Ішкі туризмді қалай дамытамыз?

0 73

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту маңызды міндет екенін, елорданың айналасындағы жасыл желектің ауқымын кеңейту мәселесін атап өтті. Оның жалпы ішкі туризмнің белсенділігін арттыруға бағытталып айтылғаны сөзсіз.

Жаз болса, шетел асатын қазақстандықтар биыл алыстағы ауыл мен іргедегі мәдени нысандарға барып демалды. Онысы отандық туризмге жаны ашыған соң емес, шекара жабық жатқан соң. Ал ішкі туризмнің жағдайы бәрімізге аян. Қызмет көрсетуі төмен, бағасы қымбат, жолы жаман деп кете беретін жауыр болған тақырып. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайда шикізат көзіне тәуелділіктен арылып, ішкі туризмді дамытуымыз керек. Індеттен кейін отандық туризмге бет бұруды қолға алып үлгермесек, туризм саласының мүшкіл жағдайын кейін ретке келтіре алмайтынымыз анық. Аймақтарымыздағы туристік-рекреациялық нысандарды пайдалана отырып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету жолдарын қарас­тыруымыз қажет.
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде туризмді дамытудың бірнеше мемлекеттік жобалары қабылданды. Бірақ отыз жылда ешбір ауыз толтырып айтарлықтай гүлденген туризмді көрген жоқпыз. Себебі ғылыми тұрғыда шешу мен іске асыру механизмдеріне қаржылық жағынан қолдау болмады. Ал толыққанды зерттемей жасаған іс-әрекеттің нәтижесіз екенін, қыруар ақшаның желге ұшқанын мен айтпасам да жақсы білесіз. Оған Алматыдағы «Көкжайлау» жобасы дәлел. Егемендіктің алғашқы жылдары Туризм министрлігінің (министр Қаратай Тұрысов) жұмысы жақсы қалыптасып келе жатты. Мен де 9 ай осы құрылымда жұмыс істей отырып, алғашқы туризм зерттеу орталығының құрылуына атсалыстым. Өкінішке орай, ол министрлік кейіннен тарап кетті де, туризм саласы 7-8 министр­ліктің қарамағына қолдан-қолға өтіп, қазір Мәдениет және спорт министрлігінде туризм индустрия комитеті болып жұмыс істеуде. Бір жылдары туристік ұлттық компанияның құрылғаны жақсылықтың нышаны сияқты көрініп еді. Бірақ туризмді дамытудың механизмін жасамай, біз қағаз жүзінде туризмді жақын 5-10 жылда ретке келтіре алмасымыз анық. Отандық туризм­нің отыз жылдық жұмысын саралау барысында, біз географиялық тұрғыда дәлелді мысалдар арқылы осы мәселенің шешу жолдарын қарастырудамыз. Туризммен қазір кімдер айналыспайды, маман кадр мәселелері неге шешілмеуде? Осы аталған олқылықтар шешілмей, аяққа тұсау дүниелер ретке келе қоймас.

ТУРИЗМГЕ БЕТ БҰРМАЙ, ӨҢІРЛЕР ӨЗГЕРМЕЙДІ

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев депутаттар алдында сөйлеген сөзінде ауыл-аймақ жағдайына тоқтала отырып, мемлекеттік бағдарлама жасау қажеттілігі туралы айтты. Ауылдық елді мекендерді қалпына келтірмей, Қазақстанның аумақтық мәселелерді шешуі қиынға соғады. Туризм арқылы, соның ішінде ауыл туризмі, агротуризм бағыттары туралы ғылыми әдістемелер жасағанбыз. Неге соны пайдаланбасқа? Бұл мәселені орындау тетіктері ғылыми тұрғыда шешуін тапқан. Тек жүзеге асыруын күтіп тұр.
Соңғы кезде этноауыл деген ұғымға құлағымыз үйреніп кетті. Алайда біз мұны дұрыс түсінбей келеміз. Мерейтойда үш-төрт күнге киіз үйлер тігіп, делегациялар алып келіп, көрсетумен шектелеміз. Ал әлемнің басқа елдерінде айталық Тувада, Қытайда және тіпті көршілес Қырғызстанда этноауыл ұлттық мәдени құндылықтарды көрсететін үлкен нысан ретінде тұрғызылған. Егер бізде де дәл сондай этноауылдар болса, қазынаға үлкен табыс әкелер еді. Екінші жағынан, қуатты туристік нысан болар еді.
Туризмді дамытпақ үшін қайтпек керек? Ең бірінші, туризм ғылыми-зерттеу институты басқаратын туризм секторы құрылуы тиіс. Сонымен қатар жаңа рекреациялық ауылдық аймақтар игерілсе, курорттық-турис­тік анклав кәсіпорындары салынса, туризмнің жаңа нысандары – туристік поездар, балалар мен жасөспірімдер туризміне арналған турлар және ұлттық туристік брендтер енгізілсе жөн болар еді. Өңір басшыларының қызмет рейтингін бағалау талаптарының ішіне аймақтық туризмді дамыту көрсеткіштерін неге қоспасқа? Бұл туралы талай ақпарат құралдарында айтылып жүр.
Екінші кезекте, республиканың туристік ақпараттық атласын әзірлеу керек. Елдер арасында туризмнің жаңа түрлерін енгізу мақсатында трансшекаралық мемлекеттердің жаңа рекреациялық аймақтарын игеру мәселелері қаралғаны дұрыс.
Үшіншіден, басқарушы органға рекреациялық аймақты одан әрі дамыту және туристер ағынын тарту үшін салынған туристік объектілерді жеке тұлғаларға немесе жеке кәсіп­орындарға сату құқығын беру қажет деп санаймын . Жеке кәсіпкерлікке баса назар аудара отырып, Үкімет сол арқылы ұлттық туризмді дамыту мүмкіндіктерін жасай алады. Осы салада ірі және перспективалы жобалардың болмауына байланысты бизнес инвестициялары жоқтың қасы. Осы уақыта дейін туризмнің баяу дамуын нарыққа, нарықтық қатынастарға жауып келдік. Бірақ туризм – мемлекет реттеуінсіз аяғына тұра алмайды.
Төртіншіден, Қазақстан аймақтарында туристік жол (бағдар) көрсеткіштерінің жоқтығы байқалады. Ақпараттық сілтемелер кездеспейді. Ал шетелдерде бұл мәселелер, әсіресе қалалар мен қала маңында, үлкен жолдарда ретке келтірілген. Туристік өнімдер көп салалы бағытта дамуы керек. Оның ішінде ауыл туризмін қолға алсақ, көне тарихи ұлттық этноауылдарды және мәдени табиғи мұрағатты ұтымды пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстан геосаяси тұрғыда екі алпауыт мемлекетке шекаралас жатуы туризм дамуына тек оң нәтиже алып келмек. Көрші елдерді жібек жолымен жалғастырып, бірлескен турлар өткізсек те болады. Кезінде Азиялық шенген аймағын құруды да көтерген едік.
Бесінші кезекте, туризм күнін белгілеу керек. Елімізде туризмнің менеджменті мен маркетингіне жаңа көзқарас қалыптаспаған. Құзырлы органдар бірлесіп, заң атқару іс-әрекетін ретке келтіре отырып, сенімділік, тазалық, баға, сапа және туристік бизнеске қажетті бақылауды күшейтуі тиіс. Туристерге бағытталған жалған жарнама мен алдап-арбаушылықтың алдын-алу керек. Мемлекет туристік ғылыми зерттеу орталығына қолдау жасап, туристік ассоциацияларға, туризм департтаменттеріне белгілі құқық беру жағын қарастырғаны жөн болар еді.

ЖАҚСЫ МАМАН ТУРИЗМГЕ ДЕ КЕРЕК

Еліміздің білім жүйесінде туристік мамандарды дайындаудың «мектеп-колледж-ЖОО» арасындағы байланысының жоқтығы қынжылтады. Туризмнің әртүрлі жаңа бағыттары енгізілсе де, нақты нәтижелері мардымсыз. Неге туризмнің өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі маңыздылығын ескермеске? Туризм педагогикасы еліміздің батыс және оңтүстік аймақтарында дұрыс бағытталған. Аталған өңірлерде облыстық және аудандық балалар мен жасөспірімдер туристік өлкетанушылық орталықтары жұмыс істеуде. Бұл үрдіс басқа облыстарға үлгі болса екен.
Туристік мамандықтар бойынша жаңа классификатор қабылдау қажет. Бітіруші жас мамандардың нарық талабына сай практикаға бейімделуін басты назарда ұстағанымыз абзал. Білім және ғылым министрлігі тарапынан мемлекеттік классификаторда туризмге жеке орын беру қажет деп санаймын. Туризм мамандығы тек қызмет саласын қамтымайды. География факультеттері «аймақтық туризм ұйымдастырушыларды», «туризм менеджменті мен маркетинг саласын» дайындаса, экономика факультеттері:«ресторан ісі мен қонақүй бизнесіне» қатысты мамандарды әзірлегені абзал. Ал педагогикалық университеттерде «қосымша білім беру бағыты», «балалар мен жасөспірімдер туризмі» мамандықтары бойынша дайындықты жолға қоюымыз керек. Туризм саласының кадрларын қайта оқытуды ескере отырып, жергілікті жер мәселелерін шеше алатын менеджер-мамандарды, экскурсовод-гид, инструкторларды дайындауды жолға қоя аламыз. Сонда ғана туристерге сапалы қызмет көрсетеміз.
Ұлттық намысты бірінші орынға қоюымыз керек. Неге ақшамыз болса, шетелге шығуға құлшынамыз? Мүмкін басқа жақта арзан сервистік қызмет бар шығар. Кезінде саяхатшы-зерттеуші Сапар Ысқақовтың 67 күндік «Бабалар ізімен» атты экспедициясына қатыстық. Еуропаның 23 елінде болғанда жоқ нәрседен туристік нысан, рекреациялық орта қалыптастырғанын көзбен көрдік. ­Қытай туризмінен де алатын, үйренетін тұстарымыз бар. Ол елде 80 пайыз халық ішкі туризмге көңіл бөлсе, шетке шығатындары 20 пайыз ғана.
Туризм саласында туристік индустрия мәселесін қолға алу керек. Мәселенің басында қазақтың киіз үйі тұруы тиіс. Кеңестік заманда Үштөбе қаласындағы киіз үй зауыты құрдымға кетті. Неге соны орта бизнес өкілдері қолға алмасқа? Сұраныс та жеткілікті. Киіз үйге Еуропа елдері қызығушылық танытуда. Орталық Азия мемлекеттеріне де керек экспорттық тауар жасай аламыз ғой. Демалыс аймақтарында таптырмайтын жатын орын болар еді.
Туристік құрал-жабдықтар дайындауға елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Химия өнімдері, жеңіл өнеркәсіп пен тамақ өндірісі, машина жасау салалары әзірге оны қарастырып отырған жоқ. Бірақ елімізде индус­т­рия бағытына Қазақтуризм мен Туризм индустрия комитеті назар аударуы қажет. Әр облыстың әкімшілігі жанында «туризм кеңесшісі» болса, туризмнің даму бағытында оң өзгерістер болар еді.
Бұл ретте әсіресе, елордамызға ерекше мән берілуі керек. Бас қаламызды үлкен туризм ордасына айналдыру қажеттілігі айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Отан өзіміз тұрған елді мекеннен басталады. Еліміздің әрбір өңірінде өзге аймақтардан өзгеше туризм саласын қалыптастыруымыз керек.

 

 

Орденбек МАЗБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің туризм кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + sixteen =