Іскерлік ілгерілеу кепілі

0 86

Кеше Астана қаласы кәсіпкерлерінің ІІІ жыл сайынғы конференциясы өтті. Оған шаһар басшысы Әділбек  Жақсыбеков қатысты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиында сөз алған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев кә­сіпкерлікті қолдау жөніндегі жұ­мыстардың нәтижелерін жоғары бағалады. «Елордада іскерлік климатты дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған. Астаналық тәжірибені республиканың басқа да қалаларына қолданатын боламыз» деді ол.

Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков экономикалық әлеуеттің өсуі, қала тұрғын­да­рының әл-ауқаты мен өмір сүру жайлылығы деңгейінің артуы, жас астананың заманауи келбеті мен имиджі кәсіпкерліктің іскерлік белсенділігіне тікелей байланысты екендігін атап өтті. Сондай-ақ, елорданың басты экономикалық көр­сет­кіштеріне тоқталды. Әділбек Жақсыбековтің айтуынша, 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін кем дегенде 50 пайызға жеткізу туралы Мемлекет басшысының міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Қазіргі таңда осы талап тұрғысынан Астананың үлесі 61 пайызға жетті. Шағын және орта кәсіпкерлікпен әрбір үшінші тұрғын, яғни, 283 мың астаналық айналысады. Елорда – өнеркәсіптік өндіріс өсімінің қарқыны бойынша да көшбасшылар қатарында.

Конференцияда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы сәтті іске асырылып жатқаны айтылды. Астана несиелерді кепілдендіруден республикада бірінші, ал субсидиялаудан екінші орында. Осыған дейін жалпы құны 88 миллиард теңгенің 504 жобасы қолдау тапты.

Елордада Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы табысты жұмыс істеуде. Онда ақпараттық және консультациялық қолдау бойынша қызметтер кешені «бір терезе» қағидатымен тегін көрсетіледі. Былтыр мұнда 13,5 мың консультациялық қызмет көрсетілген. Бұл ретте көмекке жүгінгендердің жартысынан астамы қаржылық қолдау мен оқыту шараларына қызығушылық танытқан.

Басқосуда Индустриалды парк­тегі бизнес өкілдеріне бері­летін басымдықтар да талданды. Бүгінде №1 Индустриалды парк аумағында жалпы құны 187,5 миллиард теңгенің 62 инвестициялық жобасы жүзеге асырылу үстінде. Осы кәсіпорындардың бюджетке төлеген салығы есебінен парк инфрақұрылымының құрылысына жұмсалған қаржы толығымен ақталды. Оған қоса, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. №1 Индус­триалды парк аумағында құрылыс, қондырғылар, машина жасау, шикізат және өнеркәсіп салаларындағы жобалар іске асырылса, №2 паркте экологиялық және инновациялық бастамаларға басымдық беріледі. Елорда әкімі кәсіпкерлік орта өкілдерін осы салаларға назар аударуға және инновациялық бизнес идеяларды белсенді тартуға шақырды.

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + twelve =