Инвесторлар саябаққа көз салса…

0 9

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram әлеуметтік желісінде тұрғындарға өзінің жоспарын жеткізіп, инвесторларды қаладағы саябақтарды дамытуға қатысуға шақырды.– Біз қаланы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспарының концепциясына сәйкес дамытамыз. Елорда өмір сүру үшін де, уақытты таза ауада жақсы өткізу үшін де жайлы болуы керек. Сенбі-жексенбі әріптестерімізбен қаладағы саябақтарды араладық. Саябақтар мен гүлбақтардағы қоғамдық кеңістіктерде спортпен айналысу үшін алаңдар ашылып, жаяу және велосипедпен жүруге арналған жолдар төселеді, балаларға арналған ойын аумақтары орнатылады. Осындай жұмыстар қаладағы орамдар ішінде де жүргізіледі. Алайда әлі де жасалуға тиісті дүниелер бар. Мысалы, қалалық саябақтарда тұрғындар аттракциондарды, аквапарктарды, жағалаулар мен бассейндерді, көңіл сергітуге арналған басқа да түрлі аумақтарды көргісі келеді. Қазіргі уақытта азаматтарымыз­ды қуан­татын саябақтар аз емес. Дегенмен олардың санын көбейтіп қана қоймай, сапасын да жақсарту керек, – деді қала басшысы.
Осы жұмыстың бәріне жеке инвестицияларды да жұмылдыру қажет екенін жеткізген елорда әкімі инвесторларды қалалық саябақтарды дамытуға қатысуға шақырды. «Бұл тұрғыда сенімді басқаруды тапсыруға дайынбыз. Мұндағы басты мақсат – қала тұрғындары мен елорда қонақтарының таза ауада демалуы үшін сапалы орындар құру, ол орындарды отбасындағы барлық адамға ортақ орын ету. Мысалы, «Жасыл белдеу» аумағында «тропикалық жол» желісіне реконструкция жасалады. Ондағы жиі жүретін орынға скейтбордингке, роликпен сыр­ғанауға (қыста конькимен) арналған алаң, теннис, футбол алаңдары, балаларға ойнауға арналған аумақ салып, сондай-ақ жаяу қыдыруға арналған жол төселетін болады. Ипподром базасын («Жасыл белдеуге» жақын) 3 бағыт бойынша дамытамыз: онда иппотерапия, ұлттық спорт түрлерінен жаттығу және жарыс өткізу, сондай-ақ туристік маршрут – атпен серуендеу алға қойылады. Әлемдік пандемия бізге ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетті. Инвесторлар жобасының ішінде азаматтарымызға және қалаға қажетті әрі қызықты болатын жобаларды қолдаймыз» деді А.Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − twenty =