©2020 Астана Ақшамы
ІРГЕЛІ ІЗДЕНІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ
Ашығын айту керек, еліміздегі игі өзгерістер тәуелсіздіктің нәтижесінде жүзеге асырылуда. Барлық саланың бойына қан жүгіріп, еңселі ғимараттар пайдалануға берілді. Алтын бағаналы мекен Астана Сарыарқа төрінен бой көтеріп, біздің ата-бабаларымыз армандап кеткен асыл мұраттар ақиқатқа айналды. Кешенді бағдарламалар қабылданып, халықтың тұрмыс тіршілігі жақсара түсті. Заманауи техниканы меңгеруге сала қызметкерлері ден қойды. Жастарымыз шетелде білім алып, ел игілігіне қызмет жасап жатыр.
Білім, медицина, денсаулық саласына мемлекетіміз жыл сайын қыруар қаражат бөліп, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ал, медицинадағы іргелі жетістіктерімз бен жаңалықтарымыз біздің тиянақты жұмыс істеуіміздің сөзсіз дәлелі.
Бұрын жүрек-қан тамырларына отаны кеңірдектен кіндікке дейін тілу арқылы жасасақ, соңғы төрт жылдың бедерінде тамырға стент қою арқылы жүрек соғысын қалыпты деңгейге келтірдік. Яғни, адам денесіне пышақтың ізі түспейді. Мұндай жетістік айтулы мемлекеттердің еншісіне ғана тиесілі болып отыр.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ұлт денсаулығына ерекше маңыз беріп, мына мәселені қадап айтты: «Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағына медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз». Біз бұл айтылған тапсырмаға аса сергектікпен қарап, қызметті барынша оңтайландыруға тиіспіз. Бұл тұрғыдағы жұмыстар ұлттық ғылыми медициналық орталығында сапалы деңгейде орындалуда.
Қоғам байлығы – адам тағдыры қай кезеңде де басты назарда тұрады. Олардың елімізге тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Ал дәрігерлер міндетіне бар білгенін халқынан аянбау жүктелген.
Бегылан СТАМБОЛҰЛЫ,
Ұлттық ғылыми медициналық орталық интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі