ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ

0 35

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану керектігін айтқан болатын.

Ол үшін Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындауды және қолдау шараларының аясын кеңейтуді ескертті.
– Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдалас­тықты бекіту үшін стратегия­лық инвестиция­лық келісім жасалады. Бұл – жаңа тәсіл. Осы бастаманы жыл соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі заң жобасы аясында жүзеге асырған жөн. Үкімет стратегиялық келісімдерге енетін жобалардың топтамасын 2021 жылдың сәуір айына дейін әзірлейді, – деді Президент.
Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін құрайды. Үкімет пен әкімдер осы әлеуетті барынша пайдалануы тиіс-ті.

Әлемдік індеттің әлегі

Бүкіләлемдік валюталық қордың есебі бойынша, COVID-19 індетінің әсерінен ғаламдық экономика $30 трлн жоғалтқан. Бүкіләлемдік банктің қаңтар айында жасаған баяндамасына сенсек, ғаламдық экономика 2020 жылы 2,5% көрсеткішімен өсуі тиіс. Ал біздің жақын көршілерімізге келсек, олардың даму қарқыны келесідей: Ресей ЖІӨ – 1,2%, Қытай – 6,1%, Өзбекстан – 5,3%. Бүкіләлемдік банк Қазақстанның дамуын 3,5% деп бағалапты.
Біз ғаламдық нарықтың ажырамас бөлігіміз, сондықтан оған тән тәуекелдер мен қатерлер еліміздің экономикалық әлеуетіне де әсер етпей қоймайды. Сол себепті Қазақстанның экономикалық және өнеркәсіптік саясаты мүмкіндігінше жан-жақты сараланып, ықтималды сын-тегеуріндер түгел ескеріліп түзілуі маңызды.
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің тоғыз айдағы әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы есеп бергенде бірқатар салалар бойынша өсу қарқыны байқалатынын атап көрсеткен. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі – 3,3%-ға, құрылыс – 10,5%-ға, тұрғын үй 9%-ға өскен. Ауыл шаруа­шылығында өнім өндіру 5%-ға артқан. Қазақстанның алтынвалюталық резерві мен Ұлттық қордың активтері ағымдағы жылдың 1 қазандағы көрсеткіші бойынша 91,1 млрд долларға жеткен.

Халықаралық  тәжірибелер  енгізіледі

Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда инвесторларға айтарлықтай жағымды жағдай жасалынған. Соның ең бастысы – салықтық жеңілдік. Сондай-ақ елімізде өздерінің жобасын іске қосатын көптеген шетелдік компаниялар электрондық үкімет жұмысының үйлесімділігін де атап отыр. Ол жобаға қатысты құжаттар мен лицензияны неғұрлым жедел және ашық түрде алуға мүмкіндік береді. Шетелдік инвесторлар іс барысында кездесетін түрлі мәселерді шешу бойынша «Kazakh Invest» ҰК»АҚ мамандарының кәсіби біліктілігін де жоғары бағалаған.
«Сіздердің елдеріңізде жаңа өндіріс ашу үшін қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Ресейде ҚҚС едәуір жоғары – 20%, ал Қазақстанда ол –12%. Екі елдің кіріс салығы бірдей, бірақ сіздерде компанияны үш жылдан кейін дивиденд салығынан босату мүмкіндігі қарастырылған. Сондықтан Қазақстанда инвестиция­лық климат жақсы» дейді Schneider Group бас директоры Кирилл Афанасьев.
Kazakh Invest өз кезегінде елде инвесторлардың проблемаларымен айналысатын және жаңа жобаларға шақыратын төрт алаң жұмыс істейтінін айтады. Оның бірі ҚР Президенті жанынан ашылған. Мұнда халық­аралық ассоциациялардың экономиканың кез келген саласы бойынша бизнес жүргізуге арналған бастамалары шоғырландырылған. Екінші алаңды премьер-министр басқарады, ол инвестклиматты жақсартумен айналысады. Ол 80% шетелдік өкілдіктерден құралған және бизнес пен биліктің диалогы форматында жұмыс істейді.
«Бүгінге дейін алаңға қырықтан астам өтініш келіп түсті. Олардың дені жедел оң шешімін тапты, енді біразы қаралып жатыр. Мұндай тәжірибе әлемнің бірде-бір елінде жоқ» деді «Kazakh Invest» ҰК»АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев.
Үшінші алаң – «Kazakh Invest» ҰК»АҚ. Мұнда шетелдіктерге қатысты ел заңдарының мұқият орындалуы қадағаланып, инвестиция тарту бойынша халықаралық агенттіктердің үздік тәжірибелері енгізіледі. Айта кетейік, 2018 жылдан бері 2020 жылдың қазан айына дейін ұлттық компанияға 2000-нан астам өтініш келіп түскен.
Ұлттық экономика минис­трлігінің жанынан ашылған төртінші алаң түрлі министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіреді. Мұнда барлық инвестициялық бастамалар мен инвесторлардың құқын қорғау туралы мәселелер алдын ала талқылауға шығарылады. Шетелдік инвесторлардың құқы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен АХҚО арбитраждық орталығында қорғалады, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында ағылшын құқы негізінде АХҚО соты жұмыс істейді.

Кім қанша  қаржы салды?

Қазақстанға 2020 жылдың екінші тоқсанында Еуропалық жаңғырту және даму банкі (ЕЖДБ) ең көп инвестиция салған – 184,2 млн доллар. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) 73,5 млн доллардың жобаларын қаржыландырған.
2019 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша халықаралық даму банктері Қазақстанға жалпы сомасы 874,5 млн доллар қаржы құйған. Ол мұның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 44,9%-ға көп. Оның 562,6 млн доллары ЕЖДБ-ға тиесілі.
2018 жылдың қорытындысы бойынша ЕЖДБ-ның Орта Азия мемлекеттеріне құйған жалпы инвестиция­лық портфелінің 44,2%-ын Қазақстан иемденген. Өзбекстан мен Моңғолияға тиісінше 37,2% және 9% көлемінде инвестиция салынған.
Жалпы еліміз тәуелсіздік алғалы Қазақстан экономикасының нақты секторларына ЕЖДБ 9,4 млрд долларға жуық ақша салған. Инвес­тициялардың қомақты бөлігі нақ кейінгі жылдары жүзеге асырылды.
ЕАДБ инвестициялық портфелінің құрылымында Қазақстанның үлесі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 36,4% құрады. Бізден тек Ресей ғана асып тұр – 47,1%. Бүгінде ЕАДБ-ның Қазақстандағы инвестициялық портфелінің көлемі 1,3 млрд долларға жеткен.

Елордадағы  инвестициялық  жобалар

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жақында өзінің «Инстаграм» парақшасында Инвестициялық кеңесте нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс қоймасының құрылысына қатысты жобалар қолдау тапқанын айтты.
«Кез келген қарқынды өсіп жатқан қалаға әлеуметтік нысандар да, азық-түлік кәсіпорындары да көбірек қажет. Инвестициялық кеңесте нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс қоймасының құрылысына қатысты жобалар қолдау тапты. Бұл шаралар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, нарықты жергілікті тауармен жабдықтауға, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Инвестиция мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесте – оқу орындарының (мектептер, балабақшалар), металл-пластик конструкцияларын шығаратын зауыттың, өндірістік-қойма үй-жайларының және басқа да бірқатар маңызды нысандардың құрылысына қолдау көрсетілді» деп жазды Алтай Көлгінов.
Қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елордада инвес­торларға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізе келіп, әрбір инвестициялық жоба экономикаға жеке инвес­тицияларды тартып қана қоймай, сонымен бірге қала мен тұрғындарға қажетті нысандар мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =