ИНВЕСТИЦИЯ ЖАҒЫНАН ТАРТЫМДЫ ЕЛМІЗ

0 159

DSC_7947

Кедендік Одақ аясында ортақ валюта енгізілмейді. Билік тармағында бұл мәселе бойынша еш талқылау да жүргізілмеген. Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінің брифингіне қатысқан Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бакенов осылай деді. Сонымен бірге, ол Еуразиялық интеграция мақсатын аша түсіп, сол төңіректе істеліп жатқан жұмыстар жайынан хабардар етті.

«Қазақстан – теңіздерден қашықтықта жат­қан ел. Сондықтан ұлттық экономиканы әлемдік экономикамен тығыз байланыста ұстау және тауарларымызды халықаралық нарыққа шығару үшін интеграцияға жүгініп отырмыз. Бұл үдерістің ел экономикасының дамуына әсері мол» деген Ернар Бакенов ең алдымен Кедендік Одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістік отандық өңдеу өнеркәсібінің ілгерілеуіне, соның арқасында нарықтың кеңеюіне және инвестициялық тартымдылықтың артуына әкелетінін жеткізді.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде интегра­цияның игілігін молынан көріп отырмыз. Мәселен, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне құйылатын шетелдік тікелей инвестиция көлемі едәуір артқан. Сандарды сөйлетсек, 2009 жылдан бастап 2012 жылға дейін бұл көрсеткіш 88 пайызға, 1,8 млрд доллардан 3,4 млрд долларға, ал, жалпы инвестиция 34 пайызға, яғни, 21,4 млрд доллардан 28,4 млрд долларға өскен. «Қазақстан тиімді салық саясаты мен жақсы инвестициялық кли­мат­тың арқасында Кедендік Одақ пен Еура­зия­лық экономикалық кеңістіктегі серік­тес­теріне қарағанда шетелдік капиталды және бірлескен кәсіпорындарды құруға мүмкіндік беретін Кедендік Одақтағы өзге елдерден қаржыны молынан тарта алады» деді департамент директоры.

Оған сенсек, Кедендік Одақ елдеріне экспорт көлемі де 62,7 пайызға өсе түскен. Соның ішінде жүк көліктері, қара металдан, пластамассадан, рәзіңкеден, қағаздан жасалған дайын бұйымдарды және тұрмыстық техниканы экспорттауда оң тенденциялар байқалған. Мәселен, Кедендік Одақ елдеріне Қазақстанда құрас­тырылған жүк көліктерінің экспорты 1,4 млн доллардан 14,8 млн долларға өскен екен. Оған қоса, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту ісі де экономикамызға инвестиция­лар­дың құйылуына және инвестициялық кли­маттың жақсаруына әсер етуде.

Брифингте Қазақстанның түрлі рейтингтерде көш соңында ілбіп келе жатпағандығы да айтылды. Мәселен, Дүниежүзілік банктің «Doing Business» аталатын бизнесті жеңіл жүргізудің индексі бойынша 185 елдің арасында еліміз 50-ші орында тұр. Соның ішінде «Инвесторларды қорғау» тармағы бойынша Қазақстан 10-шы орында тұрса, «Салық салу» тармағында 17-ші және «Кәсіпорындарды тіркеуден» 25-ші орындарда. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестік индексі рейтингісінде 144 елдің ішінде Қазақстан 51-ші орында.

Менеджментті дамытудың халықаралық инс­титутының әлемдік бәсекелестік индексінде 60 мемлекеттің ішінде еліміз 34-ші орында. Сон­дай-
ақ, инвестиция жағынан Дүниежүзілік банк Қазақстанды 20 тартымды елдің қатарына қосқан.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + 11 =