ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ

0 139

Инвестиция – экономиканың екінші тынысы. Бірақ шетелдік ірі компаниялардың мол қаржысын тарта білу үшін де елде экономикалық ахуал жақсы, саяси тұрақтылық сақталған, әлеуметтік даму көрсеткіші жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Астана барлық талаптарға толық жауап береді. Содан болар, өткен 2015 жылдың аяғына дейін елордаға 100 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылған екен. Осынша қаржыға Астанада әлемге әйгілі нысандар салынды, жаңа экономикалық жобалар жасалды. Көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылып, миллиардтаған доллардың өнімі өндірілді. Жалпы алғанда, инвестицияның игілігін елорда тұрғындары көп жылдан бері көріп келеді.

64W7k5q5OXD2HiUh1KIk4vT2gF9hhN

Тек қана «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы индустриалдық паркте игеріліп жатқан инвес­тиция негізінде кәсіпорындар өткен жылдың аяғында 2 млрд АҚШ долларынан астам өнім өндірген. Елорданың инвестициясы жайлы сөз қозғағанда, №1 индустриалды паркті ең алдымен ауызға аламыз. Өйткені, Астанаға тартылған инвестициялардың 90 пайыздан астамы парк аумағындағы кәсіпорындарға түсіп, сол жерде негізгі мақсаттарға жұмсалады. Парк аумағындағы өндірістің негізгі үлесі ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен, экспортқа бағытталған кәсіпорындар да жұмыс істейді. Мәселен, «Локомотив құрастыру зауыты» акционерлік қоғамы 2010-2015 жылдар аралығында 292 «General Electric» тепловозын шығарған болатын. Соның ішінде құны 10,7 млрд теңге болатын 14 тепловоз экспортқа бағытталды. Оның көпшілігі Әзербайжан Рес­публикасына жөнелтілген. Бү­гінде бұл парк индустриалды инновациялық жобалардың алып қазанына айналды десек, артық айтқандық болмайды.
– «Alstom» өндіріс орны Франция технологиясы бойын­ша электровоз құрастырып жатыр, «ASELSAN Инжиниринг» Түркия компаниясының қатысуымен электронды-оптикалық құралдар өнді­рісін қолға алған, «Led system media» ЖШС-нің жарық­диодты өнімдері бүгінде елі­мізде кеңінен пайдаланылуда. Сондай-ақ индус­триалды парк аумағында «АБК Мақсат» ЖШС темірбетон өнімдерін шығаруды жолға қойып, «Кровля НС» ЖШС еліміздегі құрылыс нысандарын сэндвич-панельдермен қамтамасыз ету бағытына кіріскен. «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауыты өнімдері мен «КСС Астана» ЖШС-нің энергияны үнемдейтін және қауіпсіз шыны пакеттері де бүгінде үлкен сұранысқа ие. Бұған қоса, әйнекті өндірістік өңдеу зауыты да табысты жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Парк аясында жұмыс істеп жатқан ірі кәсіпорындардың бәрін ауызға алар болсақ, тізім мұнымен шектелмейді. Ең бастысы – елордаға тартылған инвестиция жоғарыда айтып өткен кәсіпорындардың өндірісіне құйылып, аймақтың экономикасын көтеруге сүбелі үлесін қосуда, – дейді Астана қаласы Инвестициялар және даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Исабеков.

КЕРЕК ДЕРЕК
Таяу уақытта №1 ин­дус­триалды паркте:
Металл құры­лым­дар мен «сэндвич-панельдер» шығару жөніндегі зауыт салу;
Болаттан жасалған металл құрылымдар шығару жөніндегі зауыт салу; «GEVO» дизельдік қозғалт­қыштар шығару зауытын салу;
Қазақстан Респуб­ликасында әскери және азаматтық техника өндірісін ұйымдастыру; «ZOJE» тігін жаб­ды­ғын және тоқыма өнімдерін шығару жөніндегі зауыт са­лу; «Weckenmann» неміс жабдығы технологиясы бойынша үй құрылысы комбинатын салу жоспарланған.
IMG_4035
Оның айтуынша, іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар №1 индустриалды парктің пайдалы алаңының 90 пайыз аумағын алып жатқан көрінеді. Индустриалды парк аумағында алғашқы қадамын бастап, бүгінде ел аузына ілігіп қалған кәсіпорындар да аз емес. Соның бірі – фо­тоэлектрикалық модульдерді шығаратын «Астана SOLAR» ЖШС. Бұл кәсіпорынның қадамы нықталуына инвес­ти­цияның тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Бірлескен кәсіп­орындардың ішінде тікұшақтар құрастыратын «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС жиі ауызға ілігеді. Тік­ұшақтар өндірісін дамытуда әлемдік сапа биігіне көтерілген Францияның белгілі компа­ниясымен біріккен бұл серік­тестік те әлемдік нарықта өз орнын айқындау бағытында тер төгуде. Осы өндіріс орнынан шығатын тікұшақтар соңғы заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Сондай-ақ, ол тікұшақтарды көптеген салаға пайдалануға болады.
Ал енді индустриалды парктің биылғы жоспарына келсек, оның да межесі биік екенін байқаймыз. 2016 жылдың соңына қарай №1 индустриалды парк аумағы толық жобалық қуатына шыққан кезде 1500-ден астам жұмыс орнын құру көзделген. Сол кезде жалпы құны 32,4 млрд теңгені құрайтын 6 ірі нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс ауқымы осылайша кеңейгенде №2 индустриалды парк жұмысқа кіріседі екен. Қазіргі уақытта «№2 Индустриалды паркін құру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар жүріп жатса керек.
ПІКІР
Қанат ИСАБЕКОВ,
Астана қаласы Инвестициялар және даму басқармасы басшы­сының орынбасары:
– Қазіргі таңда №1 ин­дус­триалды парктің ау­ма­ғында инвестиция кө­лемі 173,7 млрд теңгені құрайтын 58 индустриал­ды инновациялық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 21 кәсіпорын пай­да­лануға беріліп, жемісті жұ­мыс жасауда, 24 кәсіпорын құрылыс сатысында және 13 кәсіпорын жобалау са­тысында тұр. Құры­лыс сатысында тұрған кәсіп­орындардың қызығын кө­ретін күніміз де алыс емес. Бұйыртса, бірер жыл кө­лемінде бұл кәсіпорындар өз жұмысын бас­тайды. Индустриалды парк аума­ғындағы өндіріс, өнеркәсіп ошақтарының әрқайсысы – заманауи тех­нология негізінде құрыл­ған маңызды жобалар. Пай­да­лануға берілген кәсіп­орын­дардың ішінде «General Electric» зауыты АҚШ технология­сы бойынша локомотив құрастырумен айналысады, ал Patentes Talgo S.L. зауыты Испания технологиясы негізінде жолаушылар вагондарын шығару өндірісін дамыту үстінде.

Экспорттық бағыттағы жобадағы ең ауқымдысы – «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-нің өнімдерін атап өтуге болады. Бұл 2015-2019 жылдар аралығында Әзербайжан Республикасына жалпы құны 18,2 млрд теңге болатын 39 электровозды жөнелтуді жоспарлап отыр.
Индустриалды парк инвестицияларды қабылдап, көлемді істерді қолға алғаннан бері, 2010 жылдан бастап есептесек, ондағы кәсіпорындар 449,6 млрд теңгеге тең өнім өндіріп, қызметтер көр­сет­кен. Осы аралықта өнім экс­портының көлемі 10,7 млрд теңгеге жеткен болатын. Кә­сіпорындарда 2707 жұмыс орны құрылған. Кәсіпорындар қызметтерінен түскен салық көлемі 39,4 млрд теңгені құраған. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың бюджетке төлеген салығы есебінен бүгінде №1 индустриалды парк инфрақұрылымының құрылысы толығымен өтелген. Оған кезінде 19,8 млрд теңге бөлінген еді. Алғашқы кәсіпорындарды іске қосқан сәттен бастап есептегенде өнім өндірісі 50 еседен астам өскен.
Міне, инвестицияларды игеру арқылы екінші тынысы ашылған елорданың эко­номикалық көрсеткіші санаулы жылда осылайша еселенді. Әлемде инвестицияға қолайлы қала ретінде танылған Ас­тананың бұл бағыттағы шығар биігі әлі алда сияқты…

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − nine =