«ИРАН МӘСЕЛЕСІ»: ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЕР БАР МА?

0 109

Иранның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын екі күннің бірінде тәрік етіп, МАГАТЭ инспекторларын бірде кіргізіп, бірде қуып жіберетін әдеті әлемнің күнделікті ақпараттық бейнесінің айнымас бөлігіне айналды. Батыстың жаңалықтар қызметтерінің барлығында дерлік Иран жөні бөлек тақырып болып, енші алып шыққалы қашан. Бұл ахуал Сіз бен біз сияқты бақылаушыға әлдекімді еске түсіретіндей. Атап айтсақ, Иракты…

ҮРЕЙЛІ ҰҚСАСТЫҚТАР

Әлемдік саяси сахнадағы ірі ойыншылардың дүниежүзілік қауымдастықты әлдебір оқиғаға алдын ала дайындап, «түртіп көретін» әрекеті бірінші рет емес. Айталық, Ирактағы соғыс бойынша ақпараттар легін хронологиялық ретпен тізіп шықсақ, күнделікті толассыз жаңалықтар ағынынан гөрі, методикалық түрде дайындалған, әлемдік қауымдастықты психологиялық тұрғыдан соғысқа дайындау әрекеті көрінетіндей. Тап солай, «көрінетіндей», себебі ақпаратқа баға беру бәрібір субъективті шаруа боп қала бермек. Еске түсіріп, оқиғалардан дипломатиялық және ақпарат тарату этикасының қабығын алып тастасақ, жалпы нобайы төмендегідей. Алдымен, өзара лағнет айтылады. Кейін БҰҰ мен Еуроодақтың қарарлары. Сосын, сауда-экономикалық қысым жасау. Бірақ ел Батыстың дүниетанымы мен саяси қисынына бағынбай, өмір сүруін бәрібір жалғастыра береді. Сабынсыз, астықсыз- ақ. Осы кезде гуманитарлық апат туралы әңгіме шығады да, «халықты өз қанаушысынан» құтқаруға теңіз әскерлері лап қояды. Бұл жерде Елбасымыз атап өткен «әлем «әлді мен әлжуаздың әңгімесі» риторикасына қайтып келгенін» мойындамасқа болмайды. Сол ортада мыңжылдық мәдениет, өзіндік өмір ұстанымы, этникалық психология деген дүниелер қиратылады.

Енді міне, Иранға байланысты ақпараттар ағыны мен сараптамалық шолулар дәл сол ізбен келе жатыр. Тіпті, «Сэм ағай» сол ертеректегі жос- парды қайта көтеріп, ішіндегі «Ирак» деген сөздерді «Иран» дегенге ауыстыра қойған сияқты.

ӘСКЕРИ ӘЛЕУЕТІ

Иран – Парсы Шығанағындағы әскери әлеуеті ең жоғары мемлекет. Оның үстіне бұл елде ұтымды әкімшілік ұйымдастыру және басқару, ғылым мен білім тарихи тұрғыда жақсы қалыптасқан. Бұл жәйт оның болжалды жауларын жеті рет өлшеп, бір кесуге мәжбүр етіп отыр.

Мысалы, ертеректе технологиялық санкциялардың кесірінен Ирак өзінің моторлы қару-жарақ құралдарының 40 пайызына дерлік қосалқы бөлшектерсіз қалса, Иран өндірісті үдемелі дамытудың арқасында заманауи қару- жарақтың барлық түрін өзі жасайтын мүмкіндікке ие болды. Әлемдік қауымдастықтың Ирак мәселесі жөніндегі тоқырауы мен жалтақтау өлара кезеңін сырт елдермен тәжірибе алмасуға ұтымды пайдаланды. Иран – автомобиль, электроника және ауыр машина жасау салаларында өзін өзі жүз пайыздық толық технологиялық циклмен жабдықтаған жалғыз мемлекет. Мұнайын саттырмаған Батыстың әрекетіне шімірікпеуі де содан.

Бұған қоса, Иранның дипломатиялық жетістіктеріне де таңдай қақпасқа болмайды. Олар сыртқы саясатта мүдделердің текетіресі, Батыс пен басқа әлемнің өзара түсініспеушілігін өте-мөте сәтті пайдалануда. Мысалы, серкесі Қытай мен Ресей болатын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіресілі-шығасылы әрекет жасап жүр.

Ал, әскери салада кезіндегі Ирак басшысы сияқты, қарабайыр қоқан-лоққымен, лас сөзбен құтылмай, АҚШ пен оның одақтастарына өздерінің кәдімгідей орындалуы мүмкін әрекеттерін жайып салып, зәрелерін ұшыруда. Айталық…

«КЕДЕЙЛЕРДІҢ БОМБАСЫ»

Иранның ядролық бағдарламасы таусылмайтын жыр болды. Бір жағынан Иран «өзімізге қажет нәрсені ешкімнен сұрауға міндетті емеспіз» деген қисынмен қорынып келеді. Әрі, БҰҰ мінберлерінен, «Ертеректе Пәкістан атом бомбасына қалай ие бола қалды?» деген құйтырқы әрі ыңғайсыз  сұрақтарды жаудыртып жүр. Бұған жарытымды жауабы жоқ АҚШ пен оның одақтастары енді күшке салғысы-ақ келеді.

Бірақ, Иран соғыс жағдайында ешнәрседен тартынып қалмайтынын әлдеқашан айтып келеді. Айталық, «кедейлердің бомбасы» аталып кеткен қарапайымдылығы қанша болса, сұмдығы сонша қару. Соғыс басталған X күні қолда бар әлі де байытылмаған уран мен плутонийдің, басқа да радиоактивті металдарды егеп, шаң-тозаңға айналдырып, АҚШ-тың одақтастарына қарасты елдердің қалаларында жарылыс ұйымдастырмақ. Атом бомбасы сияқты жойқын болмағанымен, залалдан коммуникациясы мен экономикасы жүздеген, мыңдаған жыл бойы қалалар тіршілік етуге жарамсыз болып қалмақ.

«АҚШ-ТЫҢ НЫСАНДАРЫ»

Бетпе-бет қақтығыста Иран өзінің жеңіске жетпейтінін біледі және оны мойындайды да. Ендеше кезекте – партизандық ұрыс жүргізу тәсілі. Иранның бұл мүмкіндігі АҚШ пен оның одақтастарының әрекетіне қолбайлау болып отырған факторлардың бірі екені белгілі болып отыр.

Иран әскерилері Таяу Шығыстағы «лаңкестік» деген баға берілген барлық ұйымдармен тығыз байланыста. Тіпті, «Хамас», «Хезбалла» сияқты ұйымдардың құрылтайшысы деуге де болады. Ендеше, Таяу Шығыстағы АҚШ- қа бүйрегі бұратындардың ешқайсысына кепілдік жоқ. Ал, араб елдеріндегі мұнай нысандарының барлығы тікелей немесе жанама түрде АҚШ-қа тиесілі екенін ескерсек, көз алдымызға болжалды соғыстан кейінгі әлемнің бұлыңғыр болашағы келеді. Материалдық дискомфортты онша көтере алмайтын Батыс елдері ымырашыл боп кетуі әбден мүмкін. Бір ғана мұнай бағасының қазіргі Германияның саяси сахнасында қандай рөл ойнап отырғанын есепке алсақ, мәселе тіпті ушыға түседі.

Бұларды болдырмауға АҚШ пен оның одақтастарында қауқар жоқ екенін уақыт көрсетті. Бағдадтағы, Кабулдағы орнаған «тәртіп пен бейбітшілікті» барлығымыз ең болмаса пресс-бейнесі арқылы білеміз: таза салыстырмалы түрде алғанның өзінде лаңкестік әрекет туралы ақпараттың 70 пайызы осы елдерге тиесілі. Ендеше, АҚШ-тың Иранға көрші жатқан елдерге беретін кепілдігінің қаншалықты құнды екені әлі де ашық сұрақ болып қалмақ.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІП БАР МА?

Ендігәрі Иран – Қазақстан үшін жер жаңғақтың отаны ғана болудан қалатын сияқты. Әлемдік қауымдастыққа қаншама бойласақ, соншама мәселе туындап отыр. Бұрынғы КСРО құрамында барлығын Мәскеу шешсе, енді проблема өз қолымызға түсіп отыр.

Иран мен Қазақстанның еларалық қатынастарына жалпы «жылы» деген баға беруге болады. Оның үстіне, Иранның Сыртқы Істер Министрі Сейіт Аббас Аракшидің, Елбасымыздың «ядролық қаруды таратпаудағы қазақстандық үлгісін басшылыққа алу үндеуін» қолдайтынын білдіруі көңілге медеу болып отыр. Ал, 4 сәуірдегі Қазақстан Сыртқы Істер Министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаевтың «Иранға қарсы соғыс жағдайында Қазақстан өз территориясын пайдалануға ешкімге рұқсат берген жоқ» деген мәлімдемесінен кейін еліміздің Каспий теңізімен шектесетін аумақтары Иран әскерилерінің күн тәртібінен түсіп қалғанына үміт ұялатады.

Дегенмен, 2003 жылы АҚШ- тың теңіздегі авианосецтері Иракқа бағытталып атылған құрлықаралық зымырандары бағытынан жаңылған жағдайда еліміздің Атырау, Ақтау аймақтарына түсу мүмкіндігі ескеріліп, осы қалалардағы әуе қорғанысы күшейтілген әскери кезекшілік режиміне көшірілгенін білеміз. Ендеше, қауіпті толығымен жоқ деп айтуға бола ма? Оның үстіне, Иран әскерилері ештеңеден аянып қалмайтыны жөніндегі мәлімдемелерін қайталаудан танбай отыр. Айталық, Парсы Шығанағы елдеріндегі АҚШ нысандарына айтарлықтай залал келтіре алмағасын, периметр бойынан қорғанысы әлсіздеу тұс іздемеуіне кім кепіл? Бұл жағдайда Каспий жағалауы елдеріндегі, атап айтқанда, Әзірбайжан мен Қазақстандағы АҚШ- қа тиесілі мұнай кеніштері айтарлықтай қауіпті. Соғыс уақытында бейбіт уақыттағы мамыражай тіршілік пен келісім әдіре қалатынын тарихтан білеміз. Ендеше, «Аспанымыз ашық болсын!» деген тілектен басқа ниет жоқ.

Ерлан ОСПАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − eight =