©2020 Астана Ақшамы
Ірі жеңіс
Хоккейден Қазақстан құрамасы Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының бірінші дивизионын ірі жеңіспен бастады.
Қазақстан «А» тобының алғашқы ойынын турнир иелері Венгрияға қарсы өткізіп, 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтыратын команданы капитан ретінде Максим Семенов бастап шықты. Ал қақпаны Хенрик Карллсон қорғады.
Алғашқы кезеңде қос команда бір-бірінің аңысын аңдумен болды. Екеуінің де осал тұсы болғанымен, ұрымтал сәттерді ұпайға айналдыра алмады. Екінші кезеңде де шайба қақпадан табылмады.
Шешуші кезеңде қазақстандықтар күшіне мініп, суырылып алға шықты. Алдымен 44-минутта шабуылшы Дмитрий Гренцтің пасын қорғаушы Валерий Орехов голға айналдырды. Араға минут салып қарымта шабуыл кезінде қақпашы Адам Ваимен бетпе-бет келген Евгений Рымарев мүлт кетпеді. Өз айдынын өзгелердің билеп жатқанына шамырқанған венгриялықтар тәртіп бұза бастады. Сөйтіп, бір ойыншысы кеміген қарсыласқа Рымаревтың соққан екінші шайбасы жығылғанға жұдырық болды. Есеп – 3:0. Қазақстан жеңіске жетті.
Енді құрамамыз бүгін біздің уақытпен сағат 20.00-де Ұлыбритания командасымен ойнайды. Бұл команда бірінші Словениямен кездесіп, 3:1 есебімен ұтты. Сондықтан Қазақстан мен Ұлыбритания текетіресі өте тартысты болмақ. Бұл турнирде топ бастағандар элиталық дивизионға жолдама алады.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ