Іргелі зерттеулер – ізденіс жемісі

0 118

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай академиясы» сериясымен жарық көрген іргелі зерттеу жинақтары оқырманға жол тартты.

Тағылымы мол шараның ашы­луында аталған оқу ордасының басшысы, академик Ерлан
Сыдықов биыл университеттің
тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясында» 18 арнайы жобаны іске асыру қолға алынғанын атап өтті.
– Бұл игі шараның маңызды тұсы – «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында орындалған арнайы жобалардың аясында әзірленіп, баспадан жарық көрген академиялық басылымдарды оқырман қауымға ұсыну. Бұл басылымдар арнайы «Абай академиясы» сериясы деп аталады, – деді ректор.
Содан кейін ол Мемлекет бас­шысының бастамасымен университет жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу
институты құрылғанын, бұл ғылыми құрылым «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйе­леу, талдау және басылымға даярлау» атты кешенді ғылыми жобаны жүзеге асыруды қолға алғанын жеткізді.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі ұлы тұлға, әлемдік деңгейдегі суреткер Абай Құнанбайұлының мұрасына жаңаша көзқарас, заманауи әдіснама негізінде талдауға бағытталған зерттеулер ерекше орын алатыны сөзсіз. Осы арнада белгілі абайтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ… (Абай өлеңдерінің жаңадан табылған қолжазба нұсқалары)» атты екі кітаптан тұратын еңбегінің таныстырылымы болды.
Сондай-ақ қабырғалы қаламгер Тұрсын ағаның «Кешегі өткен би Құнанбай» еңбегі қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі, «қарадан хан шыққан» аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының шынайы бейнесін тарихи шындық тұрғысынан танытуға бағытталған. Автор әуелі көркем бейне ретіндегі Құнанбайға таңылған әрекет пен тағылған айыптауларға назар аударып, бұлай болуының себептерін талдап көрсетеді.
Сонымен бірге ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық зерттеу кітабы да көпшілікке таныстырылды.
Айта кетейік, алдағы тамыз айына дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» сериясымен бұдан бөлек 14 ірі зерттеу еңбегі жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + fifteen =