.

– Мұратбек.

– Ғалымжан. Қайақтансың?

Бастапқыда мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанымды айтайын дедім де, артынша тұспалдай қойып жауап қаттым.

– Семейден, өзің ше?

– Шымкентпіз ғой!

КЕЛБЕТІ келісті, өз-өзіне сенімді тұрған жігітке аңтарыла қараған мен әңгімені одан әрі жалғап, екеуіміз бірден тіл табыса кеттік. Байқаймын, жаңа танысым емтихан пәндеріне мұқият дайындалған сияқты. Түрінен «кез келген сұрақты шемішкеше шағамын» деген кейіп байқалады. Неге екенін білмеймін көкейіме бір ой қонақтай қалды: «әй, мына бала оқуға бірден түсетін сияқты ғой, сымдай тартылып сықия қалыпты». Ол да менің ойымды оқып қойғандай жолға келіп тоқтай қалған «Жигулиге» қарап «Асықпасай!» деді де, маған тікесінен қарады: «Басқаны қайдам, КазГУ-ге сен бірден точно түсесің, тілші жолдас! Мен кеттім, машина келіп қалды!»

Ол құлдыраңдай басып көлігіне қарай жүгіре жөнелді. Аузым ашыла қарап қалыппын: «Осының алдында ғана сол кездегі республикалық балалар газеті «Қазақстан пионерінің» бір-бірімізді сырттай жақсы білетін штаттан тыс тілшілері Әнуарбек Әуелбеков, Раушан Мырзахметова, Майра Төлтаева шұрқыраса табысқан болатынбыз, Ғалымжан соны көрген болды ғой. Неткен қырағы бала өзі!»

ТАЛАБЫ таудай баланың аты бәйгеден озып келді, сол жылы екеуіміз де сынақтардан сүрінбей өтіп, қазақтың жоғары оқу ордаларының қара шаңырағына түсу құрметіне ие болдық-ау.

Байқасақ, одан бері де 33 жыл зу ете қалыпты. Зымыран уақыт деген осы. Ал, бүгінде ердің жасы елуді еңсерген Ғалекең туралы ой-толғам шаш-етектен. Әсіресе, студенттік шақтағы қимыл-әрекеттері ересен еді-ау! Спорт десе ішкен асын жерге қоятын. «КазГУ-дің қалашығы – көзімнің тұңғиық қарашығы» деп ақындарымыз жыр нөсерлеткен құтты мекеннің бір бөлмесін мекен еттік. Бірінші курста күреске бірге барғанымыз есімде. Мен еркін күресті таңдағанда, ол дзюдо мен самбоны қатар алып жүрді, 2-3-ші курстарда спорттың осы түрлерінен университетте жеңіске жетіп, қалаішілік біріншілікте КазГУ-дің намысын қорғады: жүлделі екінші орынға табан тіреді. Қазіргі «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл екеуі факультеттің футбол командасын құрып, Константин Столбовский, Дәурен Ерсарин, Қайрат Мұқатов, Сади Тампаевтармен бірге ойнады, университетішілік жарыста 3 рет кубоктарды ұтып алды. Кейіннен үздік ойыншы ретінде университет құрамасына да алынды.

Спорттағы өжеттігіне басқан Ғалымжан бірде өзінен 2 курс жоғары оқитын сол кездегі кәнігі палуан, қазіргі белгілі киногер Ермек Тұрсыновпен алыса кетіп, бір-екі әдіске салады. Қайсар жігіттің талабын қуана қолдаған Ермек оны университеттің дзюдо бойынша бас бапкеріне ертіп барып таныс­тырады.

ҚАЙСАРЛЫҒЫ атойлап тұратын ол спортпен беріле айналыса жүріп, журфактың студенті ретінде басылымдарға мақала жолдауға да уақыт таба білді. Курс­тасымыз, бүгінде Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының республикалық «Лениншіл жасқа» ертіп барып, материал жазуға баулығанын Ғалекең бүгінде ерекше ризашылықпен еске алып отырады. Ол заманда жариялауға әзірленген материалдары үйіліп жататын жастар басылымына хабар шығарудың өзі қиямет-қайым болатын. Алайда, еңбекқор студент осы басылымда жиі жарияланатын курстастарымен бірге талай қомақты туындыларын оқырман назарына ұсына алды. Ол тұста бұл дегенің ерлікке пара-пар еді. Кейіннен осы әйгілі жастар басылымында өзі де жауапты қызметтерді атқарды.

Журналист Ғалымжан Мелдештің шығармашылық жолы оқырманға белгілі. Ғаламторды ашып қалсаңыз қатардағы журналистен республикалық деңгейдегі бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары басшылығына дейінгі абыройлы жолды артқа тастаған ақтаңгер азамат туралы небір қызықты ақпараттарға қанығасыз, ол – өз алдына бір әңгіме. Журналистік шеберлігін екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеуге болар: кез-келген газеттің макетін гүлдендіріп жіберетіндігі мен жедел материалды жазудың майталманы екені. Бұл өзі айтуға оңай болғанмен, екінің бірінің басына бұйырмаған бақ.

Бүгінде отандық журналистиканы дамыту жолында жемісті еңбегін жалғастырып келе жатқан, талай басылымдардың менеджментін сара жолға салып кеткен ол осы кәсіби ұйымдастырушылық шеберлігін одан сайын шыңдағанының куәсі болдық жақында. Елімізде бұрын байқала қоймаған ерекше форматта өрнектелген «Шерқала» атты журнал оқырмандарға жол тартты. Оның қазіргі пішіндік ыңғайдағы инновациялық талаптарға сәйкес болуына тікелей басшылық жасаған Ғалымжан «су жаңа» басылымның әп дегеннен-ақ «Эйр Астана» әуе компаниясының жолаушыларының қолына тигізіп үлгіргеніне не дерсіз! Берісі – еліміздің, әрісі – әлемнің көгінде қалықтап жүрген бұл ұшқыр ұшақтар қазір «Шерқаланы» дүниенің төрт бұрышына жеткізіп үлгерді. Бұл – маркетингтік мықтылық.

ІСКЕРЛІГІ кез-келген тірлігінен аңғарылып тұратын Ғалекең жора-жолдас, туыстарын, әріптестерін риза етпесе жүре алмайды. «Көрмегелі көп жылдың жүзі болды» деп курстастардың 20 жылдық кездесуін өткізуде белсенділік танытып, оны ерекше бір мерекелік деңгейде ұйымдастырған да Ғалекең.
Қазақ баспасөзінің талантты ұйымдастырушыларының қатарына қосылған Ғалымжан Мелдеш бүгінде Маңғыстау облыстық медиа холдингінің бас директоры ретінде де шығармашылық санаттағы іргелі, жаңашыл жобаларға мұрындық болуда. Атқарылған шаруалар аз емес, алға қойған кешенді жоспар-жобалары одан да көп. Өңір баспасөзін ұлттық сапалы дәрежеге көтеруге қам жасап жүрген қайраткер-қаламгердің алаш медиа кеңістігіндегі игі қадамдары ұзағынан сүйіндіргей !

Мұратбек Тоқтағазин,
ҚР Бас редакторлар клубының вице-президенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =