Іркіліссiз ілгерiлеу ізімен

0 100

05(7)

Бейсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кездесті.

Корея – әлемге «Азия жолбарысы» ретінде танылған мемлекет. Қарапайым аграрлық елден экономикасы қарқынды дамыған алпауытқа айналған Кореяның бүгінде жылдық сауда айналымы 1 триллион доллардан асады. Қысқа мерзім ішінде екпінді өркендеген ел қазір дүниежүзіндегі экономикасы ең озық жиырма елдің біріне айналып отыр.

Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас 90-жылдардың басынан басталып, бүгінде барлық сала бойынша жарасымды байланыс орнықты.

Елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырған Пак Кын Хе – Корея Республикасының 11-інші президенті. Билік тізгінін былтырдан бері қолға алған.

Қазақстан Президенті Пак Кын Хеның елімізге сапары елеулі оқиға екендігін атап өтті.

– Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап-ақ сіздің елдегі реформаларды қалт жібермей, зерделеп келеміз. Мен Ро Дэ Удан бастап, Оңтүстік Кореяның барлық президенттерімен кездестім. Сол жылдары басталған екі ел қарым-қатынасы қазір жоғары қарқынмен даму үстінде. Сіздің сапарыңыз өзара ынтымақтастығымызды арттыра түседі деген үміттемін. Біз Кореямен саяси және экономикалық тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз, – деді Елбасы.

Өз кезегінде Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе бұл сапары қазақ-корей стратегиялық серіктестігі тарихындағы жаңа кезеңнің басы болатынына сенім білдіріп, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті.

Айталық, былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 1,5 миллиард долларды құраған. Ал биылғы алғашқы үш айдың өзінде 400 миллионнан асқан. Бұған елімізде жұмыс істеп жатқан бірнеше жүздеген бірлескен кәсіпорынның үлесі үлкен.

Қазақстан Оңтүстік Кореяға уран, мыс, алтын, темір жіберсе, ол жақтан электроника құрылғылары, машинаға қажетті құрал-жабдықтар, бөлшектер тасымалданады.

Шағын құрамдағы кездесу барысында байланыстарды жоғары деңгейде нығайтудың, әртүрлі сала бойынша ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.

Бұдан кейін Қазақстан және Корея Республикасының президенттері екіжақты мәміле рәсіміне қатысып, бірқатар құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, екі ел үкіметінің келісімі бойынша өзара визалық талаптарды жою мәселесі қарастырылды. Енді қазақстандық азаматтар өз төлқұжатымен Оңтүстік Кореяға визасыз-ақ бара алады. Тек сапарлау мерзімі бір айдан асып кетпесе болғаны.

Бұған қоса, бөлек еліміздің Әділет, Білім және ғылым, Қоршаған орта және су ресурстары министрліктері де өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін ел көшбасшылары бірлескен мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Корея президентімен бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылағанын, соның ішінде корейлік бизнестің Қазақстанның үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуы жайы кеңінен сөз болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы қыркүйек айына «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы» іскерлік форумы жоспарланып отыр. Елбасы бизнеске жақсы мүмкіндіктер ұсынатын «Инвестициялар туралы» жаңа заңға қол қойылғанына да назар аударды.

– Компаниялар корпоративтік және табыс салығынан – 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Олардың күрделі шығындарының 30 пайызы өтеледі. Жұмыс күшін тарту квотасыз және рұқсаттамаларсыз жүзеге асады, сондай-ақ біздің елдеріміз арасында визасыз режим орнатылды. Осының бәрі екі мемлекет үшін де ыңғайлы және тиімді бизнестік ахуал қалыптастырады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе қазақ-корей бизнес форумының ашылу рәсіміне қатысты.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − ten =