Иппотерапиялық орталық салынады

0 20

Бүгін елордадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі­нің ғимаратында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен елордалық Білім басқармасының алқа мәжілісі өтті.Жиын барысында сөз алған әкім орынбасары қазіргі таңда отандық білім саласына көп көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті:
«Жуырда ғана күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» заң білім саласындағы көп бассыз­дыққа тосқауыл болары сөзсіз. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі осыған байланысты нормативтік-құқықтық актіні дайындап жатыр. Сондай-ақ биылдан бастап мұғалімдердің жалақысы артты, студенттердің стипендиясы көтерілді. Білім беру саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары жасалды. Мұның бәрі мемлекет тарапынан білім саласына деген қамқорлықты көрсетеді» деді ол.
Бұдан соң Бақтияр Мәкен қала мектептерінің материалдық-техникалық базасына тоқталды.
«Сырты бүтін, іші түтін» болғанның несі жақсы? Біз кейде мектептерді аралағанда, қарнымыз ашып қалатын кездер бар. Инфрақұрылымы жап-жақсы дамыған кейбір білім ошақтарында сыныптарды, кеңістікті дұрыс пайдаланбайды. Кіп-кішкентай мектепте отырып, білім алуға ыңғайлы, әдемі атмосфера жасап қойғандар да бар. Олардан, керісінше, шабыттанып шығасың»
деген әкім орынбасары биыл астанада 10 жаңа мектептің құрылысы бас­талатынын мәлімдеді.
Коллегияда білім саласындағы түйткілдердің бірі – коррупция мәселесі де сөз болды. Бұл орайда қала әкімінің орынбасары жауапкершіліктің тек басшыда ғана емес, әрбір адамда екенін баса айтты.
Басқосуда талқыланған тақырыптардың тағы бірі асханалардағы тамақтану жүйесіне арналды.
«Өкінішке қарай, тамақтануға қатысты бір­қатар проблеманың бол­ғанын жасырмаймыз. Кейбір балабақшалардың асханасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде балаларды не болса сонымен тамақтандырып, педагогтардың үлкен бассыздыққа жол бергені анықталды. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс» деді Бақтияр Мәкен.
Инклюзия мәселесі де ескерусіз қалмады. Қала­лық Білім басқармасы ұсынған статистикаға сү­йенсек, бүгінде жалпы білім беретін мектептерде 2439 ерекше бала білім алады. Олардың 1029-­ы арнайы коррекция­лық сыныптарда, 442-сі ин­клюзивті сыныптарда оқыса, 525-і үйде оқытылады. Ал 443 бала жалпы білім беретін сыныптарда білім алғанымен, коррекциялық сабақтармен қамтылған.
«Қазіргі таңда мемлекет инклюзиялық орталықтарға үлкен көңіл бөліп, орасан зор қаражат жұм­сауда. Орталықтар ашылып жатыр, олар техникалық базамен жабдықталып жатыр. Алайда солардың кейбірінде тәрбиешілердің небір сұмдық әрекетке баратыны белгілі болды. Баланы орап тастап, 5-6 сағат бойы тырп еткізбестен қалдырып кеткен фактілер тіркелді. Сондықтан мұндай орталықтардың жұмысын қатаң бақылауға алу керек. Биыл елордада 2 реабилитациялық орталықтың құрылысы салынады деп жоспарланған. Оның бірі №2 аурухананың жанында, екіншісі әуежайға барар жолда орналасатын болады. Бұдан бөлек, осы жылы инвестор есебінен иппотерапиялық орталықтың да құрылысы басталады» деді Бақтияр Мәкен.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 2 =