Ішкі тұрақтылық – алға жылжуымыздың кепілі

0 30

Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Асқар Маминмен кездесті. Кездесу барысында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық даму нәтижелері мен пандемиядан кейінгі кезеңге арналған жұмыс жоспары талқыланды.

Премьер-Министрдің ұсынған мәліметі бойынша, жыл басынан бері экономиканың машина жасау, өңдеу және тау-кен өндірісі, құрылыс, басқа да негізгі салаларындағы көрсеткіштер оң қарқын алған. Елбасы Қазақстанда бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қазіргі дағдарыстың ұлттық экономикаға теріс әсерін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Біз тәуелсіздік жылдарындағы ең күрделі кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде талай дағдарыс­ты еңсердік. Қазіргі қиындық әлемнің бүкіл елін қамтып отыр. Барлық жерде жұмыссыздықтың көбеюі байқалуда, бизнес қиындықтарға тап болып, мемлекеттер арасындағы сауда-саттық деңгейі төмендеді. Алайда бұған де­йін қабылданған шаралар дағдарыс­тың экономикамызға әсерін азайтуға көмектесті. Біздің экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі басқа елдермен салыстырғанда үш есе аз» деді Нұрсұл­­тан Назарбаев.
Тұңғыш Президент күрделі кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бағытында отандық бизнестің белсенділігі жоғары екенін атап өтті. «Ірі бизнес жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесті, халықтың әлсіз топтарын қолдауға қаражат бөлді, сондай-ақ «Біз біргеміз» бастамасын ілгерілетуге үлесін қосты. Мен барлық бизнес өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. «Birgemiz» қоры арқылы біз 2,3 миллион қазақстандыққа қолдау көрсете алдық» деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық өсім мәселесін қарастырып, отандық бизнесті жандандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту қажеттігіне тоқталды. Үкімет экономиканың түрлі саласындағы өсімді қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауы керек екендігі айтылды. «Қазіргі уақытта сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пандемияның екінші толқыны келетінін болжауда. Мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп, осы жағдайға арнаулы бағдарлама әзірлеуі керек. Жаңа тәсілдер мен тиісті шаралар қажет» деді Тұңғыш Президент.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назар­баев жаһандық экономикалық дағдарыстардан өтуде Қазақстанның мол тәжірибесі, сондай-ақ экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті. «Жұрт жұмысқа шығып, ақша табуы үшін Үкімет жұмыс орындарын көбейтуге тырысуы керек. Бізде үлкен тәжірибе, қаражат, мүмкіндіктер бар. Осының бәрінен сүрінбей өтеміз» деді Тұңғыш Президент.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + sixteen =