Интернет тұтқынына айналмайық

0 58

Бүгінде бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейін сымсыз смартфонмен сырласып, интернетті белсенді қолдануда. Әсіресе әлем халқын әлекке салған пандемия жағдайында ғаламтор қызметтеріне деген сұраныс сағат санап артты. Желден жүйрік желі қызметін тиімді пайдаланып жүрміз бе? Сан адамды сан соқтырған ақпараттық сауатсыздықтан қалай арыламыз? Желідегі ақпарат ашықтығының жеке бас пен қоғамға төндірер қаупі қандай? Кибершабуылға қарсы тұруға қауқарлымыз ба? Тәулік бойы ұялы телефоны уысынан түспейтін балаға бейжай қараудың соңы неге апарып соқпақ? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп көрелік.Оңай олжалы боламын деп опық жегендер

Елімізде интернет арқылы кәсібін дөңгелетіп, үйден шықпай-ақ нанын тауып, нәпақаға кенеліп отырғандар жеткілікті. Әлемжеліні ашсаңыз, трендке айналған тренинг өткізушілерден, өміріңізді оң арнаға бұрып, бай-дәулетті болудың қыр-
сырын үйрететін психологтар мен коучтерден, бармағынан бал тамған аспаздар мен адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен косметикалық заттарды жарнамалап жатқандардан көзіңіз сүрінеді. Instagram желісінің «жұлдызына» айналған блогерлер айына миллиондап табыс табуда. Халыққа лотерея билетін сатып, қаланың қақ ортасынан жаңа пәтер, қымбат маркалы автокөлік, құны жарты миллионға жетіп жығылатын ұялы телефондарды ұтысқа қойып, соңында өтіріктері ашылған эстрада жұлдыздарының да басы дауға қалғаны туралы ақпараттар желіде желдей есті. Сондай-ақ «онлайн табыс табыңыз» деп жарнамасы жарқырап тұрған алаяқтардың арбауына түсіп, қалтасы қағылғандардың қарасы көбейген. Соңғы уақытта телефонымызға толассыз түсіп жататын хабарламалардың ішінде белгілі брендтер мен танымал сауда дүкендерінің атын пайдаланып, «қомақты сома, тұрмыстық техника мен ұялы телефон ұтып алыңыз» деп ұрандаған мәтіндерді көзіміз жиі шалады. Ақпараттың ақиқатына көз жеткізіп жатпастан, бір-біріне жолдайтын желі қолданушыларының өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне зияны тиіп кетерін ескермейтіні өкінішті. Осындайда таяқтың бір ұшы ақпараттық сауатсыздыққа келіп тиеді. Ақпараттың түп төркіні қайдан шықты, ресми дереккөзінен алынды ма, шындыққа қаншалықты жанасымды деген сынды сауалдарға бас қатырып жатпайды. Ал ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтердің, әлеуметтік желілердегі жазбалардың рас-өтірігін тексеретін кәсіби журналистер мен әр саланың эксперттерінен құралған www.factcheck.kz және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен құрылған www.stopfake.kz жобалары өз жұмысын сәтті жүзеге асыруда. Алайда бұл жөнінен БАҚ өкілдері болмаса, қара халықтың хабары аз. Сондықтан да ағылған ақпараттың ақ-қарасын айырмай, жұртшылыққа жария етіп жіберсеңіз, аяқасты айыпты болып, заң алдында жауап беруіңіз бек мүмкін.

Сақтансаң сақтайды

Әлеуметтік желілерде тіркелген қолданушылардың өзі туралы толық мәліметті ашық жариялап қоюы – «жемтігін» желіден іздейтін алаяқ не қылмыскер үшін таптырмас мүмкіндік. Құрығына түскенді құр жібермейтін қылмыскер құрбанының қаражатын қымқырумен қанағаттанбай, қара басына қауіп төндіретіні тағы бар. Қолына қару алып, қантөгіс жасамай-ақ қыруар қаржы мен маңызды құжаттарды қолды ететін қылмыс­керлерді хакерлер десек, интернет арқылы жасалатын алаяқтық фишинг атауымен қолданыста. Қарапайым адамдар мен мемлекеттік мекемелердің меншігіне қол сұғатын хакерлер тарапынан болатын қылмыстар көптеген компаниялар мен банктерді белшесінен шығынға батыр­ғаны туралы ақпараттар аз емес. Кибершабуылдардың өршіп, қалың өрттей қаулауы күн тәртібіндегі мәселелердің біріне айналды. Аталған қылмыс түрінің алдын алу мақсатында біздің еліміз де 2017 жылы Киберқауіпсіздік тұжырымдамасын («Қазақстанның киберқалқаны») бекітті. Негізгі қағидаттарына жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сақтау, тұлға, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АКТ саласының әлеуетін дамыту және тағы басқалар жатады. Десе де интернет арқылы алаяқтық жасайтындарды құрықтау оңай шаруа емес. Себебі хакерлердің қара күштен гөрі ақылға арқа сү­йеп, әккі әрекетін виртуалды әлемнен іске асыратынын ескерсек, екіншіден, ізін жасырып үлгеретін тісқаққан қылмыскер тіпті өзге елдің тұрғыны болып шығуы да ғажап емес.
Қырық түрлі қулыққа баратын хакерлердің торына түспес үшін WhatsApp, Telegram, Instagram мессенд­жерлеріне жиі келетін ойын­дарға қатысып, сауалнамаларды толтырудан, жеке дерегіңізді жіпке тізіп сұрайтын жалған қоңыраулардан абай болыңыз.

Адасқанның алды жөн, арты соқпақ

Сондай-ақ интернеттегі ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін теріс пиғылдағы террорлық топтар мен діни-экстремистік ұйымдар ұтымды пайдаланады. Дүние жүзін дендеген дерттің салдарынан табысынан айырылған жандар қу тіршіліктің қамы үшін қандай жұмысты да жасауға әзір. Бұл ауыр ахуал алаяқтар, қылмыскерлермен қатар, бөгде дінді дәріптейтіндерге қолайлы болып тұр. Дәстүрлі дініміз – исламның атын жамылып, оң-солын толық танып үлгермеген жасөспірімдермен қатар ақыл тоқтатқан азаматтарымыздың да санасын улау­да. Радикалды ұйымдар әсіресе жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қолдаушыларының санын көбейту мақсатында қаржылық көмек көрсетеді. Табан ақы, маңдай термен нан табуды құп көрмейтін жастарымыз осы тұста осалдық танытып, тура жолдан тайқып жатады. Бұл – онсыз да ат төбеліндей аз қазақтың арасында арандатушылық тудырып, жік-жікке бөлетін, қоғам біртұтастығын бұзатын зор қауіп. Қауіпті болдырмау және балаға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін Білім және ғылым министрлігі мектеп бағдарламасына «Зайырлылық және дінтануды» міндетті пән ретінде енгізіп, бүгінде барлық жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқытылып келеді. Алайда жат ағымның жетегінде кеткендер саны артпаса, азаймай тұр.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейтін халық даналығы. Иә, қателікті қайталамау, сынақтан сабақ алу – саналы адамға тән қасиет. Ендеше, сауатты қоғамды саналы адамдар қалыптастырады.

Смартфонды серік еткен цифрлы ұрпақтың сиқы

Мектеп оқушыларының ұялы телефондарды қолдануы оқу жүйесі онлайнға ауыспай жатып-ақ қалыпты жағдайға айналған-ды. Телефондар әу баста байланыс құралы қызметін атқарды, кейін келе бірнеше функцияның басын біріктірген бірегей де әмбебап дүниеге айналды. Қызылды-жасылды әлемімен қызықтыратын үздік технология бала тұрмақ, үлкенді үйіріп алды. Телефоннан бас алмайтын, қолынан алсаң, байбалам салатын балаларға көзіміз үйренген бүгінде. Психолог мамандар бұл құрылғыға құмарлық шынайы қарым-қатынасты жойып, күйзеліске, сананың психикалық ауытқуына әкеледі десе, дәрігерлер смартфон сәулесі баланың көз жанарын әлсіретіп, жүрек пен ми қызметін бұзады деп дабыл қағуда.
Бауыр еті баласының смартфонға басыбайлы бағынышты болғанын қай ата-ананың да қаламайтыны анық. Ол үшін балаға арнайы уақыт бөле сырласып, қызығушылығы мен қабілетін байқап, білім жетілдіретін курстар мен спорттық ойын­дарға баулыса, бұл тығырықтан да шығуға болады.

Інжу ШУКЕЙ, дінтанушы, сарапшы:

– Жат ағымға ерушілердің көбеюіне тек олардың тарапынан болатын қаржыландыру ғана емес, діни сауат­тылықтың болмауы, адамдардың рухани аштығы, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы сияқты факторлар себеп болып жатады. Ғаламтор арқылы әсіресе пандемия уақытында радикалды топтардың өз ілімдерін насихаттауы күшейе түскені рас. Дегенмен мұның алдын алу үшін бүгінде тек орта білім ордаларында сіз айтқан пән сағаттарын кіргізуден бөлек, мемлекет тарапынан бірнеше шаралар қолға алынған. Мысалы, біз сияқты дінтанушы, теолог мамандарды ЖОО дайындап шығаруының өзі – ерекше шаралардың бірі. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді 24/7 режимінде бақылауда ұстап, жалпы елдегі діни ахуалға мониторинг және талдау жүргізетін орталықтар мен мекемелердің болуын да атауға болады.

Гүлнұр САПАРОВА, психолог:

– Адамзат қоғамының дамуы, ғылыми жаңалықтар мен түрлі прогрестер бізге керек және әрбір жаңа өнертабыс өмірімізді едәуір жеңілдетеді. Дегенмен интернеттің қарыштап дамуы өзімен бірге қоғамымызға қазіргі заман індеті ретінде атауға болатын «фаббинг» ұғымын алып келді. Фаббинг – ағылшынның «телефон» және «немқұрайлылық» деген екі сөзін біріктіретін, адамның тірі қарым-қатынасқа қарағанда гаджетті маңызды деп табуы, уақытының көп бөлігін телефонға үңілумен өткізуі. Сәйкесінше бұл індет адамның уақыт менеджментін бұзады, прокрастинацияның орын алуына алып келеді. Осыған орай, интернет желілерін тиімді пайдалануға үйрететін ағарту іс-шараларының жиірек ұйымдастырылуы, кейбір зиянды сайттарға тыйым салу жұмыстарының жүргізіліп отырғаны жөн.

Қымбат ДОСЫБЕКОВА

P. S:  Заман көшінен қалмау, техника тілін білу, білім жетілдіру, өнер үйрену – бүгінгі күннің талабы. Алайда өрелі ұлт болу үшін тәрбиені салт-дәстүрмен сабақтастыру, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің мәйегінен нәр алып, рухани құндылықтарды бойымызға дарыту басты орында екенін естен шығармағанымыз абзал. Ал өмірімізден өзіндік орнын ойып алған интернетті игілікке тұтыну не тұтқыны болу өзіңізге байланысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + three =