ІСІ – ҮЛГІ, ӨМІРІ – ӨНЕГЕ

0 187

Дәуеш

Ғимараты хан сарайындай болса да, тасадағы тіршілік тас қамалдай еткен, әр бөлмесінде барар жер, басар тауы жоқ жолы тұйықталған тағдыр, әр қабырғасында ауыр күрсініс бар қарттар үйіндегі кеудесі шермен қариялардың бірі – Еркін Дәуешұлы. Бірақ, бұл ақсақалды мұндағы қасіреттің қамытын киген көп қартпен қатар қоюға болмас. Яғни, Еркін ата «қапас» үйдің тұрғыны емес.

Заманында тынбай тірлік қылған зиялы қария зейнетке шыққан шағында да үйде тыныш жатып, тек жүргенді жөн көрмеді. 2004 жылдан бастап Астана қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде психолог қызметін атқарады. Кезінде еңбекқорлығының, ісіне деген жоғары жауапкершілігінің арқасында қызметте абыройсыз болмады.

Мен барғанда Еркін Дәуешұлының алдында жұмысқа жаңа қабылданып жатқан жас медбике отырды. Психолог қария оған мұнда егде тартқан адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп жатты. Содан соң сөзін қысқа қайырып, назарын маған аударды. Біраз жасты еңсерсе де, бой-бітімі – мығым, сөзі – нық, еңсесін тік ұстайтын ақсақалдан тазалық пен тектілік аңғарылып тұрды. Аты-жөнімді айтып, өзімді таныстырдым. Талай басшылық қызмет атқарған бұл кісі темірдей тәртіптің адамы емес пе, бірден алдында жатқан газеттер арасынан біздің газетті суырып алып, соңғы бетіндегі редакция алқасынан менің атымды іздестіріп барып, көз жеткізді. «Мен де осы газеттің құрметті тілшісімін» деп, мені әріптес тұтып, өзіне жақын тартты. Осыдан соң екеуара әңгіме өріс алып, ағынды дария сөз тиегін ағытты.

– Мен теоретик психолог емес, практик психологпын. Өмірді көрдік, бұл жердің тұрғындарының басындағы халді менен артық түсінетін қызметкер кемде-кем, – деп қарттар үйіндегі жағдайдан сыр шертіп, осы жерге дейінгі еңбек жолын тізбектеп шықты. – Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы, Амангелді ауылының тумасымын. Сол жерде өсіп-өндім. 1961 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математикалық факультетін физика және жалпытехника мамандығы бойынша бітіріп келген соң Ақкөл ауданындағы өзім оқыған Кеңес орта мектебіне директордың оқу-өндірістік жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Бірінші мұғалімдердің сапасын жақсарту қажеттілігі туды. Еңбек сабағы қосымша табыс көзі ретінде әр мұғалімге таратылып берілген. Осы істі қолға алдым, жұмысқа техникалық білімі бар маманды қабылдап, еңбек сабағына ағаш шебері болған азаматты қойып, металмен, ағашпен жұмыс істейтін шеберханаларды қайта жабдықтадым. Оқушыларды киноаппаратпен жұмыс істеуге үйрететін үйірме ұйымдастырып, мектепте фильмдер көрсетуге қол жеткіздім.

1966 жылдан бастап Азат (бұрынғы Ивановск) орта мектебіне директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болдым. Мұндағы мектеп ұжымында бір ғана қазақ бар екен, қалғаны – орыстар. Сондықтан, мен өз ұлтымның өкілдерін көбейтіп, тілін күшейтуді ойладым. Маған тәртібі нашар тың игерушілердің балаларымен жұмыс істеуге тура келді. Оқу-тәрбие жұмысын бір жүйеге келтіруге біраз еңбегім сіңді деп айта аламын. Тың игерушілердің балаларын тәрбиелеуге қосқан үлесімнің еленгені болар, тың және тыңайған жерлерді игерудің 50-жылдығына арналған медальдарды төске ілдім.

Осы жерге келгенде Еркін атаның сөзін шырылдаған телефон дауысы бөлді. Қайтарып тастаған қоңырау қайта әніне басты, жауап бермесіне қоймады. Қария ойын үзіп алмасын деп, келген жерін кідіріс түймесін басқандай есіме ұстадым. Бірақ, ақсақал мен ойлағандай емес, әлі тың, сөзінің жүйесінен жаңылмастан әңгімесін әрі жалғастырды:

– Төрт жылғы абыройлы жұмыстан кейін 1970 жылы Степногорск қаласының маңындағы ауылдық Қарабұлақ мектебіне директор болып бекітілдім. Мектептің ғимараты тым ескі, кадрларды да жаңарту керек болды. Негізгі мақсатым мектептің осы материалдық базасын нығайтып, білімді, тәжірибелі ұстаздармен толықтыру болды. Осы бағытта атқарылған жұмыстар оң нәтижесін берді. 1974 жылы жаңа Сілеті ауданы құрылып, ауыл сол ауданның қарамағына кірді. Бұл ауданның мектептерімен салыстырғанда мен басқарған мектеп алғашқы бестіктің сапынан көрінді. 1975 жылы «Қарабұлақ» кеңшарының басшылары жаңа мектеп салғызып берді. Сөйтіп, аудандағы оқу ошақтарының ең тәуірі біздің мектеп болды. Осы еңбегім бағаланып, Қазақстан білім саласының үздік қызметкері белгісін иелендім.

Еркін Дәуешұлы 1978 жылдың сәуір айында аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Осы қызметті он жылға жуық уақыт атқарады. Кейін отбасы жағдайына байланысты Ақкөл ауданына көшіп барады. – Сол кездегі елдің оқу министрі Қожахмет Балахметовтің бұйрығымен 1987 жылдың наурыз айында Ақкөл ауданының білім беру бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Қызметім өскен сайын жауапкершілік те ауырлай түсті. Алда шешімін күткен түйінді мәселелер тұрды. Кейбір өз міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларды орнынан алдым. Менің басшылығыммен Амангелді мен Қараөзек (Калинин) ауылдарында жаңа үлгідегі мектептер салынды; Красный Горняк, Қызылту мектептері жақсы ғимаратқа көшірілді; он төрт орыс қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылды. Атқарылған ауқымды істер аудан мен облыста Аудандық білім беру бөлімнің беделін көтерді. Содан кейін облыста аудандық-қалалық білім беру бөлімдері басшыларының қоғамдық негіздегі президенті болып сайландым. Талайғы еңбек еш болмады, «Еңбек ардагері» медалімен де марапатталдым, – дейді ақсақал.

Туған жері үшін аянбай тер төккен Еркін Дәуешұлы қартайған шағында да қарап қалмады. Көп жылдан бері ақкөлдік жазушы-шежіреші Жайық Кәгенұлы Бектұровты зерттеп, оның есімін, еңбектерін туған елінде танытуға көп күш салды. Ақкөл қаласындағы бір көшеге Бектұровтың есімі берілді. «Жаны жайсаң Жайық аға» деген кітап шығарды. 1938 жылы «Халық жауы» болып айдалып, 1945 жылы қайтыс болған өзі туған Амангелді ауылының басшысы Бәуке Құлмағамбетовті ақтап алу үшін көп еңбектенді. Абақтыда жатып жазған өлеңдерін, сотталған кездегі деректерді жинап, ақыры ақтап алды. Облыстық «Арқа ажары», аудандық «Ақкөл өмірі», Астана қаласындағы «Астана ақшамы» газеттерінде мақалалары жиі жарияланып тұрады. Жазған мақалалары топтастырылған «Ауылымды сағындым» (2009), «Бір ғасыр» (2011) кітаптары жарық көрді.

Ұлағатты ұстаздың жары Хамила Құлбекқызы да осы саланың маманы, күміс алқа иегері. Отау құрғандарына 50 жыл болды. Алты баланы бағып-қағып өсірді. Балаларының бәрі қызметте. Үлкен әулеттің ақсақалы Еркін Дәуешұлының ісі – үлгі, өмірі – өнеге.

Еркін ата әңгімемізден соң қарттар үйін аралатып, біраз жайға қанықтырды. 75 жасқа келген қарияның қимылы – ширақ, мені есікке дейін өзі шығарып салды.

    Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + eight =