ИНВЕСТИЦИЯЛАР АЛАҢЫНДАҒЫ МЫҚТЫ ОЙЫНШЫ

0 108

Nazarbaev ortalygy 10

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағытына арналған кеңес өткізді. Кеңес барысында жалпыұлттық телекөпір арқылы Елбасы аймақтардағы бірқатар өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың инвестициялық орталығына айналу мүмкіндігі мол. Бас­ты мақсат та сол. Осылай мәлімдеген Мемлекет басшысы бұл ретте атқарылып отырған істерге тоқталды.

«Еліміздегі инвестициялық ахуал тартымды бола түсу үшін барлық күшімізді салып отырмыз. Менің мамыр айының аяғында Қытайға жасаған сапарымның қорытындысында эко­номикамызға тағы 10 миллиард доллар инвестиция құйылатын болды. Бұл инвестициялардың артында Тараз бен Шымкенттегі, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы облыстарындағы химиялық және мұнай-газ салаларын қамтитын жаңа кәсіпорындар тұр. Барлық әкімдер, министрліктер мен ведомстволар өз жұмыстарында осыны басшылыққа алулары керек. Өндіріс бейнесін инновациялық, ғылыми негізделген жобалар түбейгелі өзгертеді. Қазақстан осы жағынан бірқатар басымдықтарға ие. Бұл артықшылығымыз мемлекетімізді инвестициялар алаңында мықты ойыншыға айналдырып отыр» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Шетелдік инвесторлар кеңесінде айтқандарын пысықтаған Елбасы геоэкономикалық тұрғыдан тиімді жағ­дайымыз, саяси тұрақтылығымыз, экономикалық өсуіміз, дамыған инфра­құрылымымыз, мемлекет дамуы страте­гиясының айқындылығы инвестор­ларды елімізге тартуға септесіп, олар­дың ұтылмауына жағдай тудырады.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасының биылғы бірінші жартыжылдық қорытындыларын қамтыған Үкіметтің есебін тыңдады. Белгілі болғандай, осы кезеңде Индустрияландыру картасына енген 21 жоба іске қосылып, 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Екінші жартыжылдықта тағы 100-ге тарта жоба жүзеге асып, 8 мың адамның екі қолына жұмыс тимек.

Жалпыұлттық телекөпір арқылы өңірлердегі өндіріс ошақтарының өкілдері ел Президентіне есеп берді. Жұмыстарының әрі қарайғы бағыты жөнінде әңгімеледі. Олардың арасында Атыраудағы дуальдық оқытудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін мұнай-газ саласының кадр­ларын даярлау және қайта даярлау жө­ніндегі өңіраралық кәсіби орталығы, Алматыдағы индустриялық аймақ, Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай индустриялық паркі, Ерейментаудағы қуаты 45 МВт өнеркәсіптік жел паркінің құрылысының басшылығы болды. Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңа кәсіпорындарды іске қосты. Атап айтсақ, кеше «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ порты және Семейдегі «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр беру желілері өз жұмыстарын бастады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 3 =